• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Сәуір, 2019

Доп додасының дүбірі естілді

959 рет
көрсетілді

26 сәуірде Алматыда футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының «Төрттік финалы» басталады. Осы жарыста Португалияның «Спортингі», Испанияның «Барселонасы» мен «Интер Мовистары» және Қазақстанның «Қайраты» күш сынасады. Алғашында жартылай финалдық сайыстар өтсе, соның қорытындысы бойынша қола медаль және бас жүлде үшін таласатын командалар анықталады.

Атауы мен форматын бірне­ше мәрте өзгерткен айтулы дода 2002 жылдан бері үздіксіз ұйым­дастырылып келеді. Алғашқы жарыстың жалауы Порту­галияның астанасы – Лисса­бонда желбіреген еді. Сол аралықта өткен 17 жарыс­тың тоғызында испаниялық коман­далардың мысы басым болды. Тарқатып айтсақ, Алькала-де-Энарес деп аталатын шағын ғана шаһарда жасақталған «Ин­тер Мовистар» (бұрынғы атауы – «Бумеранг Интервью») клубы бес мәрте бас жүлдені олжа­лады. Бұл атаққа олар 2004, 2006, 2009, 2017 және 2018 жыл­дары қол жеткізді. 

Кастельон-де-ла-Плананың «Плайас де Кастельоны» (2002, 2003) мен Каталонияның «Бар­селонасы» (2012, 2014) екі рет­тен топ жарды. Алматының «Қай­раты» да дәл сондай көр­сет­кішке қол жеткізіп отыр. Жер­­лес­теріміз 2013 жә­не 2015 жылғы жарыстарда же­­ңім­­пазы атанды. Сондай-ақ Бель­гияның «Аксьон 21» (2005), Португалияның «Бен­фика» (2010), Италияның «Мон­тезильвано» (2011) және ре­сейлік «Динамо Мәскеу» (2007), «ВИЗ-Синара» (2008), «Газ­пром-Югра» (2016) футзал­шы­лары бір-бір реттен дара шықты. Міне, осы санаулы ғана командалардың «Төрттік фи­налында» даралануға шама-шарқысы жетті. 

Айтулы жарыстың шешу­ші сайыстары Алматыда бұған дейін екі мәрте ұйымдас­тырылған еді. 2011 жылы Ба­луан Шолақ атындағы Спорт сарайында өткен бәсекеде «Монтезильваноның» мерейі үстем болды. Апеннин түбе­гінен келген түлектер финалда «Спортингті» 5:2 есебімен ұтты. Бұл жарысты «Қайрат» қола медальмен қорытындылады. Жартылай финалда «Спор­тингтен» 2:3 есебімен жеңілген жерлестеріміз үшінші орын үшін тартыста «Бенфикадан» пенальти соғу барысында басым түсті – 5:3. 

Дүбірлі доп додасы араға алты жыл салып, қайта Ала­тау баурайына оралды. Жаңа­дан бой көтеріп, заман талабына сай жабдықталған «Алматы Аренада» өткен жарыста «Қайратқа» тағы да қола жүлде бұйырды. Жартылай финалда «Интер Мовистарға» 2:3 есебімен есе жіберген қазақстандық команда үшінші орын үшін айқаста «Газпром-Юграны» жеңді. Бұл бәсекенің де тағдыры пенальти соғу арқылы шешілді. 

Міне, енді осы беделі зор жарысты Алматы үшінші мәрте қабылдағалы отыр. Алдағы күндері Алаш топырағына таба­ны тигелі отырған команда­лардың барлығы да өте азулы екені еш дау туғызбаса керек. Қай-қайсысының да бас жүлдені олжалауға мүмкіндігі бар. 

Би­ылғы жарыстың жарты­лай финалда «Қайрат» пен «Бар­се­лона» күш сынасады. Бұл бә­секе 26 сәуірде сағат 21.30-да «Алматы Аренада» өтеді. Келесі ойын дәл сол жерде, сол күні «Спортинг» пен «Интер Мовистар» арасында өрбиді. Жартылай финалда жеңілген командалар 28 сәуірде қола медаль үшін таласса, жеңгендері ақтық сында ай­қасады.

Ал осы ұжымдарды жеке-жеке таныстыратын болсақ, олардың қол жеткізген табыс­тары төмен­дегідей: