• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2012

Дүбірге толы дүние

234 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние

Жұма, 15 маусым 2012 6:59

Ұлтқа бөлінушілік қасіретке апарады

Осыдан екі жыл бұрын маусым айында Қырғыз Рес­пуб­ликасының оңтүстігінде ұлысаралыс қақтығыс болып, одан 500-дей адам қаза тапқан еді. Ел жұртшылығы сол қайғылы оқиғаны еске алып, қаза болғандарды аза тұтты.

Жұма, 15 маусым 2012 6:59

Ұлтқа бөлінушілік қасіретке апарады

Осыдан екі жыл бұрын маусым айында Қырғыз Рес­пуб­ликасының оңтүстігінде ұлысаралыс қақтығыс болып, одан 500-дей адам қаза тапқан еді. Ел жұртшылығы сол қайғылы оқиғаны еске алып, қаза болғандарды аза тұтты.

Бұл оқиғаны қырғыз елінің жа­­нына түскен жара деп сипаттаса жөн болар. Және бұл жара­ның жазылуы да қи­ын­дау. Оқиға­ның сол қаза бол­ған 500 адамның жа­қын туыстарының ғана жанын ауыртып қоймай, жалпы қырғыз бен өзбек халықтарының жанына бат­қаны анық. Сол қайғылы оқиғаға себепші болғандар, ұй­ым­дастыр­ғандар екі халықты бір-біріне қарсы қоюды, ша­ғыстыруды ойла­ғаны да анық. Олар белгілі дәре­жеде сондай қара ниеттерінің жү­зеге асуына жетті де.

Аза тұту шараларына қатыс­қан Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев сол қайғылы оқиғаның сипатын ашып көрсе­туге айрықша көңіл бөлді. «Қыр­ғызстанның бөлінуіне, соның салдарынан оның мемлекет ре­тін­де жойылуына мүдделі күш­тер бар, – деді ел басшысы. – Ол күштер ұлтшылдар мен сепаратистерге арқа сүйейді». Оның пікірінше, аймақтағы ұлыс­ара­лық қақтығысты «халыққа қарсы күштер» ушықтырған.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы 2010 жылғы маусым оқи­ға­сына жасалған талдау оған сырт­қы күштердің де ықпалы бол­ғанын айтады. Ол Өзбекстан президентінің де осындай пікірде екенін ескертеді. Бірақ Атамбаев сол «сыртқы күштерді» нақты­лауға барған жоқ. Сөйтсе де, негізгі себептерді іштен іздеген жөн болар.

Жалпы, бұл аймақта, Ош жә­не Жалалабад облыстарында, соң­ғы жарты ғасыр мерзімде ұлысаралық қақтығыстар үш рет орын алған екен. Мұны да Атамбаев бұрынғылардың кінәсі санайды. Сол кез­дегі билік жеке арандатушыларды ғана жазалап, оқиғалардың шын мәнін аш­па­ған көрінеді. Сол кезде-ақ қыр­ғыз­дар мен өзбектер арасындағы бөлі­нушілік айқын аңғарылған екен. Барлығын бұрынғыға жаба берген жөн болмас, ел тәуелсіздік алғаннан кейін де біраз уақыт өтіп, біраз шараларды жүзеге асы­руға мүмкіндік туды емес пе?

Көрші туысқан елдегі жағ­дай әркез біздің де көңілімізді алаң­датады. Сол қырғыздар мен өз­бектер арасындағы екі жыл бұ­рынғы қақтығыс аса ауыр әсер қалдырған. Қырғызстанда ұлт­шылдық идеямен елірген есерсоқ жастардың дүнген ауылына ойран жасағаны туралы хабарды да жанымыз ауырып естігенбіз. Тағ­дырдың талай тау­қыметін кешіп, осы елден пана тапқан еңбекқор дүнген­дердің айыбы олардың жер­гілікті тұрғындардан тұрмы­сы­ның жақсырақ екені көрінеді. Жақсы өмір ұлтшылдық даңға­замен емес, еңбекпен келетінін олардың ұққысы келмейді. Ұлт­шылдық есіріктің салдарынан қыр­ғыз жастары мен тәжік­тер­дің қақтығысқа барғаны да белгілі.

Қырғызстан президентінің өткеннен сабақ алайық, ұлыстық қауымдастықтардың жақындас­уына жағдай жасайық, қырғыз, өзбек деп бөлінбейік, Қыр­ғыз­стан азаматтығына жататынды­ғымыз негізінде бірігейік деген шақыруы талайлардың көңілінен шыққаны анық. «Қасарысқан қарсы тұру жалғаса берсе, жаңа қақтығысқа кезігеріміз анық», – деді Атамбаев. Жөн сөз.

________________________________

Уго Чавестің әлі де билікте қалғысы бар

Венесуэлада биыл президенттік сайлау өтеді. 7 қазанда. Осынау әлемдегі мұнай қоры ең көп елде (былтырғы жылы сондай болжам жасалған) билік тізгінін кім ұстайтыны талайлар үшін айрықша маңызды.

Оның үстіне бұл елдің прези­денті – Уго Чавес. Әркез өзінің тосын әрекет­те­рі­мен әлемді шулатып жүретін қай­­раткер. Билік тіз­гінін ұстаған 13 жыл ішінде оның елеусіз қалған кезі жоқ. Ең алдымен бұл елдің басты бай­лығы мұнайын сатып алушы басты ел – Америка Құрама Штаттарына қар­сы сөздерімен және әрекет­те­рімен кей жұрттың айызын қан­дырса, кей жұртты талай мәрте таңдандырған. Әдетте, кім де болса, өзінің тауарын көп пайдаланатын елмен жақсы қарым-қаты­наста болуды қалайды. Ал Уго Чавес, керісінше, АҚШ-ты ғай­бат­тауда сөз таңдап жатпайды.

Мұның да мәнісі бар. Әлем­дегі ең астам империалистік державамен бітіспес күреске түсіп, Уго Чавес өз елінің ұлтшыл-па­триоттық қауымынан кең қолдау тауып қана қоймай, жалпы әлем­дік ауқымдағы АҚШ-тың эконо­ми­калық және сая­си үстемдігіне қарсы елдер тарапынан достар да табады. Олар баршылық. Әлем­нің шартарабынан кездеседі. Жә­не Уго Чавес сол достарына жиі-жиі барып, түрлі саладағы қа­рым-қатынасын ны­ғайта отырып, өз еліндегі беделін де арттырады. АҚШ-қа қар­сылардың барлығын да Вене­суэ­ланың досы санаған жұрт қателесе қоймайды. Содан да, Уго Чавестің жолы Гаванаға, Мәскеуге, Теһе­ранға, Минскіге, Пекинге жиі тү­сіп тұрады. Әсіре­се, Ресеймен әс­кери-одақтық бай­­ланыстарының үлкен саяси астары бар.

Күні кеше Уго Чавес үшінші рет президенттік сайлауға қа­тысатынын хабарлағанда, әлем­дік ақпарат құралдары шу ете қалған. Көп адам Чавес сайлауға түспес деген ойда еді. Өйткені, оның денсаулығы күрделі жағ­дайда. Ол жайында жұрттың сөз еткеніне де бір­шама уақыт болды. Ауруын өзі де жасырмай, жұрт­­­­қа жария етіп отырды. Жазылмайтын ауру деп, талайлар оның кү­нін де бі­тіріп қойған еді. Ал Чавес күдер үзіп қана қоймай, сол ауруды (рак) мазақ еткендей, үнемі өзінің жағдайы жақсы екенін айтады да жүреді, телеарналардан сөй­леп, жаңа жоспарлар ұсынады.

Оның үміткер болып тір­келуінің маңыздылығы – сайлауда Чавестің жеңетініне жұрттың шүбә келтірмейтіндігінде. Екін­ші сөзбен айтқанда, жеңімпаз алдын ала белгілі болатындықтан, ол қа­тысқан сайлаудың қызығы ке­тіңкіреп қалады. Ал Чавес болмаса, басқа үміткерлер арасын­дағы күрес күшейер еді. Енді оған жол жоқ. Журналистер алдында сөз сөйлеген Чавес өзінің құлан-таза жазылғанын, алдағы алты жылға күші жететінін мәлімдеді.

Чавеске қарсы тұратындар жоқ емес, бар. Өткен жексенбіде бүкіл оппозициялық күштер бас біріктіріп, өз орталарынан Миранда штатының бұрынғы губернаторы Энрике Каприлес-Ра­донс­киді президенттікке кандидат етіп ұсынды. Оны жақ­тау­шылардың айқай шуы да әжеп­тәуір болды. Каракастың көше­лерімен 10 шақырым шерулер жасап, қыр көрсетті. Дегенде, Ча­вес болмаса, Каприлестің бас­қа кез келген үміткермен белдесуге қауқары барлығы анық.

Ел ішінде де, сыртта да Чавес­тің жеңгенін қалайтындар көп. Кейде оның қару-жараққа қыруар қаржы жұмсап, басқадай да тосын әрекеттерге баратынына қарап, осы бір қайраткер өз елінің мүддесіне қиғаш қадамдар жасайды дейтіндер де аз емес. Қалай дегенде де, халқы қол­даған басшының бәсі қашанда жоғары.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».