Сәуір айының басында Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Александра Артеменконың мемориалы өтеді.
Егде тартқан жанкүйерлерге бұл есім жақсы таныс. 1928 жылы Ресейдің Краснодар өлкесінде туып-өскен ол кейіннен Қазақстанға қоныс аударды. Алматыдағы дене шынықтыру институтында оқып жүріп, тау шаңғысынан өткен көптеген жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, КСРО-ның 11 дүркін чемпионы және 21 дүркін жүлдегері, республика біріншілігінің 70 дүркін жеңімпазы атанды. Өзге де дүбірлі додаларда ел намысын абыройлы қорғады.
Александра Артеменко 1956 жылы Италияның Кортина-д'Ампеццо қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысты. Осылайша, оның есімі қысқы ғаламдық додаға қатысқан Қазақстанның тұңғыш спортшысы ретінде тарихта қалды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»