Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар үш заң жобасын қарады. Сенаторлар, сонымен қатар, Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынысымен Мейрамбек Таймерденовті Жоғарғы Сот судьясы қызметіне сайлауға келісім берді.
Көршілік парыздың бірі – экономикалық қолдау
Жалпы отырыс барысында мінберге шыққан Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов Жоғарғы Сот судьясы қызметіне үміткер М.Таймерденовтің прокуратура, әділет органдарында және сот жүйесінде әбден ысылған, тәжірибелі заңгер екендігін атап өтті.
– Оның судьялық қызмет өтілі 15 жылдан асады. Оның ішінде басшы судья лауазымдарында 11 жылдан бері қызмет атқаруда. Кезінде Алматы қалалық сотын басқарды, соңғы жылдары Алматы облыстық сотының төрағасы. Сот жүйесінде жұмыс істеген кезде өзін кәсіби біліктілігі жоғары судья, беделді әрі тәжірибелі басшы ретінде таныта білді, – деді Т.Донақов.
Сөйтіп, сенаторлардан қолдау тапқан бұл үміткер Жоғарғы Сот судьясы қызметіне сайлануы үшін Елбасының қарауына ұсынылады.
Ал Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Энергетика министрінің міндетін атқарушы Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан соңғы жылдары мұнай-газ саласында айтарлықтай әлеуетті дамыта түскен.
Мемлекет басшысының 2017 жылғы 16 қыркүйекте Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында, Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында энергетика саласы бойынша негіздемелік келісімге қол қойылған.
Сонымен қатар достығы жарасқан көрші мемлекеттердің ынтымақтастығын ширата түсетін келісімді ратификациялау бізге мұнай экспортын Өзбекстанға шикі мұнай тасымалдау арқылы арттыруға, күз бен қыс айларында еліміздің оңтүстігін табиғи газбен үздіксіз жабдықтауға, өзбек елінің газ-көлік жүйесін пайдалану арқылы оңтүстік аймақтағы газ қауіпсіздігін нығайтуға және мұнай-газ-химия жобалары бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
– Өзбекстанның мұнайға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2018 жылы 260 мың тоннадан астам мұнай жеткізілді. Еліміз алдағы уақытта да Өзбекстанға өз ресурстарынан мұнай жеткізуге дайын. Шағыр стансасындағы темір жол цистерналарына ауыстырып-тиеу арқылы Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырымен жеткізіледі. Қазіргі уақытта осы бағыттағы тариф 1 тонна үшін шамамен 25 АҚШ долларын құрайды, – деді М.Досмұхамбетов.
Қазір Ресей Өзбекстан тарапының сұрауына сәйкес жылына 1 млн тоннаға дейін мұнай жеткізу мәселесін қарастыруда. Бұл ретте Қазақстан екі ел арасында транзиттік тарап ретінде қаралады. Бұл желі арқылы 2017 жылы 68 мың тонна, 2018 жылы шамамен 36 мың тонна мұнай жеткізілген.
Балалар мүддесі қорғалады
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Ресми деректер бойынша елімізде бес жылда 4740 бала зорлық-зомбылық құрбаны болған. Бұған дейін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылына арналған дөңгелек үстелде мектептерде жиі тіркелетін зорлық-зомбылық жағдайлары – барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін атап өткен болатын. Бұл мәселеге көз жұмып қарамай, нақты шаралар қолдану қажеттігі айтылды.
Депутаттардың бастамасы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипатта жасалған қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық күшейе түседі. Ол ата-аналардың, өгей әке-шешелердің, мұғалімдердің, қамқоршылардың кәмелетке толмағандарға қатысты зорлау және зорлық әрекеттері үшін жазаға байланысты болып отыр. Бұл баптар бойынша бостандықтан айыру түріндегі жаза мерзімін 12-ден 17 жылға дейін ұзарту көзделіп отыр. Кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін де жаза қатая түседі.
Заң бұл баптар бойынша сотталғандардың өмір бойына мұғалімдік және кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін лауазымдарды атқаруына міндетті түрде тыйым салу туралы маңызды ережені бекітпек.
Сауда қызметі нақтылықты талап етеді
Сенаторлар сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарады.
Бұл құжатпен заңнаманы одан әрі жетілдіру және салық салу нормаларын нақтылау, кедендік әкімшілендіруді оңайлату, электрондық және биржалық сауданы реттеу, электрондық саудадағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, сыртқы сауда қызметі саласындағы ұлттық заңнаманы үндестіру, жер қатынастарын және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды регламенттеу көзделеді.
Бұдан бөлек салық салу және кедендік әкімшілендіру саласында шағын және орта бизнес субъектілері үшін корпоративтік табыс және жеке табыс салықтарының мөлшерлемелерін 100 пайызға төмендету, өндірілген пайдалы қазбалардың көлемін өлшеу бірліктерін нақтылай отырып, кең таралған пайдалы қазбалардың шөгінді жыныстары үшін пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың мөлшерлемесін төмендету, арнайы экономикалық аймақтардың аумағында тауарларды өткізу кезінде нөлдік қосымша құн салығы мөлшерлемесін қолдану, ойын бизнесіне салық төлеушілер үшін қосымша құн салығы бойынша рұқсат етілген есепке жазу мөлшерін 70%-дан 85%-ға дейін өзгерту, бірінші топтағы мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсетудің құнын төлеу түрінде мүгедектің жеке көмекшісінің табысын салық салудан босату, үлестік қатысу шарты бойынша салықтық міндеттемелерді орындауды екі жылға қайта қалпына келтіру және қолма-қол емес төлемдерді ынталандыру мен басқа да бірқатар ережелер енгізіледі.
Заң жобасын пысықтау барысында Мәжіліс мақұлдаған жобаға бірнеше бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындаған. Сондықтан да заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.
Отырыс барысында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов еліміздің мерекелері тізіміне Көрісу күнін қосу, Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығын қаржыландыру, Дәурен Әділбеков жалпыхалықтық декларациялауды енгізу мәселелері, Георгий Ким жолда жүру қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде жол қозғалысын реттеу үшін полиция таяғын қолдану, Бірғаным Әйтімова травматология ғылыми-зерттеу институты қызметін қамтамасыз ету және Бақытжан Жұмағұлов ғылымды қаржыландыру туралы депутаттық сауал жолдады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»