Бүгін қалалық мәслихатта өткен басқосуда елордадағы жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Соңғы деректерге сәйкес елорда жолдары елдегі қауіпсіз жолдардың алдыңғы қатарында. 2018 жылы Астана жолдарындағы өлім-жітім 2017 жылдың қорытындыларымен салыстырғанда, екі есеге қысқарған.
Мұндай мәліметтерді Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров келтірді.
«2018 жылдың қорытындыларына сәйкес, ЖКО нәтижесінде болатын өлім-жітім деңгейі 100 мың адамға шаққанда 3,1 құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (11,5) 3,5 есеге төмен. Астанадағы жол қозғалысының қауіпсіздігі Амстердам (3,2) мен Нью-Йорк (3,2) қалаларының деңгейінде. Мұндай жетістіктерге елорда әкімдігі құрылымдарының машинамен оқыту, компьютерлік көру сияқты заманауи сандық технологияларды енгізу бойынша жүргізген жұмыстарының арқасында қол жеткізу мүмкін болды», – деп мәлімдеді Ә. Әбдіқадыров.
Сондай-ақ, спикер қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету елорда билігі жұмысындағы басты басымдық екендігін атап өтті.
Еске салайық, 2017 жылы Астанада «Сергек» бейне-бақылау жүйесі жұмыс істей бастады.