• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Сәуір, 2019

ММА: Қайрат Ахметовтың асығы алшысынан түсті

471 рет
көрсетілді

Төрткүл дүние жанкүйерлері тағатсыздана күткен ережесіз жекпе-жектен One FC нұсқасы бойынша Гран-при турнирі басталды.

Жеңіл салмақтағы ең үздік сегіз спортшының басын қосқан жарыс Жапонияның астанасы – Токиода өтті. Ширек финалында Қайрат Ахметов австралиялық Рис МакЛаренмен шеберлік байқасты. 31 жастағы қандасымыздың қандай қарулы екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Өзінің спорттық карьерасында Қайрат 25 жекпе-жек өткізіп, 23 мәрте жеңіске жетті. Кезінде ол осы ұйымның чемпионы да болды. 27 жастағы МакЛарен де осал спортшы емес. Жасыл құрлықтың өкілі 18 кездесудің 12-сін өз пайдасына шешкен. Үш раундқа созылған бұл бәсекеде ұпай санымен жеңіске жеткен Ахметов жартылай финалға шықты.

Сөз орайы келгенде, осы турнирдің басты фавориті – 32 жастағы Деметриус Джонсон екенін айта кетуге тиіспіз. 2012 жылы UFC-дің теңдессізі атанған АҚШ-тың өкілі өзіне тиесілі чемпиондық атақты 2018 жылға дейін 11 мәрте сәтті қорғаған.