Кино нарығында өткір қойылып отырған осы мәселемен мүдделі жандар арнайы айналыспаса, режиссердің еңбегі еш, тұзы сор болғаны – болған.
Сөйтсе де қоғамның өсуіне керекті, көрермен талғамын жаңа сапаға көтеретін көркем туындылардың негізгі қозғаушы күші коммерциялық фильмдер екені белгілі болды. Кино – қымбат өнер. Сапалы өнер үлкен қаржының қолдауымен ғана дүниеге келеді. Бұған биік өнерді жасайтын шығармашылық тұлғалардың да, қарапайым адамдардың да көзі әбден жетті. Ал талантты режиссерлердің бәріне министрлік бөлетін қаржы жете бермейді, ол үшін «Қазақфильмге» кезекке тұруы керек, кезегі келіп жеткенше шығармашылық шабытынан айырылып, пісіп-жетіліп тұрған ойы мен идеясы солғын тартып қалуы мүмкін.
Міне, осы жағдайдың бәрін сараптай келіп, өнер саласында еңбек етіп жүрген шығармашылық ұжымдарға инвесторлар тартып, отандық және әлемдік кино нарыққа қазақстандық сапалы туындыларды ұсынуды мақсат еткен «Bilte invest» компаниясы отандық киноиндустрия саласымен бірлесе жұмыс істеуді қолға алмақ. Инвестициялық компанияның іргетасын көтерген құрылтайшыларының бірі қаржыгер, продюсер Едіге Қожахметтің айтуынша, бүгінгі күнге дейін қазақстандық кино мен шоу-бизнес нарығы ірі бизнес өкілдері мен инвесторлар тарапынан мақсатты түрде қолдау көрген жоқ. Өнер мен қаржы бір-бірімен тығыз байланысты болса да, екеуінің аты қатар аталмады, ал аталғандай болса, ол тек бір жақты меценаттық тұрғыдан ғана байланыстырылатын еді. Қазір нарық қалыптасып келеді, табыстылық тұрғысынан қазақстандық инвесторлар бұл салаға енді көңіл аудара бастады. Белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов те мұндай игі бастаманы қолдайтынын және еліміздегі киноиндустрия саласын дамытуда дәл осындай шаралардың қолға алынып жатқанына қуанышты екенін білдірді.
«Bilte invest» компаниясы, коммерциялық кинодан бастап, медиа және ойын-сауық саласына, тіпті ютуб жобаларына дейін инаестиция салуды көздейді. Қазіргі уақытта қазақстандық, малайзиялық және жапониялық инвесторлар жобаларды жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп те кеткен. Тәжірибе ретінде алғашқы киноға қаржы салынып, ол қазір прокатқа шығуға дайындық үстінде. Дәл бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрерменге жол тартатын фильм «Мама + Папа» деп аталады. Сондай-ақ, компания тек кино ғана емес, музыка саласындағы продюсерлерді, шоу-бизнес өкілдерін де серіктестікке шақырып отыр.
«Bilte invest» компаниясы коммерциялық мақсатта құрылғанымен, жұмыс бабында ұлттық, адамзаттық құндылықтарды дәріптеуге, адамгершілікті, ізгі қадір-қасиеттерді үлгі тұтуға барынша мән береді. Сонымен қатар қазақстандық шоу-бизнес және киноөнімдерін экспорттау бойынша жүйелі жұмыс атқару жоспарланып отыр», – деді Едіге Қожахмет.
Қазақстан киносына қаржы салуға ықылас танытып отырған малайзиялық кәсіпкер Хайрул Назим соңғы жылдары біздің еліміздің кино өнерін қадағалап жүргенін, сондықтан талантты шығармашылық топтың әлеуетіне сенім білдіретінін, ал мұның өз кезегінде Малайзия мен Жапонияның, жалпы Азияның кино прокатында жақсы мүмкіндік сыйлайтынын жеткізді.
«Bilte invest» биылдың өзінде бес кинокартинаға инвестиция салуды жоспарлап отыр. Оның ішінде таза Қазақстан нарығына арналған коммерциялық фильмдер және халықаралық нарыққа арналған фильмдер бар. Компанияның тағы бір құрылтайшысы Алжанбек Болысбекұлының пікірінше, қаржысын көпшіліктің рухани талғамын қалыптастыруға жұмсаған кәсіпкер көп нәрседен ұтады. Бұл бір жағы, осы саладан тұрақты табыс көргісі келетіндерге жақсы мүмкіндік болса, ең бастысы, серіктес кәсіпкерлердің қаржысы адам үшін ізгі, пайдалы мақсатқа қызмет етеді.
АЛМАТЫ