Осы күнге дейін Қазақстанда донорлық бауырдан 282 науқас қалыпты өмірге қайта оралса, оның ішінде донорлық ағзаның 47-сі мәйіттен алынған. Бауыр трансплантациялауда 120-ға жуық ота Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы хирургия орталығына тиесілі. Сол сияқты бұл жерде 23 балаға донордың бауыры салынды.
Орайы келіп тұрғанда атап өткен жөн, аталған хирургиялық орталық керекті ағзаның 10 пайызын мәйіттен алады. Алайда мамандар 15 жылдан бері мәйіттің бауырын туысқандарының рұқсатынсыз-ақ пайдалануға болатын заң әрекет етіп отырғанына қарамастан, мәйіттің бауырын алуға бара бермейді. Бұл мәселе заң жүзінде реттелгеніне қарамастан, оның дау-дамайы мен машақаты әлі де жеткілікті.
Ал тірі донорға келетін болсақ, елімізде бірінші болып, екі туысқанынан бауыр алып отырған 37 жастағы Нұркен Сейітқұловқа 8 бірдей ет жақыны бауырын беруге әзір болған екен. Бірақ бәрінде де өзінде қалатын сол жақ бөлігі 30 пайыздан аз болып шыққан. Әйтпесе, үш баланың әкесі Нұркеннің шешесі 9 апалы-сіңлілі екен, тек бөлелерінің саны 54-ке жетіпті.
Азиялықтардың анатомиялық ерекшелігі сонда, туысқанына бауырын бөліп беретін донорлар тез табылғанымен, көп жағдайда оның өзінде қалатын сол жақ бөлігі 30 пайыздан кем болып шығады екен. Бұл ерекшелік адамның дене салмағы, жеген тамағы мен өмір салтына да байланысты көрінеді.
Қазіргі таңда Dual graft технологиясымен бауыр алмастыруда Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Өйткені жоғарыда атап өткендей, бұл елде де азиялықтарға тән ерекшелікпен, көп жағдайда табылған донорлардың өзінде қалатын бөлігі 30 пайыздан кем болып шығады. Сондықтан да корейлер 2000 жылы бір науқасқа екі бірдей донордың бауырын салу тәуекеліне барады.
– Біздің бұдан әрі донор іздей беретін уақытымыз да қалмады. Бауыр терминалды ауруына шалдыққандар үшін трансплантация – тығырықтан шығатын жалғыз жол. Періштесі жебеп, ауыр науқастан кейін қатарға қосылған Нұркен дәл осындай ерекше отаға келіспегенде, айналасы бір жылдың ішінде көз жұматын еді, – дейді мамандар.
Тіпті адамның етінен ет емес, бауырының кемі 65 пайызын кесіп алатын мұндай ота онсыз да күрделі. Үш бірдей операциялық блокта үш адамға қатар жүретін отаға кем дегенде тікелей 30 медицина маманы қатысады. Және 15-20 сағатқа дейін созылатын отадан кейін алғашқы тәуліктерде реципиент ғана емес, донорлардың да денсаулығы қиын жағдайда болады.
Дегенмен, Қазақстанда алғаш рет жасалған Dual graft отасы аса сәтті өтті деуге болады. Науқас пен донорлардың жағдайы қалыпқа келгеннен кейін А.Сызғанов атындағы ҰҒХО АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов журналистердің сауалдарына жауап беріп, еліміздегі бауыр алмастыруға қатысты жан-жақты баяндады. Ал әріптестерімізге реципиентпен ғана емес, екі донормен де тікелей жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.
«Бұл ота техникалық тұрғыдан өте күрделі. Алғашқы ота 15 сағатқа созылды. Бақытымызға орай бәрі де сәтті өтті. Қазір екі донор отбасына оралды. Ал бауыр салынған азамат қазір ауруханада жатыр. Жағдайы бірқалыпты», деді Б.Баймаханов.
А.Н.Сызғанов атындағы хирургия орталығы 15 сағатқа созылған отаны Оңтүстік Кореядағы «Асан» медициналық орталығының профессоры Sung-Gyu Lee мырзамен бірігіп жасады.
Қысқасы, 37 жастағы Нұркен Сейітқұловқа «бауыр циррозы» диагнозы қойылғаннан кейін, соңғы жылдары ауруы асқынып, трансплантацияға мұқтаждық туған. «Мен өзімнің ауруым жайлы 3 жыл бұрын білдім. Толық тексеруден өткен соң маған бауыр ауыстыру қажеттігі айтылды. Үлкен әулеттен шыққанбыз. Анамның 9 сіңлісі бар. Олардан 54 бөле тараймыз. Туыстарымыздың көпшілігі донор болуға келісті. Бірақ олардың ішінде соңында осы екі туысқанымның ғана бауырлары сәйкес келді. Алдымен – Аллаға, екінші дәрігерлерге алғысымды айтамын. Ел қатарлы өмір сүретін болдым. Операциядан кейін жағдайым жақсарды», дейді 37 жастағы Нұркен Сейітқұлов.
«Туысқандар арасында, отбасымызда бұл жағдай әрине талқыланды. Бірақ донорлықтан бас тартқан жоқпыз. Ең бастысы ағамыз қасымызда. Жаны аман қалғанына қуанамыз», дейді бөлесі Оразбек Өдікей мен нағашысы Мадияр Оспан.
Ал А.Н.Сызғанов атындағы хирургия орталығы тек өткен жылы 22 науқасқа тірі донордың бауырын салған. Бұл күндері Трансплантациялау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының мәліметтеріне сәйкес 332 науқас бауыр алмастыру кезегінде тұр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ