Облыс әкімі Қ. Көшербаев ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөліміне жіберілетін 18 жас сарбазды жөңелту рәсімінде ел ағалары атынан аманатын айтты.
«Сіздер бүгін әскер қатарына аттанғалы отырсыздар. Ата-бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат еткен жері мен ел тыныштығын күзету – қасиетті борыш. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағы- бізді қорғады» деген болатын. Тарихта қайсар мінезімізбен танылған елміз. Осы ретте, жауға тайсалмай тойтарыс берген Жалаңтөс Баһадүр, Жанқожа, Есет, Бұқарбай, Сартай сынды дарабоз батырлардың көзсіз ерліктері әлі талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз», - деді ол.
Кездесуде халқымыздың біртуар батыр перзенті Бауыржан Момышұлы туралы жазушы Әзілхан Нұршайықовтың жазған «Ақиқат пен аңыз» кітабы жас ұландарға табыс етілді.
Жиында облыстық Қорғаныс істері департаментінің бастығы Еркінбек Байболов пен «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Меңділдә Ршауов ел атынан жауынгерлерге борыштарын аман-есен атқарып, абыроймен елге оралуға тілектерін білдірді.