Қазақтың бағы да, дауы да жерге қатысты болған. Кең байтақ жерімізсіз халқымыздың бүгінгі халі нешік болар еді? Тұрақтайтын мекені, көңілге медет етер Отаны жоқ халықтар бар. Құс ұйқылы аталарымыз аттың жалында, атанның қомында жүріп, сыртқы көзден де, жаудан да қызғыштай қорғаған байлығымыз өткен ғасырдың 60-шы жылдары Ресейге кетіп қала жаздап, әупіріммен аман қалды. «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деген халқымыз.
Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің «Тың өлкесін құру» деген желеумен Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейдің құрамына қосуды көздеген жымысқы жобасына сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жұмабек Тәшеновтің тайсалмай қарсы шыққанын, қайсар қазақтың орынды дәлелдермен Хрущевті райынан қайтарғанын еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жалпы жұрт білді. Халқының, елінің, мемлекеттің мүддесі үшін өзінің мансабын осы күресіне құрбан етті. Ол республика Министрлер Кеңесінің төрағалығына 1960 жылдың 20 қаңтарында келіп, бір жыл толмай, нақ сол Хрущев жақтан «ескен желдің» екпінімен 1961 жылдың 6 қаңтарында кетуге мәжбүр болды.
І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың «Ақбас бүркіт» пьесасы бойынша қойылған спектакль осы саяси оқиғаны өзек етіп алыпты. Спектакльдің режиссері Қаныбек Дүйшенәлиев Қырғызстаннан шақырылған. Әрине, қойылым көтеріп отырған тарихи тақырып көрермендер үшін тың әрі өте өзекті. Сахнада бимен берілген қимыл-әрекет Кеңес Одағы кезіндегі «солқылдатып соғайық, бесжылдықтың балғасын» деп ұрандатқан өмірді көз алдымызға әкелді. Жалпы, өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасында тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі осы күнге дейін екі жақты пікірдің тай-таласына айналып келеді. Бір жағынан тыңды игергеннен кейін нанның молшылығы болды, қарын тойды, ауыл шаруашылығының дамуына жасаған ықпалын да ешкім жоққа шығармайды. Бірақ қазақ даласы Мәскеудің ұр да жық саясатымен жерді басқа-көзге қаратпай, негізсіз айқыш-ұйқыш жыртудың экологиялық зардабын шегіп отыр.Тың көтерудің қазаққа әкелер нағыз қасіреті бұл да емес еді... Хрущев сол науқанмен бірге дуылдатып, есірген күйі «тағы бір істі» бітіріп тастағысы келді. «Сүттің қаймағын сыпырғаннан кейінгі Қазақстанда кім бас көтере қояр дейсің?» деген де шығар-ау... Бірақ алдынан Жұмабек Тәшенов секілді қайрақтай жаныған сайын жанып түсетін кедергінің кездесерін Хрущев сезбеді. Қазақ халқының басына кезекті, ең ауыр нәубеттің келе жатқанын ойлаудың өзі ауыр еді көрерменге. Қазақтың айбынды ұлының Хрущевке егер Қазақстанның солтүстік аймағын «тың өлкесі» деген желеумен Ресейге беретін болса, онда 15 республиканың жер тұтастығын сақтау туралы жазылған КСРО Конституциясын өзгерту, тіпті халықаралық органдарға, Біріккен Ұлттар Ұйымының өзіне жүгіну туралы мәселе қоюы шиеленіскен оқиғаның шырқау тұсы болды. Осы жерден шала сауатты Хрущевтің меселі қайтты. Көрерменнің де көңілі орнына түскендей. Спектакльде тым қиял жетегінде кетпей, көркемдік шындық пен тарихи шындық арасының алшақтамағанын айтқан орынды.
– Мен үшін өз бетінен қайтпайтын, бірбеткей, қайсар мінездің адамы және білімді, іскер, терең парасатты Жұмабек Тәшеновтің Хрущев пен оның айналасындағылардың мысын басқан бейнесін алып шығу оңай болмады, – дейді өз кейіпкері жөнінде актер Нұрлыбек Кенжеахметов. Актердің бас кейіпкер тұлғасын даралауда ерекше ізденгені де байқалады. Спектакльде Хрущевтің рөлін белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров ойнайды. Шебердің аты – шебер. Сыртқы келбеті Хрущев сияқты екі иығы қушиған, шикі сары болмаса да, ол сахнаға шыға келгенде тұтас державаның тізгіні қолына тиген Хрущевті көрермен бірден таныды.
– Қойылымдағы кейіпкерлердің барлығы да негізінен халыққа кеңінен танымал Д.Қонаев, К.Ворошилов, Б.Момышұлы немесе Ы.Юсупов тағы басқа да тарихи тұлғалар болғандықтан, олардың көркем бейнесін жасау актерлердің ешқайсысына да жеңіл тимеді, – дейді режиссер Қаныбек Дүйшенәлиев.
Тарихи тұлға демекші, танымал тұлғалар спектакльде көрінгенмен, олардың сахнадағы оқиғаға қатысуы тым аз көрінді. Сахнаға шыққан үлкенді-кішілі әр кейіпкер қорабынан алынып, тұтатылатын шырпы секілді, олардың әрқайсысының сөзі мен қимылынан көрерменнің ой іздеп отыратыны бар ғой. Мысалы, Ворошилов немесе Жұмабектің анасы мен әйелі секілді кейбір кейіпкерлер «тұтанбай» қалды.
Әрине, спектакльдің көрерменге танымдық берері көп, тақырыбы өзекті шығарма екенінде дау жоқ. Бірақ көркемдік жағынан ақсаған тұсын көрермендер де байқаған сыңайлы.
– Мен шығарманың «Ақ бас бүркіт» аталғанына түсінбедім. Қазақ халқында бүркіт туралы «Ақ бас бүркіт» деген түсінік бар ма? Қазақтың ұғымында бұл құсты тегеурініне, алысты шалатын қырағылығына, байқампаздығына қарап түр-түрге бөледі ғой. Биік рухтың нысаны деп біледі. Қазақ бүркітті басына қарап сипаттаған емес, – дейді қостанайлық көрермен Дархан Абайділдә. – Хрущевтің аузына салғандай, қыран қораздардың көзін шұқи ма екен?
Сонымен қатар режиссер мен суретшіні сонау Қырғызстаннан алдырғанмен сахнаның безендірілуі көңілден шықты деп айта алмаймыз. Қырғыздың халық суретшісі Марат Шарафидинов салған, спектакльдің басынан аяғына дейін тапжылмай тұратын кітапхана сөрелері де қойылымның мазмұнын ашты деуге болмайды.
Кемшіліктері болғанмен, қойылым жеріміздің бүтіндігі жолында басын бәйгеге тіккен ержүрек қазақтың есімін бүгінгі ұрпаққа таныта түсуге қосылатын үлес. Театрдан шыққан әр көрерменнің көңіл төрінде Тәшеновтің айбынды да аяулы бейнесі бара жатты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ