• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2019

Наурыз нақыштары – жаңа үлгіде

1589 рет
көрсетілді

Наурыз – көшпелі түркі халықтарының, оның ішінде киіз туырлықты қазақ танымында ерекше мейрам екені белгілі. Әдетте, аталған мерекені бұған дейін елімізде 22 наурыз күні тойлап келсек, биылдан бастап, қазақтың тағы бір ерекше салты – көрісу күні, яғни амал айымен ұштастырып 14 наурыздан бастап тойлау дәстүрі қолға алынып отыр.  

Кеше Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің мұрындық болуымен «Қазақконцерт» сарайында дүбірлі дүниені дүр сілкіндірген думанды кеш­ өтті. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлтымыз­дың ұлық мерекесі – Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өтуді ұсынғанын білеміз. Министр өз сөзінде заман та­ла­­бына сай Наурыздың форматын тү­бе­гейлі өзгерту қажет екенін жан-жақ­ты түсіндірген болатын. «Нау­рыз­­­дың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қа­сиет беретін түрлері өте ерек­ше. Сон­­дықтан Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұл­тына, діни сеніміне қарамастан, адам­гершілік құн­дылықтарға мән бере отырып, Қазақ­стан халқы түгел қам­тылатындай маз­мұнын жасау керек», деп атап өтті ми­­нистр. 

Сондай-ақ министрлік тарапы­нан бұл мерекені балалардың көз қуа­нышына айналдырып, оқушылар­дың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атри­буттық белгісі, эмблемасы һәм сим­воликасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу т.б құндылықтарын дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киім­дермен қарсы алу керектігі де алға тартылғаны мә­лім.

Тағылымды кештің беташар сөзін­де вице-министр Ақтоты Райым­құ­лова наурыз мерекесі ұлт­тық деңгейде  елі­­міз­дің егемендік алған жылдарынан бері қарай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ерекше той­ланып келе жатқандығын атап өтті. 

«Ұлтымыздың  мәдени мұ­ра­ла­ры рухани жаңарып, жаңғырып отыруы керек. Барлығымыз бі­ле­тін­дей, көрісу, амал ету күнімен ас­­тас­тырылған төл мейрам жаңа ба­ғыт­қа жел­кен кермек. Аталған мейрамда биыл негізінен мүм­кіндігі шек­теулі жандарға, көп балалы ана­ларға арнал­ған түрлі сыйлық пен ме­ре­келік көңіл күй сыйлауды қолға алып отырмыз», деді А.Райымқұлова.

Биылғы жаңа жобаның жоғары дең­гейде өтуіне «Хабар» агенттігінің де қосар үлесінің ерекше екенін атап өт­­кен жөн.

«Ұлыстың ұлы күні» іс-шарасын ерекше дейтін себебіміз де сол, жоба шеңберінде көрермендер ұлт­тық салт-дәстүрлер мен спорттық ойын­дардың, ақындар айтысын, ха­лық әуендеріне құрылған ән шашу мен күй тартысы сынды ұлттық мәде­ниетіміздің озық үлгілерін тамашалай отырып, Жаңа жылда орындала­тын кейбір нышандарды ұлттық мен­талитетімізге икемдегені көңілге қо­на­ды. Мерекелі күнде «Қазақстан» кон­церт залының үлкен сахнасы мен дәлізінің декорациялары ерекше сән-салтанатпен безендірілген киіз үй үлгісінде ұсы­ны­луының өзі сауықтың сәнін артты­ра түскен. 

Көрермендер алдымен Ер Төстік, Алдар көсе, Шықбермес Шығайбай, Тазша бала сынды қазақтың аңыз-ертегілеріндегі кейіпкерлердің жаңа образдары ұсынылған театрлан­ды­рыл­ған көріністі тамашаласа, одан кейін сахна төріне шыққан қазақ эс­тра­дасының белгілі әншілері мен топт­арының өрелі өнерлеріне қол соқты. Бұған қоса, концертте «Астана мюзикл» мемлекеттік театры үздік мюзиклдердің үзінді­лерін ұсынды. Айта кетуіміз керек, өнердің озық үл­гілерінің халыққа қолжетімділігін қам­тамасыз ету мақсатында «Қазақ­концерт» «Ұлыстың ұлы күні» мере­келік іс-шарасының 400 билетін қайы­рымдылық мақсатта әлеуметтік дең­гейі төмен көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жан­дарға, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарту етті. 

Түйіп айтқанда, наурыз нақыш­тарының жаңа үлгісінен бірлік пен татулықтың, береке мен ырыстың нәзік те жылы лебі есіп тұрды.

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»