Тараптар құқын қорғауда адвокаттар рөлі зор. Тергеуде де, сот барысында да олар нақты дәлелдерді алға тартып, заңдылықтың үстемдік құруына атсалысады. Алайда, олардың қорғаудағы қауқары әлі күнге төмен. Кейбір адвокаттардың дәлелі өтпей, сот пен прокуратураның дегені болып жатады. Ал заң бойынша олардың құқы кіммен болса да бірдей деп есептелінеді. Ендеше мұндай кереғарлық неліктен туындайды?
Адвокаттардың рөлін күшейту мақсатында былтыр «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға қол қойылды. Бірақ бұл заңда адвокаттардың құқы толық қамтылды деп айтуға әзірше болмайды. Себебі заң мен өмірдегі жағдай барысы үйлесім таба алмай отыр. Оның үстіне адвокатураның ұйымдастыру мәселелері, адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарға аттестаттау жүргізу тәртібі мен шарттары, аттестаттаудан өтуден босатылу мәселелері әзірше қажетті деңгейде шешілген жоқ. Қазір аталған заң талаптарының ішінде шешуін таппай отырған мәселелердің бірі – адвокаттардың мінез-құлық қағидаларын бекіту. Сонымен қатар адвокаттардың кәсіптік деңгейін көтеру және адвокаттық қызметтің қауқарын қамтамасыз етуді ұйымдастыру жұмысы аумақтық және Республикалық адвокаттар алқасының алдында тұрған басты мәселенің бірі көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заң өмірге енгенмен, одан ең маңызды мәселе – қорғау сапасы арта қойған жоқ дейді сарапшылар. Өйткені заң басқа, өмірдегі іс бөлек. Ең басты себеп – сот тәуелсіздігінің жоқтығы екен.
Мұны біз хабарласқан адвокаттардың өздері де жоққа шығармайды. Мәселен, адвокат Сейфулла Шыңғыс: «Тергеу кезінде біз тергеушілердің кемшіліктерін сотқа жеткіземіз. Бірақ олардың бәрі қаперге алынбай қалады. Мәселен, біреуге тағылған айып дәлелденбей тұр дейік. Енді заң бойынша ол күдікті ақталуы тиіс. Алайда, судья мұндай кезде прокурормен ақылдасады да, іс бабын басқа бапқа ауыстыра салады. Ақыр аяғында әлгі күдікті айыпты болып, сотталып шыға келеді. Мұның себебі не? Ол сот тәуелсіздігінің жоқтығынан. Егер сот тәуелсіздігі орнаса, бір-ақ сәтте адвокаттар құқы артып шыға келеді. Қазіргі таңда заңда жазылғандай, яғни, адвокат пен прокурордың заң алдында тепе-теңдігі жоқ. Бұрынғы жүйе сақталып қалған. Өткенде Арыс ауданында бір іске қатыстым. Сонда үш жігіт төрт мал ұрлаған екен. Бұл дәлелденіп тұр. Және өздері де оны мойындады. Бірақ оларға бұрын ұрланған 25 малды да ұрлаған осылар деп, яғни қосымша ашылмай жатқан істі мойындарына арта салған. Сотқа соның бәрін дәлелдеп көрсеттім, бірақ нәтиже болмады», дейді.
Ендеше бұл орайда бізге де біртіндеп, америкалық жүйені енгізу қажет пе дейміз. Өйткені онда тергеушілер қылмыстық іс дәлелдерін жинап, прокурорға береді. Сол сәттен бастап әрі қарай барлық тергеуді прокурордың өзі жүзеге асырады. Кейін сол істі өзі сотқа тапсырады. Сосын адамның кінәлі, кінәсіздігіне тікелей өз арымен жауап береді. Ал бізде бар кемшілікті полицияға арта салады. Ұстаған солар, тергеген солар, прокуратура тек заңдылықты қадағалады дейді. Егер Американың құқықтық жүйесінде адам негізсіз сотталса прокурор оған басымен жауап береді.
Адвокат С.Шыңғыс айтқан ащы шындыққа келіспеске амал жоқ. Адвокаттардың талапкерлердің ісін сотта қарау кезінде сынық сүйем кем басып жататыны заңды білмегендіктен немесе өз ісін жетік меңгермегендіктен емес. Оларға «өгей» ретінде қарау да басым көрінеді. Бұл туралы адвокат Белгібай Сахариев өз ойын ашық білдірді. «Мәселен, Түркияда сот талқылауы барысында адвокат та, судья да және прокурор да үстеріне бір қалыптағы мантия киеді. Бұл нені білдіреді? Бұл заң алдында бәрі тең деген сөз. Конституциямыз заң үстемдігін талап етер болса, онда біз де, яғни заң қызметкерлері әрқайсымыз заң үстемдігінің сақталуына жағдай туғызуымыз қажет. Бізде сот процесі кезінде оған қатысатын прокурор шені жарқыратып оқалы киімімен отырады. Осы жерде майор немесе полковник шеніндегі прокурордың сөзсіз мысы басады. Прокурор өзінің шешімі бекімесе, санкция беретіндігін айтады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде олардың құқықтары бірдей. Бірақ сот процесі кезінде прокурордың шешімі басты назарға алынады», дейді ол.
Әрине, қорғаушы Б.Сахариевтің айтқанына сүйенсек, судья, прокурор және адвокат арасында теңдік болмаған соң істің ақ, қарасын анық дәлелдеуге олардың дәрмені жетпей қалады екен. Сот төрелігін жүргізуде адвокаттар рөлі төмен болатындығын Республикалық адвокаттар алқасының төрайымы Кадыржан Баймұханова да жасырмайды. «Шешімін өз деңгейінде таппай отырған мәселелердің бірі – адвокаттардың қылмыстық процестегі рөлін көтеру. Қылмыстық процестік кодексте белгіленген сот төрелігiн заң мен сот алдындағы теңдік бастауларында жүзеге асыру және сот iсiн жүргiзудi тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы негiзiнде жүзеге асыру – қылмыстық процестің іргелі қағидаттарының бірі болып табылады. Осы қағидаттарға сай айыптаушы мен қорғаушы тараптың теңдігі қамтамасыз етілуі қажет. 2017 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Алайда, бұл заңға сай, қылмыстық процесте ең алдымен адвокаттардың процестік мүмкіндіктерін кеңейту есебінен қылмыстық процестің жарыспалылығы артып, қылмыстық істерді тергеу рәсімдерін оңтайландырып, сотқа дейінгі сатыда сот бақылауы одан әрі күшейеді деген үмітіміз әзірше ақталмады. Сондықтан осы мәселе бойынша Конституциялық Кеңеске адвокаттық қоғамдастықтың ұсыныстары жолданды», дейді ол.
Десек те, аумақтық адвокаттар алқалары мен Республикалық адвокаттар алқасы қазіргі уақытта жаңа форматта жұмыс істеуде. Алдағы қараша айында адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы шақырылып, онда бір қатар құжаттар қабылданбақ.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Egemen Qazaqstan»