• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Наурыз, 2019

Жел генераторы шығынды азайтып, өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік берді

1943 рет
көрсетілді

Өңірдегі кәсіпкер Александр Касицын басқаратын «Галицкое» ЖШС желдің қуатын пайдаланатын шағын станса орнатты деуге болады. ЭКСПО-2017 көрмесінің қорытындысы бойынша өңірде 20-ға жуық жоба қолға алынған-ды. Ауыл шаруашылығы бағытындағы серіктестік енді «Жасыл энергия» жобасын жүзеге асыратын кәсіпорын ретінде танылуда. Яғни шаруашылықпен қатар ауылды энергия қуатымен қамтып, артылғанын ішкі нарыққа сатуға мүмкіндік алмақ. 

Жуырда жел генераторының жұмы­сын көру мақсатында Га­лицкое ауылына бардық.

Бұл жобаға А.Касицын жыл­дар бо­йы дайындалыпты. Нәти­же­сінде, се­рік­тестік жел генера­торларын іске қо­сып, 10 жыл бойы шаруашылыққа қа­рас­ты суар­­малы алқаптарды суарып та келеді. Бұл шығынды азайтып, өн­діріс көлемін ұлғайтуға мол­ мүмкіндік берді. Баламалы қуат көздерінің тиім­ділігіне фер­­мер осылай көз жеткізді. 

Енді міне, жел генератор­лары­ның көмегімен электр қуа­­тын өз­дері өндіре бастады. Қуаты әрқай­сысында 1 МВТ болатын 2 жел ге­нераторы ор­натылған. Іске қо­сылған бір жел генераторының ор­таша тәуліктік энергиясы 9000 кВт құрайды. 

– Біздің арманымызға қа­рай «Бо­лашақтың энергиясы»­ тақырыбына ар­налған ЭКСПО-2017 көрмесі өт­ті. Қа­зір жоба­лар­дың бірін жүзеге асы­руға кірістік. Инвестицияның кө­лемі – 390 мил­лион теңге. Өз күшімізбен Гер­маниядан қон­дырғылар сатып алдық, – дейді А. Касицын. 

Жалпы, «Галицкое» ЖШС 1998 жы­лы құрылған. Серіктестік елі­м­іздің аг­роөнеркәсіптік кеше­нінің дамуына үлкен үлес қосуда. Бү­гінде серіктестікте 400-ден ас­там ауыл тұрғыны еңбек ете­ді. Қа­зір мұнда 1000 басқа арнал­ған тауар­лы-сүт фермасының құры­лысы жүр­­гізілуде. Былтыр 500 бас­қа арналған нысан қол­даныс­қа берілсе, биыл тағы 500 басқа ар­нал­ған ферманың құры­лысы аяқ­талады. Күніне 600 сиырды сауып, 20 тонна сүт тапсы­рады. Серіктестік өз қаржы­сына құ­ры­лыс пен монтаждау жұмыс­тарын жүргізуде. Тек құрал-жаб­­дық­тарды сатып алу үшін 300 миллион теңге несие алып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қо­ры арқылы субсидиялады.

Серіктестік аумағында 3500 гек­тар бар, алқаптарында егіс, күз­­дік егіс, басқа да дақыл­дар өсі­­ріледі. Сонымен қа­тар «Биз­нес­тің әлеуметтік жауапкер­ші­лігі» аясында атқарып отыр­ған игі­лікті істері де аз емес. Галиц­кое ауылында екі тұр­ғын үйді пай­­да­лануға берді. 

Алдағы уақытта А.Касицын тағы 16 үй салып, екінші деңгейлі банк арқылы тұрғындарға сату туралы жоспары бар екенін айтады. Бұл үшін мемлекет тарапынан құрылысшы компанияларға жеңілдіктер қарастырылып, 4 па­йыз­дық мөлшерлемемен несие берілсе деген тілегі бар.

Кәсіпкер электр қуатынан үнемделген қаржыны шаруа­шылықты ұлғайтуға жұмсамақ. Қазір заманауи сүт сауатын ке­шеннің құрылысы аяқталып қалды. Арнайы ашылған зауыт мал азығын дайындайды. Серіктестік түгелдей неміс технологиясымен жұмыс істейді. 

Мысалы, өзіміз көргендей 500 сиыр­­ды саууға 2 сауыншы жеткілікті. Өйт­ке­ні жұмыстың барлығы автомат­тан­дырылған.

– Біз күн сайын қалаға 15-18 тонна сүт жөнелтеміз. Алда­ғы уақытта «Ка­­русель» сауу қондырғысымен тағы 1 мың басқа арналған тауарлы сүт фер­­масын салсақ деген жос­парымыз бар. Бұл мал санын 6 мыңға жеткізуге мүм­кін­дік береді. Оның 2 мыңы сауын сиыр болмақ, – дейді ол. 

Ал жаңадан салынатын ферма толық­тай баламалы қуат көздерімен жұмыс істейтін болады. Міне, біз ауыл шетіндегі алып жел генераторларының бірінің түбінде тұрмыз. Үз­дік­сіз жел ағынын сезесіз. Ай­нала ақ қар, таза ауа. Ға­рышқа ұшатын зымыран сияқты, түсі ақшыл, биік, ең жоғары басында айналма қанат­тары тоқтаусыз айналып тұр. Серіктестік басшысының орын­басары Сергей Саламацкий алып құрылғының есігін ашып, алдымен баспалдақ ар­қылы өзі, сонан соң бізді ішке түсірді. Қон­дырғы іші кә­дімгідей дөң­гелек. Осы жерде жел қоз­ғалтқыштың, электр тогы генераторының жұмысын басқа­ратын автоматты құрылғы орнатылған. Ал мұнараның биік­тігі 75 метр болса, роторының диаметрі 93 метрді құрайды. 

Желсіз күндері жұмыс істеуі үшін резервтік жылулық қозғалтқыштан, ак­ку­мулятор батареяларымен толық­ты­рылады.

– Біздің серіктестік «Жасыл энергияны» пайдалану бойынша жел энергиясын қолдануды жү­зеге асыруда. Бұл үшін жан-жақты зерттеу жүргізілді. Алдымен мамандар жел генераторы орнатылатын орын дайындады. Желден қуат көзін алуға мүмкіндік беретін қондырғылар орнатылды. Электр қуатын таратушы кәсіпорындармен ке­ліссөздер жүргізілді. Тұтыну­шыға қуат көзін жеткізу үшін әрине, тағы да қосымша қондыр­ғылар орнату қажет. Өйткені ба­ламалы қуат көздерін пайда­ланудың тиімділігіне көз жет­кіздік. Шаруашылық пен ауыл­ды қосқандағы қажеттілік 1,2 МВт, қалған 800 МВатт кәсіп­керлік аясын кеңейтуге қажет, – дейді С.Саламацкий.

Биік турбинаның іргетасына 22 тонна арматура тартылып, бетон құйылыпты. Айналмалы қанаттарды тексеріп қарап тұра­тын мамандардың киімдері де ғарышкерлердікі сияқты екен. Бәріміз құрылғының іші­нен далаға шыққанда жел де күшейді, ғарыштан ұшып келіп капсуладан шыққан ғарыш­керлердей әсер алдық. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Павлодар облысы, Успен ауданы