Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында Семейде Кеңес Одағының батыры, мерген Әлия Молдағұлованың ерлігін ел есінде қалдыру мақсатында оқушылар арасында мергендер сайысы өткізілді.
Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы, Әскери-патриоттық тәрбие орталығы, қалалық Ішкі саясат және Білім бөлімдері бірлесе ұйымдастырған бәсекеге шаһардағы 7–11 сыныпта оқитын 150-ге жуық оқушы қатысты.
Сайыс екі кезеңді қамтып, алғашқы кезеңде мергендер мылтық атудан сынға түссе, екінші кезеңде алғашқы медициналық көмек көрсету шеберліктерін таразыға салды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер кубоктар мен мақтау қағаздарымен марапатталды. Ал екінші кезеңнен үздік болып танылған командаға Семей қаласындағы «Қазақстан Республикасының Қызыл Ай Қоғамының медбикелік күтім ауруханасы» мекемесі өз атынан жеке кубок табыстады.
Жалпы командалық есепте Шәкәрім атындағы мектеп-гимназиясының қыздары топ жарса, Назарбаев зияткерлік мектебі мен №41 орта мектебінің қыздары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
СЕМЕЙ