Туиттер-саясат және жаңа мәлімдеме. Трамп 21 наурыз күні өзінің Туиттердегі парақшасында «52 жыл өткен соң Голан мекенін Израиль меншігі деп мойындайтын кез келді» деген жазбасын қалдырды. Ал кейінірек Америка басшысы өзінің бұл қадамын Израиль мемлекетінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасағанын айтып, ақталды. Жалпы, Трамптың туит-жазбалары кейін АҚШ-тың саясатына айналарына бірнеше рет көз жетті. Бұл жолы да солай болды. Әрине жерінен айырылып отырған Сирия қарап отырғысы келмейді. Сирияның БҰҰ-дағы елшісі Башар Джафари: «Біз бірнеше күн бұрын Қорғаныс министрімен кездесу өткізіп, Голанды барлық мүмкіндікті қолданып қайтаруға тиіспіз деген ұйғарымға келдік. Солардың қатарында заңды, әскери тәсілдер де бар. Қаруға басқа амал қалмағанда жүгінуге мәжбүр боламыз. Голан жоталары 1967 жылы оккупацияланды. Трамп пен оның әкімшілігінің санасы өзгергенін күтіп отыра алмаймыз», – деп мәлімдеді.
Жақында аяқталған азаматтық соғыстан әлсіреп, экономикасы құлдыраған Сирия елшісі Башар Джафари айтқандай жерін қайтару үшін Израильмен ашық соғысқа баруы мүмкін бе? Меніңше, екіталай. Қуаты жағынан әлемде 16-орын алатын Израиль армиясына Сирия әскері қарсы тұра алмасы анық. Оған қоса, 52 жыл бойы Голан жотасы үшін ашылмаған соғыстың енді жақын аралықта басталуына сену қиын.
Әлем не деді? Алайда АҚШ-тың Израиль иелігін мойындағаны өзге елдер де осы позицияда деген сөз емес. Керісінше. Ең алдымен, БҰҰ Голан жоталары Сирия жері деген ұстанымынан айнымады. Кейін Еуроодақ та Израильдің иелігін мойындамайтынын мәлімдеді. Ресей о бастан қарсы. Оған қоса, Мәскеу соңғы 3 жылда Сирия үшін соғысқанын еске алсақ, онда Ресей бұл мәселеде үнемі Израильге қарсы болары белгілі. Тіпті АҚШ-тың жақын одақтастары Сауд Арабиясы мен Кувейт те Дональд Трамптың бұл қадамын сынады. Қысқасы, Израиль тарапында тек қана Америка, Сирия жағында қалған әлем.
Трамп неге мойындады? Енді Дональд Трамп Голан жоталарын неге мойындады және сәйкес бұйрыққа неге қазір қол қойды деген сауалға келсек. Біріншіден, Трамп билікке келгелі бері Израильді жақтап келеді. Осы мемлекет үшін Иранмен жасалған ядролық келісімді бұзды, ЮНЕСКО құрамынан шықты және БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңестен шықты және АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшірді. Осы арқылы Иерусалим қаласы Израильдікі деп тағы мойындады. Ал бұл шешім палестиндіктердің ашу-ызасын туғызып, соңы қарсылыққа ұласып, 60 адам көз жұмды, 2700-і жараланды.
Ал Голан жоталарын қазір мойындауының бір себебі Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға Парламент сайлауы алдында қолдау көрсету. Өйткені бұл елде Парламенті Кнессетке сайлау 9 сәуірге жоспарланған. Аз уақыт қалды. Қазіргі болжам бойынша Нетаньяху партиясы екінші орын алуы мүмкін. Оған қоса, ақпан айында бұл елдің Бас прокуроры премьер Нетаньяхуға жемқорлық және алаяқтық баптары бойынша айып тағылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Яғни бұл жаңалықтар сайлау алдында оның электорат арасындағы абыройын күрт түсіріп жіберуі мүмкін. Сәйкесінше, Нетаньяху биліктен кетуі ғажап емес. Міне, осы қатерлерді ескере отырып, Дональд Трамп оның абыройын көтеріп, қолдау үшін Голан жоталарын дәл сайлау алдында Израиль жері деп мойындады. Оған қоса, Трамп пен Биньямин Нетаньяхудың саяси көзқарастары көп жағдайда сәйкес келеді. Мәселен, екеуі де Иранмен жасалған ядролық келісім қауіпті деп есептейді. Алайда бұл келісімді қолдайтын әрі қазіргі премьерге қарсы шығатын Израильдің өзінде басқа саясаткерлер аз емес.
Халықаралық құқық қайда қалды? Сонымен АҚШ-тың Голан жоталары Израиль меншігі деп жариялауы нені көрсетті? Біріншіден, кез келген елде саяси басшылықтың ауысуы бұл мемлекеттің саясатын өзгертіп жіберуі мүмкін екен. Мәселен, Трамқа дейін Барак Обама Израильге соншалық қолдау білдірмеді, қайта Палестинаның мемлекет болып құрылуын қолдады және Иранмен ядролық келісім жасауға мүдделі еді. Екіншіден, халықаралық құқық кейде ақиқат жақта емес, білектінің жағында болуы мүмкін екен. Мәселен, АҚШ Ресейдің Қырымды басып алғанын сынап, санкция жариялап келеді. Ал бірақ өзі Израильдің Сириядан жаулап алған жерін мойындады. Сондай-ақ Ресей де Украинадан Қырымды оккупациялап, оны өз жері деп жариялады, бірақ Израильдің Голан жоталарын иемденуіне қарсы. Жалпы, әлемдік саясатта халықаралық құқықтың емес, қуатты армияның сөзі жүретін мұндай жағдайлар жетерлік.