Парламент депутаттарының аймақтардағы сайлаушыларымен кездесулерінде өңірлердегі өткір проблемалар жиі көтерілетіндігі заңдылық. Кей жағдайларда құзырлы орындар, оның ішінде құқық қорғау органдарының қисынсыз шешімдеріне қанағаттанбаған халық бізге тікелей арыз жазады.
Мәселен, былтыр жазда Атырау облысында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткізген кездесуімізге келген ауылдық тұрғындар бақташы бағатын мал жолды кесіп өткені үшін өздерінің жауапқа тартылып, айып арқалап жататынына арызданды. Өрісте жүрген мал көлік жолын кесіп, жол-көлік оқиғасын тудырса, үйде жатқан иесі жауапкершілікке тартылады екен. Онда тек айыппұл төлеттіріп қана қоймай, көлікке келген шығын да өндірілетін көрінеді. Ал ол аз ақша емес, алды бес миллион, соңы сегіз миллион теңгеге дейін жететін кездер болады. Бағып отырған он шақты қой, ешкі, екі-үш ірі қарасы және саманнан соғылған үйі ғана бар ауыл адамына бұл үлкен салмақ қой. Осыны айтқан тұрғындар бізден бұл шараның заңдылығын анықтап беруді сұраған еді.
Біз аймақтан келе салысымен қолданыстағы заңдарды қарап, қосымша мәліметтерді жинақтап, бұл мәселені жан-жақты саралап, зерттедік. Осы жүргізген жұмыстардың нәтижесінде құзырлы органдар мал иелерін заңсыз жазалап келгендігіне көз жеткіздік.
Қазақстанның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінде жол-көлік оқиғалары бойынша әкімшілік жауапкершілікті көздейтін баптар бар. Солардың ішіндегі 615-620-баптарда жол бойында, малды қағып кеткені үшін жауапкершілік көзделген. Бірақ бұл баптың негізінде уәкілетті мемлекеттік органдар мен соттар мал иелерін жауапкершілікке тартып келген. Мұндай шешімдер заңсыз болған. Себебі «Жол жүрісі туралы» Заңның 1-бабы 15-тармағының, «Жолда жүру ережесінің» 2-тарауының 2-бөлігі 26) және 31) тармақтарының және ӘҚБтК-нің 615-бабында көрсетілген ескертпенің мазмұны мен мағынасы бойынша, үй жануарларының иелері, егер де жолда ат арба көлігін басқармаса, мініс малын немесе табынды айдамаса, жол жүрісінің өзге де қатысушылар санатына жатпайды. Демек, мұндай азаматтар құқықбұзушылықтың субъектілері болып табылмайды. Ал өз кезегінде оларды ӘҚБтК-тің 615-620-баптары бойынша жауаптылыққа тартуға құқықтық мүмкіндікті шектейді. Яғни, аталған Кодексте үйде жатқан мал иесі жауапқа тартылу керек деген талап жоқ. Ауылда малды ақшасын төлеп, бақташыға бағуға береді. Ол таңертең алып кетіп, ауылға кешке бір-ақ әкеледі. Ал жол-көлік оқиғасына мал иесінің ешқандай қатысы жоқ. Алайда, бұл ескерілмей, мал иесі жауапқа тартылып, машинаға келген шығын солардан өндіріліп келген.
Сондықтан мал иелеріне қолданылып келген шараның заңға қайшы екенін дәйектеп жазып, заңдылықты қадағалайтын орган – Бас прокуратураға жібердік. Бұл құзырлы орган 2 айға жуық аталған фактілер бойынша жанжақты талдау жұмыстарын жүргізіп, соның қорытындысы негізінде біздің уәждеріміздің бәрін қолдап, Жоғарғы сотқа кассациялық наразылық жасады. Бүгінде соның нәтижесінде әкімшілік соттың практикасы түбегейлі өзгеріп отыр. Негізінде бұған дейінгі екі жыл ішінде 500-ге жуық адам тек осы мәселе бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл арқалаған екен. Бұл – осынша адам әбігерге түсіп, біршама шығынға ұшыраған деген сөз.
Бүгінде Бас прокуратура тарапынан Ішкі істер министрлігімен бірге барлық облыстық, республикалық маңызы бар қалалық прокурорларға мұндай заңсыздыққа жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Яғни, ендігі жерде мұндай жол-көлік оқиғалары бойынша мал иесін әкімшілік жауапкершілікке тартпау туралы нақты нұсқау беріліп отыр. Бұл үй жануарларына қатысты жол-көлік оқиғасы бойынша көптеген адамдардың жазықсыз жауапты болуына тосқауыл қойылады деген сөз.
Шынтуайтына келгенде, Жолда жүру ережесінде мал иелерінің міндетіне үй жануарлары жолға шығып кететін жағдайды жоққа шығармайтын кезде, оларды қараусыз қалдыруға болмайды деген нормалар бар. Бірақ Әкімшілік кодексте осы нормалар бұзылған жағдайда олардың жауапкершілігі қарастырылмаған. Қателік, істі қарау барысында аталған кодекстегі талаптарға қарамай, тек ережелерді ғана негізге алудан туындаған. Бұл – біліксіздіктің бірден-бір көрінісі. Осының салдарынан адам құқы тапталып отыр. Мұндай жағдай көбіне азаматтардың әділдікке, мемлекет саясатына деген сенімінің жоғалуына әкеліп жатады. Ең қиыны да осы.
Мансұрхан МАХАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты