• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:15

Адам капиталы – елді сапаландыратын негіз

10 рет
көрсетілді

Қазіргі жастарды белсенді азаматтық ұстанымға, кәсіби және жеке дамуға ынталандыру маңызды. Бұл туралы Президент іс басқармасы жанындағы Президент­тік орталықта өткен панель­дік пікірталаста айтылды. Іс-шараға Астана мен Алматы қаласы жоғары оқу орындарының шамамен 60 студенті қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар зияткерлік әлеует, оның қоғамдағы рөлі мен қазіргі заман талаптарына сай жастардың даму бағыттары жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Басқосуда Орталық директоры Бақытжан Темір­болат қабылданған жаңа Конс­титуцияда адам капиталы ең басты құндылық ретінде айқын­далғанын атап өтті.

«Кездесу еліміздің сая­си дамуының маңызды кезеңінде өтіп отыр. Жаңа Конституцияның бас­ты қағидатының бірі – азаматтың, оның құқық­тары мен мүдделерінің басымдығы, сондықтан адам капиталы еліміздің басты байлығы болып жарияланды. Бүгінде білім, құзырет, инновациялық ойлау және белсенді азаматтық ұстаным – прогрестің негізгі қозғаушы күші. Бұл – студент жастар үшін айрық­ша маңызды», деген ол елдің бола­шақ кадрына үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.

Б.Темірболаттың айтуынша, бүгінгі жастар – ертеңгі білікті мамандар, ғалым, инженер, педагог пен дәрігер ретінде мемлекеттің зияткерлік әрі кәсіби негізін қалыптастырады. Осылайша, Орталық директоры отандастарымызды жан-жақты дамуға, білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, ел игілігі жолында қызмет етуге шақырды.

Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, бүгінде елімізде 14 пен 35 жас ара­лығындағы шамамен 6 миллион жас бар. Бұл – жалпы халық санының 28 пайызы. Демек, жастар ел­дің әлеу­меттік-экономикалық дамуында шешуші рөл атқарады.

Басқосуда Мәжіліс депутаты Никита Шаталов адам капиталына салынған инвес­тицияны елдің болашағы­на жасалған инвестиция ре­тін­де бағалады. Ол мемлекет азаматтарды қолдап қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау керек деді. Сонымен қатар қазіргі еңбек нарығында тек кәсіби білім емес, табандылық, ішкі тәртіп, бейімделгіштік және дұрыс шешім қабылдай білу секілді жеке қасиеттердің маңызды екенін айтты.

«Бір салаға шектеліп қалмай, әртүрлі бағытта даму, көзқарасты кеңейту, тәжі­рибе жинау керек. Дәл осы қа­­сиеттер икемді ойлауға үй­ре­тіп, уақыт ағымы жүйрік за­ман­­да сұранысқа ие болуға мүм­­кіндік береді», деді депутат.

Рио-де-Жанейро Олим­пиада­сы­ның қола жүлдегері, Азия чемпио­наты­ның екі дүркін жеңімпазы, Азия ойындарының жүлде­гері, ҰОК спортшылар комиссиясының мүшесі Эльмира Сыздықова жас буынға өз ісіне адал болуды, мақсатқа жету жолында табандылықтың маңызын түсіндірді.

«Ең бастысы – адам өз ісінен ләззат алуы керек. Спорттағы ұзақ жылғы тәжірибемнен түйгенім – қиындыққа мойымай, сәтсіздікке мұқалмай, арманыңа адал болу. Қазақта «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дейді. Кейде алға ұмтылуға батыл шешім қабылдап, тәуекелге бара білу қажет», деді спортшы.

Кәсіпкер Асылжан Қази студенттерге бизнестегі тәжірибесімен бөлісіп, қиындықтарды еңсеруге көмектесетін кеңесімен бөлісті. Сондай-ақ әр адам­ның өнімді еңбегі, ел өміріне белсенді қатысуы мықты әрі әділ Қазақстанның негізін қалыптастыратынын атап өтті.

Пікірталас аяғында қаты­сушылар кәсіби даму, жеке бренд қалыптастыру, заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие болу бағытында нақты ұсыныс алып, өздерін толғандырған сұрақтарын да қойып үлгерді.