• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Сәуір, 2019

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да заманауи студенттік емхана ашылды

1118 рет
көрсетілді

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Жастар жылы» аясында және «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында заманауи студенттік емхананың ашылу салтанаты өтті.

Шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министріҚТ.Надыров, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары С.Қ.Ахметов пен З.Д.Аманжолова, университет ректоры А.Қ.Күрішбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Н.Ж.Нұркенов«Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысы м.а. Ә.Ш.Рүстемова, қоғам қайраткері Н.М.Петухова, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары, № 5 қалалық емхананың бас дәрігері А.Ж.Табулдина қатысты.

Университет ректоры Ақылбек Қажығұлұлы «Білім ордасында студенттердің әлеуметтік қолдауына үлкен көңіл бөлінеді. Республика бойынша ЖОО жанындағы студенттік емханалар тек Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғана бар. Ендігі кезекте біздің студенттеріміз де ешқайда бармай-ақ өз емханамызда қызмет алатын болады. Сонымен қатар, жаңа формат университет пен №5 қалалық емханасының серіктестігі нәтижесінде жүзеге асып отыр»,- деді.

Студенттік емханада 13 мыңға жуық білім алушы тіркелген.  Оларға төрт аймақ бойынша 4 дәрігер-терапевт, невропатолог, кардиолог мамандары және 7 медбике қызмет көрсетеді. Дәрігерлерге жазылу «Смарт Астана» және «ДамуМед» электронды қосымшасы көмегімен жүзеге асады.

Дәрігерлік бөлмелер студенттік қалашықтың жатақханаларының бірінде 300 шаршы метр аумақта орын тепкен. Емханада жалпы практика дәрігері, салалық мамандар мен психологтың кабинеттері, емшара және тексеру кабинеттері, ЭКГ диагностикалық талдаулары мен тексерулерінің бөлмелері талаптарға сай жабдықталып, күту аймағы да қарастырылған. Студенттік емханада процедуралық кабинет, қан алу бөлімі, электрокардиограмма (ЭКГ), ультрадыбыстық зерттеулер (УЗИ), дәрігерді үйге шақырту (студенттік жатақханаларға) қызметтері көрсетіледі.

Басқарма Төрағасы А.Қ.Күрішбаевтың бастамасымен ашылған жаңа емхана елорданың жоғары оқу ордасының студенттеріне сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсетуге ғана емес, сонымен қатар жастарға денсаулықты нығайту бойынша ұсыныстар беруге, салауатты және белсенді өмір салтын насихаттауға мүмкіндік берері анық.