Өзіміз ұзақ жылдар боданы болған және әр кезде де Батысқа қарап емініп қалған солтүстіктегі көршіміздің ықпалымен әзірленген оқу бағдарламасы бойынша білім алған біз дүниеде Еуропадан асқан ел жоқ, өркениет те, өнер-білім де тек соларда ғана дамыған деп түсіндік. Ғасырларға созылған осындай насихаттың нәтижесі болар, бар рахатты Батыстан іздеу дағдысы әлі күнге дейін жойылмай келеді. Шынымен де Шығыста, соның ішінде мұсылман әлемінде үлгі тұтарлық қайраткерлердің, олардың өнегелі істерінің мүлде болмағаны ма? Осындай сауалдарға жауап іздеу мақсатында аты әлемге мәшһүр болған бір тарихи тұлға туралы аз-кем мағлұмат беруді жөн көрдім.
Ол адамның аты-жөні – Салахаддин. Мен тарихшы емеспін. Сондықтан бұл кісінің бүкіл өмірі мен қызметін баяндап беру менің міндетіме жатпайды және ол қолымнан де келмеуі мүмкін. Мен тек есімі Шығыс тұрмақ, бүкіл Еуропада аңызға айналған, ағылшынның атақты жазушысы Вальтер Скотт ол туралы «Бойтұмар» деп аталатын роман жазған адамның бір қырын ғана әңгімелеп өтпекпін.
Ұлты күрд болып табылатын Салахаддин Жүсіп ибн Аюби 1138 жылы Ирактағы Тикрит бекінісінде дүниеге келеді. Кейін отбасымен бірге солтүстіктегі Мосул қаласына, одан соң Ливандағы Баалбек қаласына қоныс аударған Салахаддин есейе келе әкесінің қол астында өз қызметін бастайды. 1169-1171 жылдары Мысыр билеушісі болған Салахаддин сұлтан 1174 жылы Сирия билеушісі Нұраддин қайтыс болысымен елде тәртіпсіздіктердің туындауына байланысты Дамаскіге де өз билігін жүргізе бастайды. Салахаддиннің жоғары парасаттылығы мен қайырымдылығынан хабардар халық оны зор қошеметпен қарсы алады. Айта кету керек, Еуропаның көптеген билеушілері оқи да, жаза да білмейтін сол заманда Салахаддин оқи да, жаза да білетін сауатты билеуші болған. Аюбилер әулетінің негізін қалаушы болып табылатын ол қазіргі Ирак, Мысыр және Сирия мемлекеттерінің белгілі бір бөліктерін қамтитын аумақта өз билігін жүргізеді.
Салахаддиннің ә дегеннен өте әділеттілігімен аты шығады, сұлтан мұқтаждарға әркез көмектесіп, әлсіздерді қорғай жүруді өз парызы санаған. Жаратушының әділдігі жер жүзіне тарасын деген ниетпен әр апта сайын адамдарды қабылдап, олардың мұңын мұқият тыңдап, тиісті шешімдер шығарып отырады. Ол билік етіп тұрған жылдарда халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін арнайы әлеуметтік жүйе де тағайындалады. Тумысынан ислам дінін берік ұстанып, Алланың ақ жолынан айнымаған, тіпті соғыс кезінде де шариғат заңдарын мүлтіксіз сақтаған сұлтан Құран сөзін кеңінен тарату үшін өзі билік еткен жерлерде медреселер ашып, халықтың діни сауатын көтеру ісін де кеңінен жолға қойған. Тарихи құжаттарда Салахаддиннің әділдігі туралы мынадай бір дерек келтірілген. Ибн Зухейр есімді бір кісі Салахаддиннің немере інісі Такиаддиннің үстінен сұлтанға шағым айтып келеді. Немере інісін жақсы көре тұра арына адал қалпында қалған Салахаддин оған араша түспейді. Ақыры сұлтанның туысы сот алдында жауап беруге мәжбүр болыпты.
Салахаддиннің мырзалығында да шек болмаған. Иерусалимді алғаннан кейін ондағы елшілерге сыйлық жасау үшін ол өзінің жерін сатуға дейін барған. Бір жолы дуан басшысы сұлтанның бір қалада ғана сыйға тартқан жылқыларының саны он мыңнан асты деп мәлімдеме жасаған көрінеді. Көмек сұрап алдына келген адамдардың бірде-бірін бос қайтармаған. Салахаддиннің шексіз жомарттығын жеке бас мүдделері үшін пайдаланғандар да аз болмапты. Қолында зор байлықтың болғанына қарамастан Салахаддин қайтыс болғанда оның артында шамамен 40-50 дирхам мен бір құйма алтын ғана қалыпты дейді.
Салахаддин 88 жыл бойына христиандардың қарамағында болған, үш дін үшін қасиетті қала саналатын Иерусалимді азат етуші тұңғыш мұсылман қолбасшысы. Бұл оқиға 1187 жылы болды. Салахаддиннің ұрысты шебер ұйымдастыру тактикасының арқасында кескілескен шайқаста жеңіске жеткен мұсылмандар Иерусалим королі Ги де Лузиньян мен кресшілер қолбасшысы Рено де Шатильонды тұтқынға алады. Мойнына мыңдаған мұсылманның қанын жүктеген кресшілер қолбасшысының басын өз қолымен шапқан сұлтан «король корольді өлтіруге тиіс емес», деп Лузиньянға кешірім жасайды.
Осы оқиғадан кейін екі ай өткенде Салахаддин өз әскерімен Иерусалим қаласына кіреді. Бұл шақта қалада нағыз дүрбелең басталған болатын. Оған себеп те жоқ емес еді. Осыдан дәл 88 жыл бұрын Иерусалимді басып алған христиандар қаладағы мұсылмандар мен иудейлерді қынадай қырып, қаланы қанға бөктіреді. Әйел демей, бала демей жаппай өлтіре берген кресшілер тіпті қаладағы католик дінінде жоқ христиандарға да еш аяушылық білдірмейді. Осылайша қолдарынан қан сорғалаған христиандар өздері жасаған жауыздықтары үшін мұсылмандар кек алады деп қорыққан еді. Бірақ мұсылмандардың іс-әрекеті оларды таңғалдырады. Қалаға енген Салахаддин христиандар жасаған озбырлықтың ізі де қалмасын деген ниетпен көшелерді алқызыл сумен жудырады, бірде-бір адам өлтірілмейді. Кек қайтаруға, адам өлтіруге тыйым салынады. Христиандарға белгілі бір төлем төлегеннен кейін бостандық беріледі, бірақ өз елдеріңе қайтасыңдар және бұдан былай соғысу үшін мұнда келмейтін боласыңдар деген шарт қойылады. Қалада христиандарға да, иудейлерге де Құдайға құлшылық етулеріне толық мүмкіндік беріледі. Осы оқиғадан кейін Еуропаға оралған кресшілер Салахаддиннің қайырымдылығы мен парасаттылығы туралы неше түрлі аңыз әңгімелер таратады.
Дегенмен Рим папасы тағына жаңадан отырған Григорий VIII Иерусалимді қайтару үшін тағы да крест жорығын ұйымдастырады. Бұл жолы кресшілерге «Арыстан жүректі Ричард» атанған Англия королі басшылық жасайды. Бірақ кресшілер келіп орналасқан жер көп ұзамай сасық иіс мүңкіген нағыз лас орынға айналады. Христиандардың гигиенасы мұсылмандарға қарағанда әлдеқайда төмен болды деп жазады кейін ол жөнінде тарихшылар. Жағалай жайлаған кір-қоқыстың салдарынан кресшілер қолбасшысы Ричардтың өзі ауруға шалдығады. Оны естіген Салахаддин оған ішетін таза су мен жеміс-жидек жібереді. Бірақ ауруынан жазылған король Салахаддин әскеріне қарсы ұрыс ашып, 3 мың мұсылманды тұтқынға алады және оларды алаңға алып шығып түп-түгел қырып салады. Кезекті бір шайқас кезінде Ричард аттан құлайды. Оны көріп қалған Салахаддин өзінің ұстанған қағидатына адалдығын кезекті рет танытып, король жаяу соғыспауы керек деп оған екі бірдей ат жібереді. Ақыр соңында ағылшын королі Иерусалимді басып алуға және оны ұстап тұруға өзінің күші жетпейтінін түсінеді, сөйтіп Салахаддинмен бітімге келеді де еліне оралады. Осы арыстан жүректі Ричард, сұлтанның ізгі жүрегі мен кең пейілділігіне риза болғаны сондай, Салахаддинді менің досым деп атапты.
Иерусалим мұсылмандар қолына көшкеннен кейін сұлтанға бір қария келіп «О, ұлы Салахаддин, сен жеңдің. Бірақ христиандар мұсылмандарды қырып салғанда сенің оларға аяушылық білдіруіңнің мәнісі неде?» деп сұрапты. Сонда Салахаддин «Менің дінім мейірімді болуға, адамдардың өмірі мен арына қол сұқпауға, кек сақтамауға, ізгілікпен жауап қайтарып, кешірімді болуға және берген уәдеңде тұруға үйретеді» деп жауап беріпті. Сұлтанның осы сөзінен соң жаңағы қарт бірден ислам дінін қабылдаған екен дейді.
Сөзіміздің соңында ең бір елеулі жайтты ерекше атап өту қажет. Салахаддиннің биік парасаты мен адамгершілік қасиеттері Еуропада орта ғасырларда «Ерсерілердің ар-ождан кодексі» деп аталатын қағидаттың өмірге келуіне түрткі болған. Ол аз десеңіз, ХХ ғасырдың тарихи құжаты саналатын соғыс тұтқындарын азаптауға тыйым салатын атақты Женева конвенциясының негізіне де Салахаддин сұлтанның ізгілікті істері үлгі ретінде алынған көрінеді.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»