Әлем халқы дарынды математик екендігін мойындаған, кеңес кезеңінде де Қазақстан мен Ресей арасында беделді қызмет атқарған академик, профессор, білімімен атағы шығып, кейінгі ұрпаққа өшпес есімі мен зор еңбегін қалдырған Шалтай Смағұлов осынау шуақты көктемде жетпіс жасқа толар еді...
Шалтайдың өмір жолының өзі кімге де болса тұнып тұрған тәлім болатын. Іле өзенінің Балқаш көліне құяр сағасындағы «Көккөл» деген шағын ауылда өткен балалық шағы, бауырыңды жазып жүгіре алмастай қалың құм қара көшкініндей көшіп, борай соққан тынымсыз желдің ұйытқуы тынысыңды кере дем алдырмайтыны да ерекше-тін. Балқаш көлінің жарқыраған айдыны, дүлей табиғаты оған Сәкен шығармасындағы Альбатростай болуға жастайынан-ақ баулыған-ды.
Ол қарапайым теңізшінің отбасында өмірге келді. Жалпы Молдахан аға мен Сәрсебала апайдың отбасында он бір бала – бес ұл, алты қыз тәрбиеленді. Қазақта әже тәрбиесін көріп өсу деген тамаша дәстүр бар. Ол ешқашан әдепсіздікке ұрынбау үшін көкірегіңе салынған код десе болғандай. Бесіктегі кезінде ата-анасы Шалтайды нағашы әжесінің қолына береді. Әжесінің аты – Ораз екен. Ауылына өте сыйлы кісі болыпты, содан да болса керек ер-азаматтар, ақсақалдар ол кісіні «Өке» дейтін болған. Мұның біздің Шәкеңе де оң ықпалы болып, оған ерекше ілтипатпен қарауды қалыптастырған.
Шалтай екеуміз 1967 жылдан ҚазМУ-ға оқуға қатар түстік. Үш курс бірге оқыдық, кейін ол Новосібірге ауысып кетсе де, жазғы уақытты бірге өткізетінбіз. Онымен қоса, Шәкеңнің ауылы Құйғанда менің туған апам Әйкен мен осындағы кеңшар тұтынушылар кооперативі бас есепшісі болып қызмет атқарған жездем Сапарбек тұрушы еді.
Шалтай ешуақытта бізбен қатынасын үзген емес, онымен бірге Нарқозы Данаев, Мұхамедияр Мұзақбаев та Ресейге бірге аттанған болатын. Біз курстас қана емеспіз, Қарағанды қаласындағы қазіргі академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне оқу бітірген жылы жолдамамен бір мезетте келіп, қатар қызмет атқардық. Тату дос болдық. Ол өзі қоғамшыл, көпшіл, сері жан, ойын-сауықтың көркі болушы еді. Аз уақыттан соң ол қайтадан Новосібірге қызметке аттанды. Ресей елінде «жүйрік болар тұлпарды құлынынан танитын» «Күреңбай сыншы» іспетті академик Н.Н. Яненко Шалтайды өз институтындағы зерттеу лабораториясына ізденуші етіп қабылдады. Сонда профессор Б.Г.Кузнецовтың жетекшілігімен өзінің алғашқы ізденісін бастады.
Бұл – математика ілімінің аспанына нұрын шашқан жарық жұлдыздың жанған күні болып тарихта қалды. Оның айғағы – математика әлемінде «Смағұлов теоремасы», «Смағұлов кестесі» сынды тың дүниелер пайда болды. Негізі, ғалымдар, олар ашқан жаңалықтар, сол биікке жету жолындағы соқпақтар жайында жастарға баспасөзде жиі уағыздаған жөн.
Шалтайдың көпшілдігі, қоғамшылдығы, адамгершілік қасиетінің бірі – өз арамызда әзілдеп айтатын «командалық» іскерлігі еді. Оның маңайына топтасқандар, болмаса соңынан ілескендер ғалым болып шығады. Ол қаншама жанның ғылыми еңбегіне қол ұшын созып, ақыл-кеңесін беріп, қолтығынан демемеді дейсіз? Ол табиғи таза дарын иесі болғандықтан математика саласындағы ғалымдардан оқ бойы озық тұратын. Шалтайды қалай мақтасақ та жарасады. Айтқандай оның балуандығы өз алдына бір әңгіме.
Бір үлкен мейрамда пияз егумен айналысатын корей ұлтының өкілдері ортаға күреспен айналысатын әккі балуанын шығарды. Орта бойлы, дембелше келген жігіттің бұлшық еттері шымыр көрінеді. Соның мысы басты ма, ел жігіттерінен ешкім белсене қоймапты. Бұрын балуандығымен аты шыққан ауыл ақсақалы Төлебай намыстанып:
– Әттең, қартайып қалдым-ау, әйтпесе өзім шығар едім! Әй, намысты қолдан береміз бе, неге біреуің ортаға шықпайсыңдар? Кәне, бала Шалтай шық, ортаға, – дегенде 9-сыныпта оқитын, балаң көрінгенімен кеуделі, иықты әрі бойшаң Шәкең ортаға жүгіре шығады. Екеуі белдесе кетті. Шамалы әдіс байқасып ырғасып жүрген Шәкең бір кезде корей жігітінің жуан мойнынан қапсыра құшақтап, жамбасқа салып, иығынан асыра алып ұрады. Содан былай «Шалтай балуан» атанады. Мейрам сайын күрес болғанда оған қарсы ешкім шықпайтын. Өз арамызда талай сайысқанымызды құрметпен еске аламыз.
Кеңестік кезеңнің тағы бір көзге көрінбес саясаты – тіл саясаты болатын. «Тіл – қарым-қатынас құралы» дегенді жиі қолдансақ та, байыбына бара бермейтінімізге куә болдым. Ойласаңыз, шалғайдағы ауылдарда «орыс тілін үйрену дәрісі» өтеді. Баланың дені ауылда өсетіні мәлім. Сонда небір талантты балалардың «бағы жанбауы» орыс тілінен «ақсауда» жатады екен ғой. Табиғатында ұяң, болмаса, жасық жасөспірім жоғары оқу орындарында білім алу, бойындағы талантын ұштау мүмкіндігінен қағылып қалатын болған. Мектепте оларға «үш» қоя салу ұстаздар тарапынан да дағдыға еніп, бала кеудесіндегі дарынның жетілуі бақылаусыз қалып келген болып шығады.
Шалтай досым осы саясатқа қарсы өмір бойы талмастан қызмет етті. Ол ең алдымен жастар бойынан талант, табиғи дарынды іздеуші еді. Өйткені, оның өзі де орыс тілінің тақсіретін аз тартпаған болатын. Ауыл баласы қанша тырысқанымен оған осы пәннің сылтауымен «алтын медаль» алу бақыты бұйырмап еді. Есесіне тынымсыз ізденіспен талмай еңбектенудің нәтижесінде ғылымның биік шыңдарын бағындырды. Кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге көрсетті.
Шалтай Смағұлов Новосібірдегі Ғалымдар қалашығында КСРО Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Есептеу орталығы, Теориялық және қолданбалы механика ғылыми-зерттеу институттарында аға ғылыми қызметкер дәрежесіне дейін көтеріліп, жұмыс істеді. Сол ғылыми ортада кандидаттық, кейін қазақ халқының басына СОКП-ның қолдан ұйымдастырылған «ұлтшылдық» деген жаласы таңылып тұрған шақта есептеу математикасы саласында Есептеу орталығында өзінің терең білім мен ғылымға бейім талантымен докторлық диссертациясын қорғап шықты.
Шалтайдың азаматтық тұлғасын биіктететін қасиетінің бірі – Отаны үшін отқа түсуге дайын тұратын батылдығы. Соның бір қарапайым мысалы, өткен ғасырдағы Желтоқсан көтерілісі тұсында Ресей мен еліміздің қарым-қатынасына «сызат түсіруге таптырмас сылтау» іздегендер мәскеулік ғалымдар арасынан да табылды.
Нақ сол тұста 1986 жылғы желтоқсан айының аяқ шенінде Ресейдің Новосібір қаласындағы атақты «Академқалашықта» диссертация қорғауға қатысты Ғылыми кеңес мәжілісінде ғылыми баяндамасын аяқтап, кеңес мүшелерінің сұрақтарын күткен жас ғалымды ешкім бірден қолдап кете қоймай, тығырыққа тіреді. Бұл нағыз психологиялық қысым болатын. Жас ғалым абдырап қалса, жүрісінен жаңылады, одан арғысы мәлім. Міне, сол сәтте талапкер диссертанттың ғылыми жетекшісі Шалтай Смағұлов ғылыми еңбектің дәйектілігі мен өзектілігін бұлтартпас дәлелдермен өрнектеп берді, сөйтіп, «академқалашықтың» азулы академиктері мен ғұлама ғалымдары диссертациялық еңбекті бірауыздан қолдап дауыс берді.
Осылайша, бұл күнде танымал ірі ғалым, профессор, ғылым докторы Болат Рысбаевтың Новосібір мемлекеттік университетіндегі диссертациялық кеңесте 15/0 дауыспен абыройлы қорғап шығуы еліміз бен қазақстандық математиктер үшін үлкен жеңіс болды. Бұл Кеңес Одағы көлеміндегі Шалтай Смағұловтың абырой-атағы зор екенінің бір дәлелі, туған елі үшін басын қатерге тіккен көзсіз ерлігі еді. Содан былайғы жерде қазақстандық жас ғалымдарға да кең жол ашылды.
1984 жылы Шалтай Смағұлов сол кездегі ҚазМУ-дің ректоры, талантты ғалымдардың жебеушісі бола білген Өмірбек Жолдасбековтің арнайы шақыруымен университеттің механика-математика факультетіне дифференциалдық теңдеулер кафедрасының меңгерушілігіне қызметке келеді.
Арман – қашанда алға жетелейді. Соның дәлелі өмірінің жарқын шақтарын, бойындағы күш-қуатын отандық ғылымды дамыту жолына жұмсап, аянбай еңбек еткен Шалтай Смағұловтың есімі дүниежүзілік математика ғалымдары қауымдастығына кеңінен танымал. Ол физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ғылым, техника, білім беру саласында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі дәрежесіне жетті.
1996-2000 жылдары аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Математика және механика ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. 2001 жылдан механика-математика факультетінің деканы болып тағайындалды.
Одақ кезінде математикалық модельдеу саласында 10 ғылым докторы болса, соның төртеуі қазақ ғалымы екен. Шалтай Смағұлов ғылымға араласқан уақыт аралығында 150-ден астам ғылыми-еңбек, оның ішінде
8 монографиялық еңбек жазды. Ғалымның тікелей жетекшілік жасауымен 60-тан астам кандидаттық диссертация, 10 докторлық диссертация қорғалуы Шалтай Смағұловтың ғылым саласындағы адалдығы мен біліктілігі, табандылығы мен шыншылдығының жарқын көрінісі.
Ғылымда өскен ортаның тәрбиесі, оның жағдайының ықпалы туған жер жайлы тебіреніске әкелмек. Соның айғағы Шалтай Смағұловты Қазақ еліндегі ел мен жердегі орасан зор қасіретті жеңілдету шарасына атсалысуға мәжбүрледі. Сондай жайлардың бірі – елдегі экологияға қатысты мәселе. Ол кеңесшілік еткен «Компьютерлік және есептеу технологиясы» кафедрасында «Байқоңыр ғарыш айлағынан зымыран тасығыштарды ұшырудың қоршаған ортаға, атмосфераға зардабы және жер бетіне әсерін бағалау бағдарламасының» зерттелуі нәтижесінде Қазақстан аумағына құлаған «Протон» зымыранының экологияға қаншалықты зиян келтіретіндігі нақты ғылыми түрде дәлелденді.
Ғалымның жетекшілігімен мұнай-газ шығаратын орындарға компьютерлік бағдарламалар арқылы бақылау, болжау жасайтын ақпаратты жүйелер жасалды. Онда математика ғылымының күрделілік сипатын өндіріске пайдаланудың неғұрлым түсінікті әдісін көрсетіп, инженерлік модельдерді қиналмай жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарламалар жиынтығын қолдану арқылы барлық жүйелердің дербес түрде жұмыс атқаруына қол жеткізді. Оны уақыт өткен сайын жетілдіріп отырудың кең көлемді жоспарын іске асырды.
Осы жұмыстардың нәтижесінде дүниеге келген «ИСАР» автоматтандырылған жүйесінің нақты кен орындарында, оның ішінде Маңғыстау облысының Жетібай мұнай кәсіпшілігінде қолданылуы арқылы Англияның «Tiegress» автоматтандырылған жүйесіне қарағанда анағұрлым дәл мәліметтер беретіндігі іс жүзінде дәлелденді. Осы бағдарлама Құмкөл-Лукойл, Торғай-Петролеум, Қаражамбас сияқты кен орындарында колданылуда. Қазақ ғалымының бұл жаңалығы отандық ғылымның, әсіресе, математикалық модельдеу, есептеу математикасының, механика салаларының жедел қарқынмен дамып келе жатқандығын айғақтайды.
Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры, математика ғылымдарының профессоры, Жоғары мектеп халықаралық ғылым академиясының академигі