• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Сәуір, 2019

Атақты альпинист студенттермен кездесті

953 рет
көрсетілді

Қазақтың Спорт жəне туризм академиясында атақты альпинист, әлемнің ең биік шыңы - Эверестке шыққан тұңғыш қазақ Қазбек Валиевпен кездесу ұйымдастырылды. Осы шараның өтуіне Алматы қалалық Альпинизм федерациясы мұрындық болды.

Қандасымыз өзінің командалық әріптесі Валерий Хрищатыймен бірге ерлікке бағаланған талай іс тындырды. Атап айтсақ, 1974-1990 жылдар аралығында биіктігі жеті мың метрден асатын КСРО-ның барлық тауларына шықты. Коммунизм, Жеңіс, Ленин, Корженевской, Хан-Тәңірі және басқа да шыңдарға қазақтың ұлының табаны тиді.

Халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне келер болсақ, 1982 жылы алғашқы кеңестік экспедиция құрамымен бірге ол Эверестің Оңтүстік-Батыс қабырғасының дәл ортасымен Эверестке шықты. 1988 жылы Қазбек Валиев, Юрий Моисеев жəне чех Золтан Демьян Дхаулагиридің (8167 м, Гималай) Оңтүстік-Батыс қабырғасына жетті. Олардың бұл әрекеті сол жылдың ең керемет көрсеткіші деп танылды. 1989 жылы КСРО-ның бірнеше дүркін чемпиондары деген атақтары бар қазақстандық альпинистер Кеңес одағының Канченджангуге (8586 м, Гималай) бағытталған екінші Гималай экспедициясына қатысты. Осылай тізбектей берсек, Қазбек Шәкімұлының қол жеткізген табстары жетерлік.

–  Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғы мен тоқсаныншы жылдарының басын альпинизмің алтын дəуірі деп атар едім. Құрамында кіл мықтылар бар экспедиция құрамында алыс сапарларға шығып, ауқымды жобаларға қатысу бақыты маған да бұйырды. Ол бір керемет кездер еді. Ерекше бір шаттанатын жайт, қазақстандықтар альпинистер кезінде КСРО құрамасының 35 пайызын құрады, – дейді Қазбек Валиев.