Дәстүрлі өнердің көшін Алмас Алматов, Ерлан Рысқали, Жәкен Омаров, Гүлмира Сарина, Батыржан Мықтыбаев, Шолпан Дәржанова секілді елімізге танымал өнерпаздар бастап келді. Мәдени шараға Жанат Айтбаев, Біржан Есжанов, Еркебұлан Қаріпов, Олжас Сұрағанов сынды жергілікті әншілер де қатысты.
«Қазақстанда ұлттық құндылықтарымызды, төл өнерімізді дамытып, насихаттау мәселесіне үлкен көңіл бөлініп келеді. Ұлттық өнерді жер-жерлерде, әсірес жас буын арасында дәріптеу басты мақсат болып қала береді», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.
Жыраулық өнерді жалғаушы Алмас Алматов тізгінін ұстаған кеште сахна төрінде қазақ халқының дәстүрлі әндері мен термелері шырқалып, күйі күмбірледі. Өнерпаздарға зор құрмет көрсеткен жұртшылық бірнеше әннен орындатты. Залда ине шаншар орын болмады.
Жастардың аға буынмен бірге өнер көрсетуі сабақтастық дәстүрінің үзілмейтінін, жалғасып келе жатқанын аңғартты.
Солтүстік Қазақстан облысы