Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов облысқа іссапармен келген Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинені қабылдады. Басқосуға Францияның бір топ кәсіпкерлері қатысты.
Екітараптық кездесуде агроөнеркәсіптік кешенді өркендету мәселелері талқыланып, бірқатар озық жобалар ұсынылды. Құмар Іргебайұлы елімізде инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалатынын, барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Ірі кәсіпкер Патрик Хоффман өңірде еуропалық талаптарға сай шошқа кешенін салуға дайын екендіктерін, Ресейде табысты жұмыс істеп жатқандарын жеткізді. Инвестиция көлемі 200 миллион евроны құрайды. Жоба іске қосылса, 1000 жаңа жұмыс орны ашылады. Өнімдерді ішкі нарықпен қатар Қытайға экспорттау мүмкіндіктері ашылады.
«Біз бұл жобаны жүзеге асыруға дайынбыз, Қызылжар– өте қолайлы мекен. Еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласына ең көп инвестиция құйып келеміз. Франциялық кәсіпкерлерге барынша көмек көрсететін боламыз», деді Қ. Ақсақалов.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы