Алматыда қаланы көгалдандыру жұмыстары қарқын ала бастады. Жасыл экономика басқармасындағылардың мәліметінше, шаһардағы Әл-Фараби даңғылының бөлу жолағының бойына Желтоқсан көшесінен Ходжанов көшесіне дейін жапырақты және қылқанжапырақты 700-ден астам ағаш отырғызу жоспарланған.
Жергілікті бақтарға терек, шырша, емен отырғызу ісі де қолға алынған. Мамандар 5,5 мың шаршы метр аумаққа гүлдер мен шыбықтар егілетінін айтады. Гүл өсінділерін дайындау 5-сәуірге дейін созылмақ.
Көгалдандыру науқаны барысында көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Полиция департаментіне жол-патруль топтарының санын ұлғайту тапсырылған.
«Қоршаусыз қала» қағидасы бойынша шаһардағы ескі қоршауларды алып тастау жұмыстары алдағы күндері аяқталады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ