• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Наурыз, 2019

Есенқұл, Есен, Ешо...

2070 рет
көрсетілді

Серікбайұлыевичтің кім екенін білесіз бе?

Есенқұлдың анасы Елизавета Яков­левна елгезек ұлын еркелетіп «Есен, Есенім» деп еміреніп отыратын. Ал редакциядағы құлын-тайдай тебіскен әріптестері үшін оның есімі – Есенқұл да емес, Есен де емес, жай ғана Ешо еді! Неге Ешо? Әр тілші жазған мақаласының бұрышына қол қоюға міндетті, редакция тәртібі солай. Есенқұл да машинкаға басылған ақ парақтың бұрышына күнделікті «Е.Жақыпбеков» деп белгі салады. Ондағы бастапқы «Е» әрпі параққа анық түседі. «Ж»-сы «Ш»-ға айналады, ал үшінші әріпті айналдырып, қайырып тастай салады. Құбылысты қалт жібермей байқаған фототілші, ол да ақын, Сейітхан Молдахметовтің сол иректі «оқып», тапқырлықпен «Ешо» деп қойған аты ғой бұл. Ешоның әскери билетіндегі аты-жөні «Жақыпбеков Есенқұл Серікбайұлыевич» еді. «Әдейі қазақшалап Серікбайұлы деп жазғанымды, көрдің бе әскери кең­седегі кеңкелестердің қалай түрлен­діргенін?! Опасыздар ғой!» деп кү­йінетін. Ол рас – кеңкелестер!..

«Брежневтің жиенінің» достық әзілдері

Жыл сайын желтоқсанның 19-ын­да Есенқұлдың, өзі айтқандай, «на­ғашысы» – КСРО-ның Бас хатшысы Брежневпен бірге оның да туған күнін атап өтетінбіз. Кеңес Одағы патшасының есімін әзіл-сықаққа «қорықпай» қосқан тұңғыш қазақ ақыны Ешо шығар. Бірде аудан­дық газеттің редакторының орынбасары Жұмағали Жұмаділов ағамыз кеңсеге судай жаңа костюм-шалбар киіп келді. Мұндай оқиға өте тосын құбылыс саналатын. Өйткені бес жылда бір костюм, он жылда бір паль­то киетін кеңестік дәуір емес пе?! Әріп­тес ағалардың қолқалауымен Есен­құлдың сондағы жазған достық әзілі былай болып келеді. 

Кигеніңіз импорттан, Шетелден келген жандайсыз! Жұрт сүйсініп жүр сырттан, Брежневтен аумайсыз!

Есенқұлдың тапқырлығы мен қуа­­­қылығына орай редакторымыз мере­келік нөмірлерге ауданның маң­дайалды еңбек озаттарына арнап «Дос­тық әзілдер» жаздыратын әрі онысы тәп-тәуір шығатын. Ұжымдағы тілші қаламын қолына бізден әлде­қайда ерте ұстаған Жұмағали, Ер­кін, Жұматай, Жолдасхан, Мұхамет­жан, Базарбек ағаларымыз жас пе­рі­ Есен­құлдың өткір әзілдегі адуынын көріп «Достық әзіл» жазуға де­ген бұрынғыдай ын­тызарлығын «ұмытты». 

Сейітханның көк пальтосы

Қыстың күні еді. Сейітхан жұ­­мыс­қа судай жаңа көк пальто киіп кепті. Ол көк пальто бірден көп­­ші­ліктің көзіне түсті. Әдемісі әде­мі-ақ, бірақ әдемі пальтоның екі иы­ғы сәл салбырап, төмен тартып тұр­­ды. Әйкен жеңешеміздің екі же­ңін білдіртпей ішке қайырып тігіп, кү­йеуі­не күштеп киігізіп жібергенін бай­қап қойдық. «Шап-шақ екен» деп шу ете қалғанымызбен, Сейітхан да құнжыңдап, ағалардың қошемет сө­зін құлағынан асырып, дәстүрлі «жуып жіберуге» асыға қоймады. Нө­мір шығатын күн. Жұрт қарбалас. Есенқұл «Газет – бұқараның органы» деп аталатын ауыл-село тілшілеріне арналған 4-ші бетті дайындап жатқан. Уақыт тар. «Бір шумақ жаз, бір шумақ жаз, жудырамыз» деген жаушыларға мұрнына су жетпей жатқан Ешоның сондағы «күйіп кеткендегі» жазған бір шумағының екі жолы:

«Сейітханның өзіне құйып қойған көк пальто, Жұматайдың көзіне күйік болған көк пальто», – боп соңғы жолы «...жуылмай кет, көк пальто» деп біткені ғана есімде қалыпты.

Ешо жазған мерекелік «Достық әзілдерді» аудандық партия комите­тінің хатшысы алдыртып оқып, содан соң ғана газетке басуға рұқсат ететін. Ешоның тілінің тотияйыны ба­ры біліне бастады. Аудандық партия комитетімен текетірес сол кезде шық­ты. 

Есенқұл Жақыпбековтың лирика­лық жырларын басына жастанып, сүйсініп оқитын бүгінгі ұрпақ әде­биет­тің әзіл-сықақ жанрында ақын­ның есесі кеткенін білмейді-ау, әттең!.. 

«Табақ-аяқ жуып фототілші болмай-ақ қояйын!»

Сейітхан фототілші, мен жауапты хатшы – екеулеп Ешоны фото өнеріне баули бастадық. Біріншіден, бұл әр тілші фото ісін меңгеруі тиіс деген редакторымыз Әбілғазы Тоғызбаев ағамыздың тапсырмасы. Екіншіден, «Ертең ҚазМУ-ге оқуға түссең журналистика факультетінде Редькин есімді фото ісінен сабақ беретін «қы­зыл көз» оқытушы бар, одан сынақ тап­сырмайынша саған күн жоқ деп «пы­сықсынған» мен. Ақындығы бір төбе, жазуы өте жақсы, нағыз фельетон­шы Ешоға тек осы кәсіпті игеру ғана жетпей тұрған. 

Арада апта өтпей Ешом алдыма қисайып кеп тұр. «Не болды?» «Табақ-аяғын жуғызып қойды!». Де­реу екеулеп Сейітханның бөлмесіне дау­ласпаққа барайық. «Ешо, фото ісі айқындауыш пен бекіткіш ерітінді салатын табақтарды жуудан бас­талады, менің қолым тимей жатыр, шая сал дегем, жеңін түріп қо­лын суға малғаны сол... кенет, ер­­­тоқымын бауырына алып, тулап фотолабораторияны­ тас­­тап, шы­­ғып кетті.» Сақаңның 3-4 жас үлкендігі бар, айтқанын жөнге ба­лап, Ешоға бұрылдым. «Осы күнге дейін Меңсұлудың табақ-аяғын жуып көрмеппін, енді қалғаны химикат са­лынған табақ жуу ма... ҚазМУ-іңе түс­пей кетсем де...» деп бір бұрқ етіп ба­сылған Ешо, әдеттегідей, әңгіменің аяғын әзілге айналдырып жіберді. Фотоүлдір салатын төрт бұрышты та­бақ­тар жуылмай қалды, Ешоның өзі де фото ісіне қайтып жуымай қой­ды... 

«Сен жүрген жер, әйтеуір, Отан соғысы!..»

Азанда сап-сау, түс мезгілінде үйіне ас ішуге кеткен, ақсары Ешоның көзінің айналасы көкпеңбек боп кө­геріп келді. Домбығып ісіп тұр. «Не болды, не болдының» астына алып, шыр-пырымыз шықты. «Ей, қойшы, әшейін...». Тіс жарар емес. Қас қыл­ғандай тура осы арада «Редактор бә­ріңізді жиналысқа шақырды» деген хабар түсті. Бас-басымызға тапсырмасын үйіп-төккен Әбілғазы ағамыз қал­қада отырған Есенқұлды іздеді. Фельетонға лайық ерекше нысан бар екен... 

– Әй, андағы, көзің не?!

Тым-тырыс бола қалдық. Не күл­генін, не мұңайып тұрғанын білмедік, Ешо орнынан асықпай тұрып, дом­бық­қан ақсары жүзін оң қолымен көлегейлеп «Мына Қарақыстақтың балалары... автовокзалдың шаңын қағып... қойша қуып, жапырып жүр екен. Соған мәз боп қарап тұрғам... Көктен түсті ме, біреуі өңмеңдеп кеп қапты, өй-й... мен қазақпын деген­ше болған жоқ, салды да жіберді. То­палаң боп кетті...».

Әскерге көктемгі-күзгі шақыру ке­зінде түкпірдегі Қарақыстақ, Аман­гелді, Қастек ауылының балалары аудан орталығы Ұзынағаштағы ав­то­вокзалды қыран жапқандай етіп «са­бап» кететін «жаман» әдеті бар еді. Қап­таған милиция ысқырып, «ЛАЗ»-дар гүрілдеп, құрбы-құрдастарын әс­керге шығарып салушы жастарды, үш автобусқа әрең күштеп мінгізіп, әлек боп ауылдарына аттандырып жататын бұл «у-шу» баршаға аян жайт бо­латын... 

– Өй, Есенқұл-ай, осы сен жүрген жер, әйтеуір, Отан соғысы болады да тұрады... 

Жұрт жарыла күлді. Сүйікті тіл­шісінің әрбір фельетоны үшін аудан­дық партия комитетінен ылғи да «таяқ жеп» қайтса да мойымайтын, Ешоны да, Ешоның фельетонын да жақсы көретін редакторымыздың «Отан соғысын» меңзегені сол-ау деп түйдік...

* * *

Бүгінде есімін ел ерекше құр­мет­тейтін әйгілі ақын Есенқұл Жа­қыпбеков туралы оның екі құжатта екі түрлі жазылған (19 желтоқсан, 10 ақ­пан) туған күндерін өткізіп барып жазған естелігімнің ақырғы нүктесін былай қойғанды жөн санадым: «Пай-пай 25-ті бірге өткізген күндер-ай, тағдыр саған 65-іңді көруге жазбағанын қарашы, қайран Ешо... Есен... Есенқұл!..».

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Еgemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

СУРЕТТЕ: аудандық редакция­дағы «Қызыл сенбілік», «рульде» Есенқұл ЖАҚЫПБЕКОВ. Ұзынағаш, 1979 жыл.