«Неоқазақ» хореографиясы дегенді естіп, көпшілік: «Сонда бұл «жаңа қазақ» биі ме?» деп шатасып, дұрыс түсінбеуі мүмкін. «Нео» – бұл жаңаша түр. Бірнәрсені жаңадан ойлап табу, шығару емес, өз заманыңның тынысымен жеткізу. Яғни мен би өнерінде бұған дейін қалыптасқан үлгі мен дәстүрді жалғастыра отырып, оған заманауи жаңашыл леп, бағыт әкелуге талпынып көрдім. Әрі оның ғылыми термин ретінде айналысқа енуіне мұрындық болдым. Әйтпесе, ескі мен жаңаның тоғысы қай дәуірде де болған. Ал бұл синтез көрерменге қазақ халқының салт-дәстүр, жалпы тұтастай ұлттық болмысының терең мағынасын жеткізуге мүмкіндік береді», дейді А.Садықова.
Анвара – қазақтың ұлттық би өнерін классикалық әрі заманауи хореографиямен үйлестіре дамытушы педагог, зерттеуші. 9 жасында ең алғаш би әліпбиімен танысқан болашақ өнер жұлдызы Балқаштағы «Ветерок» ансамблінің құрамына қабылданады. Кейін Алматыға оқуға жолдама алады. Оның кәсіби хореография саласындағы алғашқы баспалдағы осылайша Балқаш қаласындағы шағын ғана би ансамблінен басталған болатын. Мұны кейіпкеріміздің өзі былайша еске алады: «Анам менің биге қатысатынымды естігенде, қызығушылығыма айрықша мән беріп, көңіл бұра қойған жоқ. «1-2 күн барады да, қояды ғой» деп ойласа керек. Өйткені ол кезде мен гимназиядағы оқуыммен қатар скрипка сыныбында сабақ алып жүрдім. Сондықтан да анам менен биші емес, болашақ музыкантты көруі де ғажап емес еді. Бірақ сәл кейінірек ұстаздарым анамды шақырып, мені Алматыға оқуға жіберуді ұсынды. Мұғалімдердің айтқанына құлақ асып, сөйтіп анам екеуміз Арқадан Алатаудың баурайына жол тарттық. Балалық шағым мен алғаш биге барған кезім жайлы сөз болғанда осы «Ветерок» би ансамблі мен ондағы ұстаздарым Иван мен Людмила Струсинскийлердің еңбегін ерекше құрметпен еске аламын. Бұл кісілер менің ғана емес, мен секілді өнерге құштар талай жастың жолын ашып, кәсіби би өнеріне жолдама берген ұлағатты жандар».
Алматыдағы А.Селезнев атындағы хореография училищесін үздік тәмамдаған биші еңбек жолын 2000 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында балет әртісі болып бастайды. Алайда кейін денсаулығына байланысты сахнадан қол үзеді. Білімін жалғастырып, ғылым жолына түседі. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға қабылданып, сол жерде Людмила Жуйкованың жетекшілігімен магистрлік диссертациясын сәтті қорғап шығады. Сөйтіп шәкірт тәрбиелеу ісіне түбегейлі бет бұрады. «Педагог-хореограф болу мен үшін бұған дейін ашылмаған аралдай болып келген мүлдем бейтаныс, жаңа жолдарды ашты», дейді бұл жөнінде кейіпкеріміздің өзі.
– Ұстаздық – мен үшін ең аяулы кәсіп, ұлағатты мамандық. Өйткені әр баланың тағдыры, болашағы үшін жауаптысың. Кезінде өзім де Қуаныш Жақыпова, Людмила Ли, Светлана Наурызбаева, Сара Көшербаева, Александр Медведев, Бақыт Сүлеева, Алила Әлишева, Ғайникамал Бейсенова, Тойған Iзiм сынды білікті мамандардың алдын көріп, тәлімін алсам, бүгінде сол кісілердің маған берген ұлағатын шәкірттерімнің бойына сіңіргім келеді. Әрине, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқандықтан, әлемдік би өнерінің қайда талпыныс жасап жатқанын көріп, оны қаласақ та, қаламасақ та қабылдаймыз. Осындай жаһандық жаңғыру тенденциялары жүріп жатқан дәуірде шәкірттерімнің, еліміздегі жастардың ұлттық биге қызыққанын қалаймын. Саналарына сәуле құйсам деймін. Сондықтан да олармен қазіргі заманғы, жастарға түсінікті тілмен сөйлескім келеді. Сабақ барысында қазақ неохореографиясының қыр-сырын түсіндіріп, әр қимылдың мағынасын аша түскен сайын, студенттерімнің де ұлттық өнерімізге деген қызығушылығы оянып: «Солай ма? Тарихта осындай жағдайлар болды ма? Біздің мағынасы терең, жан-жақты дәстүріміз бар екен ғой» деп іздене түседі. Олардың ұлттық дәстүрімізге қызыққанын көріп, мен де өзімді бақытты сезінемін. Шәкірттерімнің тамырын танып, қазақтың төл өнеріне қызығушылығы оянып жатқанына қуанамын», дейді А.Садықова.
Бүгінде хореограф тәрбиелеген шәкірттер елімізден бөлек, шетел асып, Германия, Франция, Италия, Аустрия, Латвия, АҚШ, Оңтүстік Африка, Жапония, Қытай, Түркия, Таиланд, Швеция, Чехия, Швейцария, Ресей, Башқұртстан, Әзербайжан, Қырғызстан сынды мемлекеттерде өнер көрсетіп, әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ.
Сондай-ақ Анвара Садықова он жылдан бері мұражай ісін де ұстаздық қызметімен қатар атқарып жүр. Ол Қазақстан хореографиясының қалыптасуы мен даму тарихы негізінде материалдар, суреттер мен кино құжаттарды жинау, өңдеу, жүйелеу ісі бойынша үлкен шығармашылық және ғылыми ізденіс жұмыстарымен де үздіксіз айналысып келеді. «Басты арманым – қазақ ұлттық би өнерінің тағылымды тарихын жан-жақты зерттеп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Тарихы тереңнен тамыр тартатын қазақтың биін әлем таныса, бар ғажабы мен терең философиясын ұғынса деймін. Өйткені қазақ биінің көркемдік де, сапалық та, мазмұндық та деңгейі би өнері дамыған ешбір мемлекеттен кем емес», деп түйіндеді сөзін хореограф.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»