Өз міндетіне жауапсыз қарағаны үшін Мамлют ауданы Становое ауылдық округінің әкімі Рақымжан Әбденов қызметтен босатылатын болды.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері оған қатысты осындай шешім шығарды.
Былтыр Афонькино ауылындағы жолды қалпына келтіруге 858 мың теңге бөлініп, шілде айына дейін жөнделуі тиіс болатын. Жұмыстың атқарылмағанына қарамастан қаражат мердігер компанияға алдын ала аударылып қойыпты. Р. Әбденовтың берген түсініктемесіне қарағанда қызметке жаңадан келген бас есепші оның айтқанын тыңдамай, мердігер компанияға ақшаны аударып жіберген. Әкім болса қазан айына дейін ешбір шара қолданбаған. Тықыр таянғаннан кейін ғана жеке кәсіпкерге хабарлама жіберіп, сотқа қайрылған.
Кеңес отырысында әкімнің бас бухгалтер міндетін Лисичкина деген әлдебіреуге жүктегені, онымен қос тараптық еңбек шарты жасалмағаны, соған қарамастан жалақы алып тұрғаны, басқа да олқылықтардың жіберілгені белгілі болды
Сот шешімімен компания жол жөндеуге бағытталған қаржыны қайтарып, 60 мың теңге көлемінде айып төлеген.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Рақымжан Әбденовті жұмыстан босату туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Енді Афонькино жолын басқа әкім қалпына келтіретін болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы