Ел газеті «Egemen Qazaqstan» газетінің 2017 жылғы 11 шілдедегі санында белгілі журналист Сағидолла Сиқымбайұлының аттары аңызға айналған 28 панфиловшының бірі, Кеңес Одағының Батыры Мұсабек Сеңгірбаевқа кіндік қаны тамған Бақанас ауылындағы (Алматы облысы, Балқаш ауданы) №1 Бақанас орта мектебіне атын беріп, лайықты құрмет жалғасын тапса деген бір топ соғыс және еңбек ардагерлері ұсынысымен жазылған «Балқаштан шыққан батыр» деген материалы жарық көрген еді.
Ұлыстың ұлы күні балқаштықтар батыр жерлестері – №1 Бақанас орта мектебіне Мұсабек Сеңгірбаевтың есімі берілуі салтанатты шарасының куәсі болды. Елін жаудан қорғау жолында қаза тапқан Мұсабек Сеңгірбаев сынды ұлықты елдің рухты ерінің атын елге таныту, ғасырлардан ғасырларға жеткізу – ел алдындағы қасиетті парыз. Көпшіліктің тілегі қабыл болып, 2019 жылдың 25 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Алматы облысының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» №17 қаулысы шықты. Аталған қаулыда Балқаш ауданы халқының бас басылымның мақаласында айтылған ұсынысы ескеріліп, Алматы облысы, Балқаш ауданы №1 Бақанас орта мектебін «Балқаш аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі шағын орталығы бар Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орта мектеп» мемлекеттік коммуналдық мекемесі деп атау көрсетілді. Осы қаулының күшіне енуіне байланысты №1 Бақанас орта мектебінде Наурыз мерекесі күні мектепке батырдың аты берілу салтанатты шарасы өткізілді. Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов, батырдың туған немересі Төлеген Мұсабеков, генерал Панфиловтың немерелері – Алматыдағы 28-панфиловшылар әскери-тарихи мұражайының директоры Алуа Байқадамова, қоғам қайраткері Айгүл Байқадамовалар салтанатты шарада өздерінің батыр есімінің ұлықталуына байланысты қуаныштарын жеткізді. Жиналған қауым ел газеті «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына осы шараның орындалуына бастама көтеріп, мұрындық болғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»