• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Наурыз, 2019

Заңсыз сауданың ақыры – түрме

947 рет
көрсетілді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысының аумағында ұзақ уақыт бойы Қытай азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырып, басқаша айтқанда, еліміздің азаматтығын сатып келген полицияның лауазымды тұлғаларының ісін ақырына дейін жеткізіп, жуырда кінәлі деп танылған тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты.

Тараз қалалық №2 соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, көші-қон полициясының бұрынғы басшылары Қытайдың 163 азаматына заң талаптарын сақтамастан «оралман» мәртебесін, оның ішінде ұйғыр ұлтының 65 өкіліне ұлты «қазақ» деген төлқұжат ресімдеп берген. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті бас­пасөз қызметінің деректеріне қара­ған­да, Көші-қон полициясының бұрын­ғы басшысы А.Зейдалиев пен оның орынбасары Б.Наурызбаев және орта­дағы дел­дал қызметін атқарған Қытай Халық Республикасынан шыққан У.Си­лам­бекпен бірге қытайлықтарды «қазақ­тандыруды» жолға қойған. 

Cотталғандар 2013-2016 жылдар аралығында Қытайдан Қазақстанға 170 адамның заңсыз кіруін ұйымдастырған. Бұл «еңбектері» үшін полицияның аталған лауазымды басшылары арадағы делдалдан әрбір шетелдік үшін 50 мың теңгеден алып отырған. Оның ішінде У.Силамбек Қазақстанға келген соң тұрақтап қалуға қажетті құжаттарын жедел түрде және кедергісіз, тиісті рәсімдерді сақтамастан алғысы келетін адамдарды іздестіріп, олардың бастапқы құжаттарын жинақтауға көмектескен. Сондай-ақ Жамбыл облысының аумағындағы белгілі бір мекенжайға тіркеу мен медициналық анықтамаларды қолдан жасатып отырған. Бұл қызметі үшін делдал әрбір шетелдіктен 80 мың мен 150 мың теңгенің аралығында қаржы алып келген.

Жамбыл облыстық полиция депар­­таментінің мәліметінше, аталған заң­сыз әрекет негізінен 2016 жылы анық­тал­ған. Жалған құжат жасаумен ай­налы­сып, заңды белшесінен басқан шенеу­ніктер сол кезде қызметінен бо­са­тылып, қамауға алынған. Сол жы­лы сот үкімі де шыққан. Алайда уақыт өте бұл салаға қатысты тағы бірнеше заң­сыз­дықтың беті ашылып, құзырлы органдар қайтадан қылмыстық іс қозғаған. 

Сөйтіп Тараз қалалық көші-қон полициясы бөлімінің бұрынғы бас­шысы А.Зейдалиев Қылмыстық Кодекс­тің 361-бабы, 4.4-бөлімі, 3-тар­мағы «Ауыр салдарларға әкеп соққан лауазымдық уәкілеттілікті теріс пайдалану», 394-бабы 4.2-бөлімі «Адамдар тобының алдын ала сөз байласып, заңсыз көші-қон ұйымдастыруы» бо­йынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге, ал оның бұрынғы орынбасары Б.Наурызбаев Қылмыстық Кодекс­тің 361-бабы, 4-бөлімі, 3-тар­мағы, 394-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. 

Сонымен қатар олармен сыбайлас болған У.Силамбек Қылмыстық Кодекстің 394-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталды. 

Сотталған Б.Наурызбаев пен У.Силамбек үкім жарияланғаннан кейін сот залында қамауға алынды. Ал А.Зейдалиевке қатысты бұрын қамау шарасы қолданылған болатын. 

Қазіргі уақытта Қытай Халық Рес­пуб­ликасының азаматтарына заңсыз берілген Қазақстан Респуб­ликасы аумағында тұруға құқық беретін ресми құжаттардың күшін жою туралы мәселе шешілуде. Сөйтіп үш жыл бұрын әшкере болған заңсыздықты ұйымдастырушы топтың ісіне нүкте қойылды. 

Бет қатталып жатқанда, Түркістан облысы Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкері М.Жұмаділов­тің де осы тақылеттес қылмыс бо­йын­ша істі болғандығы туралы хабар жетті. Дәлірек айтқанда, ол Өз­бек­стан азаматының біздің елде тұру ықтиярхатын ресімдеуде жәр­дем көрсеткені үшін 260 мың теңге мөл­шерінде ақшалай қаражат алу кезінде ұсталған. Бұл қылмысты да Ұлттық қауіпсіздік комитеті әшкереледі. 

Нәтижесінде, М.Жұмаділов Мақ­та­­арал аудандық сотының үкі­мі­­мен Қылмыстық Кодекстің алаяқ­­тық қылмысы бойынша кінәлі деп танылып, оған 2,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Хамит ЕСАМАН, 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»