Қарағанды облысында жұмыспен қамту орталықтарының жылжымалы мобильді топтары көп балалы және аз қамтылған, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға душар болған отбасыларына көмек қолын созу ісінде қарқынды жұмыс істеуде. Бұған облыс басшылығы да жіті назар аударып, жалпы жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр.
Таяуда облыс әкімі Ерлан Қошанов Бұқар жырау ауданындағы Чкалов және Садовое ауылдарындағы көп балалы отбасыларға арнайы барып, жұмыспен қамту орталықтарының мобильдік топтары қалай жұмыс істеп жатқанын тексерді. Өңір басшысының өзі ауыл тұрғындарына 1 сәуірден бастап жәрдемақының қалай өсетінін, мемлекет тарапынан қандай көмек алуға болатыны жайында әңгімеледі.
Бұқар жырау ауданында тұрғындармен болған кездесу барысында атаулы әлеуметтік көмектердің қалай есептелетінін, оны кімдердің ала алатынын, оған қандай құжаттар керек екенін нақты мысалдармен егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Байт Апейдің отбасы қосалқы аула шаруашылығын есептегенде атаулы әлеуметтік көмек ретінде 10 мың теңге алып келген. Ал енді, 1 сәуірден бастап ай сайын жәрдемақы көлемі 95 мың теңгеге дейін өседі. Қаржылық қолдаудан бөлек, бұл отбасында жұмыспен қамту мәселесі де шешілді. 38 жастағы отағасының ешқандай мамандығы болмаған. Жұмыспен қамту орталығының мамандары оған қай жерде тегін оқуға болатынын, одан кейін тұрақты жұмысты қалай табу керектігін айтып берді.
– Біздің төрт баламыз бар. Жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ, мен үй шаруасындамын. Баспана жалдап тұрамыз. Енді Мемлекет басшысының арқасында мемлекеттен алатын жәрдемақымыз көбейді. Егер күйеуім жұмыс тапса, болашақта өз үйіміз болады деп ойлаймын. Біз бұл мүмкіндіктер туралы мүлдем білмеген едік, енді міне мамандар түсіндірді, тегін оқу жөнінде айтты. Мен қазір кішкентай баламмен үйде отырмын. Күйеуімнің білімі жоқ еді, оқуға жіберемін. Одан кейін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз деп уәде етті, – дейді отанасы Бира Ақерхан.
Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың көбі ипотека алу мүмкіндігі туатынына қуанышты екендіктерін жеткізді. Егер отбасының бір мүшесі жұмыс істеген жағдайда бұл мүмкін болады.
Татьяна Глушконың отбасы жақында Чкалов аулына көшіп келген. Бұрын ол атаулы әлеуметтік көмекті мүлдем алмаған. Татьяна жалғыз өзі 4 баланы тәрбиелеп отыр және асыраушысының қайтыс болуына байланысты берілетін 70 мың теңге жәрдемақыны алып келген. Енді бұл отбасы қосымша 90 156 теңге алатын болады.
– Әзірге мен жұмыс істемеймін. Кішкентай қызыммен үйде отырмын. Үлкен балаларым мектепте оқиды. Біздің Президентке көп балалы отбасыларының жағдайын ойлап жатқанына алғысымды білдіремін. Бұл үлкен қолдау. Теміртаудың ескі қаласындағы балабақшаның құрылысы аяқталған соң қызымды сонда беріп, өзім жұмысқа орналасамын. Бұл үшін алдымен оқу оқимын деп жоспарлап отырмын. Маған тегін оқу туралы айтып берді, – дейді Татьяна.
Бұқар жырау ауданында жұмыспен қамту орталығының жылжымалы мобильді тобы бір ай ішінде 29 елді мекенге барған.
– Біз әр отбасымен жеке жұмыс жүргіземіз. Қандай мәселелері бар екенін анықтаймыз. Күн сайын 4-5 елді мекенге барамыз. Күніне 140-150 адамға кеңес береміз, – дейді Бұқар жырау ауданының жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Жүнісова.
Қарағанды облысында бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталықтарының жылжымалы мобильдік топтары аймақ бойынша нәтижелі жұмыс істеуде. Мамандар үй-үйді аралап, 1 сәуірден бастап көмек қалай төленетіні туралы айтып қана қоймай, бизнесті дамыту үшін қайтарымсыз несиені қалай алуға болатынын, қайта оқудан өту және жұмыс табу туралы ақпаратты жеткізуде. Бұдан бөлек, әр үйдің мекенжайлық әлеуметтік картасы жасалуда. Онда отбасының барлық мәселесі көрсетіледі. Осылайша аймақта көп балалы, аз қамтылған және өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасылар анықталу үстінде.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды облысы