Сенатта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау жөніндегі тапсырмаларының орындалуы барысына арналған Үкімет сағаты болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров өзінің сөзінде Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII кезекті съезінде алға қойған міндеттеріне тоқталды. Президент алдағы уақытта азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеген болатын. Біріншіден, ол табысты арттыру және халықтың аз қамтамасыз етілген санаттарына қолдау көрсету. Екіншіден, айлығы аз азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту. Үшіншіден, өңірлерді кешенді түрде дамыту болып табылады.
Б.Бекназаров таяудағы өңірлерге барған сапарларында жергілікті халықпен кездесулерде Сенат депутаттары көп балалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік жәрдемақы беру мәселелерін түсіндіргенін еске салды.
– Жалпы жұртшылық Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде жариялаған ауқымды әлеуметтік бастамаларын ризашылықпен және зор үмітпен қабыл алып, қызу қолдауын білдіруде. Ал енді, әлеуметтік қөмекті беруді 1 шілдеден емес, 1 сәуірден бастап беру туралы Президенттің тапсырмасын халық қызу қолдап отыр, – деді Б.Бекназаров.
Сонымен бірге Сенат Төрағасының орынбасары өңір тұрғындары көтерген өзекті мәселелерге назар аударды. Ол әлеуметтік көмек тек аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларға берілуі керек екенін айта келіп, «Бұл қамқорлық тұрғындарды өз проблемаларын мемлекетке артып, енжарлық пен бейғамдыққа, тіпті масылдыққа ден қоюға ынталандырмау керек», деді.
Б.Бекназаров, сондай-ақ тұрғындармен кездесулерде күнкөрістің төменгі деңгейін анықтау тәртібіне сын айтылғанын да атап өтті. Азаматтарды ерекше толғандырған сұрақтар, мәселен, жеке бау-бақшадан немесе азаматтардың өз еңбекақысынан кәрілікке жинаған зейнетақы төлемдерін есепке алуға қатысты болды.
Оған қоса, жұмыспен қамту орталықтары немесе жергілікті әкімдіктердің көптеген төрешілдік талаптарына әділ сын айтылғаны атап өтілді. «Сол кедергілердің үлкен бір бөлігі – үлкен қалалар, облыс орталықтары маңында шоғырланған отбасыларды тиісті тіркеудің реттелмеуі. Үйсіз-күйсіз жүрген жандар кімге барып, қалай тіркелмек? Ал тиісті тіркеусіз ешкімге ешқандай әлеуметтік көмек берілмейді», деді Сенат Төрағасының орынбасары. Осы мәселені шешу үшін, оның пікірінше, қазіргі заманғы цифрлы деректер базасын қолдану қажет, бұл халықты шамадан тыс талаптардан құтқаруға мүмкіндік береді.
«Жалпы сомасы 6,5 миллиард доллардан асатын бұл әлеуметтік қаржының әділетті игерілуін қамтамасыз ету – үлкен дайындықты қажет етеді. Бұл ұрандатып өткізе салатын бір реттік шара емес, халыққа ұдайы түрде көрсетілетін мемлекеттік қызмет. Сенат депутаттары тарапынан бұл жұмыстар тиісті бақылауда болуы қажет. Ел азаматтарының лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды заңнамалық қамтамасыз етуді көздейтін барлық бастамаларды Парламент әрқашан қолдауға және бірігіп жұмыс атқаруға дайын», деп қорытындылады Б.Бекназаров.
Үкімет сағатында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев баяндама жасады. Ол сенаторларға Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік қабылдаған шаралар туралы айтып берді.
«Іңкәрім» мектепке дейінгі білім беру академиясының бастығы, кәсіпкер Фархад Мәденов мектепке дейінгі білім беруге, әсіресе мұқтаж азаматтардың қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыруға арналған бірқатар ұсыныстар жасады. Ол аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы балаларға мектепке дейінгі білім беруге мемлекеттік жәрдемақы төлеуді заң жүзінде бекітуді ұсынды. «Табысы кедейлік шегінен аспайтын отбасылар мен көп балалы отбасылар балаларының тамағына 50%-дан аспайтын мөлшерде төлейтін норманы заңдастыру қажет. Бұл кішігірім болса да нәтиже береді, өйткені балабақшаларда әлеуметтік әлжуаз отбасыларынан шыққан балалардың үлесі артатын болады, олар қаржы тапшылығынан мектепке дейінгі мекемелерге келе алмайды», деді кәсіпкер.
Одан басқа, Ф.Мәденов балабақшаларда да, жеке мектептерде де мектепке дейінгі сыныптарды субсидиялау мәселесін шешуге кеңес береді; халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан шыққан балалар үшін мемлекеттік мектептерде мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту; балабақшаларда тәулік бойы жұмыс істейтін топтарды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру керек.
Талқылауға Сенат депутаттары Дариға Назарбаева, Георгий Ким, Сәрсенбай Еңсегенов, Серік Бектұрғанов, Нариман Төреғалиев, Төлеубек Мұқашев, Динар Нөкетаева, Мұрат Бақтиярұлы қатысты.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова шараны қорытындылай келіп, Үкімет сағатында айтылған ұсыныстар мен мәселелер Парламент депутаттарының жұмысында ескерілетінін және мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілетінін атап өтті.