Кешкілік көше-көшедегі кептелістер сейіліп, күні бойғы у-шу саябырсып, таң атқанша созылатын түнгі думандар өз кезегін күтіп тұрған шақта мынау қаланың аз да болса еркін тыныстап, ақырын ғана ыңылдап ән салатын тамаша бір сәті туады.
Биік-биік үйлердің терезелерінен жымыңдап, бірінен соң бірі оянып жатқан көңілді шамдар күлімсіреп, қызылды-жасылды перделердің тасасынан сыртқа қуана-қуана сығалайды. Аппақ қарға оранған ақпанның аязынан беттері қызарып, бойлары тоңазып келіп, жып-жылы ұядай пәтерлерінің табалдырығынан аттай бере ищай деп тітіркеніп, сырт киімдерін шешіп жатып өздерінің бүгінгі тіршіліктеріне іштей есеп беріп, жеңіл ғана тыныстап, иә болмаса, терең күрсініп жататын жұрттың қылығы біртүрлі қызық та күлкілі көрінеді.
Қызық дейтініміз – ертең де осынау тынымсыз тіршіліктің бүгінгідей жалғаса беретіні, ал енді, күлкі шақыратыны – міне, осындай бір-біріне ұқсас күндердің оларды жүйрік пойыздай зымырап әлдеқайда алып бара жататындығы...
Әйткенмен, осы бір тынымсыз, тойымсыз тіршіліктің де аз-кем аялдап, тыныс алатын сәті болады. Айталық, ертең өзіңізді жалықтырған күнбе-күнгі жаттанды маршрутыңыздан жаңылып, сүйікті жарыңызбен немесе сырлас досыңызбен бірге театрға барыңызшы.
Құдай ақы, сіз де демаласыз, сізді мазалаған тіршілік те демалады.
Шын айтам. Маған сенбесеңіз, әдейілеп барыңыз, көріңіз.
Иә болмаса, Концерт залына кіріп, ән тыңдаңыз. Көңіліңіз сергіп, қанаттанып, көк аспанға самғап қайтқандай боласыз.
Әй, бірақ... Дейсіз ғой. Білем. Концерттен шыққан соң да сол баяғы күйбің-күйбің тіршілік есік алдында күтіп тұрады.
Келісем. Иә, иә, толық келісемін. Ендеше, сол тынымсыз тіршіліктің өзін де театр деп қабылдайық. Сонда бәлкім, ол да қызық болып көрінер.
Тек әйтеуір, алдыңызға биік-биік мақсат қойып, асқар таудай асыл армандарға жетуге ұмтылыңыз.
Себебі, Ұлы өнердің ең ардақты міндеті де сол емес пе?!
Нұрғали ОРАЗ,
«Egemen Qazaqstan»