Конференцияның күн тәртібіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттердің елімізде жүзеге асырылуы және партияның облыстық филиалының төрағасын сайлау мәселелері енгізілді. Мәулен Әшімбаев Ермек Маржықпаевтың кандидатурасын партияның облыстық филиалы төрағасы қызметіне ұсынды. Делегаттар ұсынысты бірауыздан қолдап, дауыс берді. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының куәлігі тапсырылды.
Конференцияда Nur Otan партиясы Жарқайың аудандық филиалының төрағасы Мұрат Балпан, Nur Otan партиясының мүшесі, «100 жаңа есім» республикалық байқауының жеңімпазы, Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық мектеп-лицейінің директоры Наталья Дементьева, Nur Otan партиясы Зеренді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Айдосова сөз сөйлеп, Елбасының Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттердің өңірлерде жүзеге асырылу барысы туралы жан-жақты дәйектеп айтып берді.
Аталған жоба аясында партия облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ашылған Бірыңғай әлеуметтік терезеге бір айдың ішінде көп балалы отбасылардан 431 өтініш келіп түсіп, оның жартысына жуығы, нақтырақ айтсақ, 43 пайызы оң шешімін тапқан. Көп балалы отбасылардың көтеріп отырған мәселелері салмақты екендігін ескерер болсақ, бұл орайдағы жұмыс нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай.
Сапар барысында М.Әшімбаев Е.Маржықпаевпен бірге «Халыққа көмек» жобасы аясында жаңаша екпін алған қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен танысты. Бұл жерде қабылдауға келген көп балалы отбасының мәселесі оң шешімін тауып, өтініш айта келген студент қыздарының оқу ақысын төлеуге көмек көрсетілді. Мәселенің табан аузында шешілгенін көрген жұртшылық тағы да өз сенімін нықтай түсті. Бұрынғыдай емес, халық қазір билікпен тікелей тілдесе алады. Халық құлағдар болуы үшін азаматтар мынандай сайт (kk.nurotan.kz), электронды пошта (komek@nurotan.kz), Call Center арқылы (8 800 080 4441) өз өтініштерін білдіре алады. Сонымен бірге әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері (8 700 800 441) және Электронды үкімет порталы арқылы да көмек сұрап хат жазуға мүмкіндік қарастырылған.
– «Халыққа көмек» – тікелей Елбасының тапсырмасымен қолға алынған жоба. Сондықтан азаматтардың өтініштеріне ерекше мән беріп, белсенділігімізді одан әрі арттыратын боламыз. Әр өтініш назардан тыс қалмай, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Біздің басты қағидамыз халықты алаңдатқан мәселелерді шешіп, оларға бір жерде және дереу қызмет көрсету, – деді М.Әшімбаев.
Партия Төрағасы анықтап берген маңызды басымдықтардың бірі – «Бақытты отбасы» жобасы. Бұл бастама тікелей көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Осы жоба аясында М.Әшімбаев Көкшетау қаласында тұратын Қақжановтар шаңырағына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр. Өкінішке қарай, олардың екеуі сал ауруына шалдыққан. Бұған дейін отбасы екі бөлмелі пәтерінің қалған қарызын өтеп, толық сатып алу үшін партиядан көмек сұраған болатын. Партия Төрағасының бірінші орынбасары отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары Көкшетау қаласындағы Қылшықты өзенінің аңғарынан асқан қарғын су басқан Привокзальный шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Мұң-мұқтаждарын тыңдады. Зардаптың орнын толтыру мәселелері қарастырылды. Өңір басшысының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс орталығында жағдай тұрақты. Төтенше жағдайдың зардабын жою үшін арнайы техникалар мен жеке құрамның 80 адамы жұмылдырылған.Аталған мәселеге байланысты М.Әшімбаев партияның жергілікті филиалына төтенше жағдаймен күрес жұмыстарын бақылауда ұстап, зардап шеккен әр азаматқа мемлекет тарапынан берілетін міндетті көмектің көрсетілуін қадағалауды тапсырды.
Сондай-ақ М.Әшімбаев партияның аймақтық активімен кездесті. Жергілікті нұротандықтар алдында сөйлеген сөзінде ол Елбасы саясатын одан әрі жалғастыру, сол жұмыстарға партияның ықпал етуі аса маңызды екендігін қадап айтты. Одан бөлек, партияның жаңадан қабылданған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасын жүзеге асыру барысына назар аударды.
Ақмола облысы