Уильям Мозер өз сөзін: «Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ниеттіміз. Біз Қазақстанды қолдап, өзара қарым-қатынастарымызды нығайту ісін жалғастырғымыз келеді. Осыдан 20 жыл бұрын Алматы қаласындағы елшілікте жұмыс істеген едім. Содан бері байқағаным, осы уақыт ішінде Қазақстан үлкен табыстарға қол жеткізді. Мен елдің жетістіктеріне өте қуаныштымын, өйткені бұл – маңызды әрі айтарлықтай өрлеу», деп бастады.
Одан әрі У.Мозер елшілікте атқарылып жатқан жұмыстармен және жаңалықтарымен бөлісті. Ол алдағы аптада Алматы қаласының әкімімен кездесуді жоспарлап отыр екен. Өйткені онда жаңа консулдық салу ниеті бар көрінеді. «Бұл біз үшін өте маңызды. Құрылыстың уақыты жер теліміне қатысты келіссөзді бекітуге тікелей байланысты», деді елші. У.Мозердің сөзіне қарағанда, жаңа ғимараттың құрылысы шамамен үш жылға созылуы мүмкін. Алматыдағы АҚШ-тың консулдығы екі кеңседе орналасқан. Ал бөлек ғимараттың болуы америкалық заңнама талаптарына сай келеді. «Алматыда екі кеңсеміз бар. Біріншіден, жер сілкінісі болса, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаймыз. Жалпы, бізге артылған нақты қауіпсіздік ережелері бар, бірақ өз ғимаратымыз болмағандықтан, бұл талаптарды сақтай алмай отырмыз», деді ол.
Біз елшіден «Елбасы Н.Назарбаев АҚШ президенті Д.Трамппен кездесті. Бұл кездесу екіжақты ынтымақтастықты арттыруға қаншалықты септігін тигізді?» деп сұрадық. Сауалымызға орай елші: «Қос мемлекет басшыларының Вашингтонда кездесуі өзара қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Өйткені онда екі ел арасындағы достықты нығайтуға септігін тигізетін жаңа бастамалар сөз болды», деді.
«Сол кездесуде Н.Назарбаев АҚШ президентіне Қазақстанның америкалықтар үшін визасыз тәртіп енгізгенін және сондай кері реакцияның АҚШ тарапынан болатынына үмітті екенін жеткізген еді. Бұл жөнінде не айтасыз?» деген сұрағымызға ол: «Бұл – АҚШ заңның көптеген мәселелеріне қатысты дүние. Бұл орайда Қазақстан тарапының орындауы тиіс бірқатар талаптар бар. Сондықтан визасыз тәртіп мәселесі жақын уақытта шешілмейді. 2018 жылы қазақстандық 20 мың адам 10 жылға виза алған. Азаматтары мұндай көлемде виза алған басқа елді тауып көріңізші...», деп жауап берді.
Соңғы уақытта Қазақстан билігінде елеулі өзгерістер болды. У. Мозер мырза бұл туралы: «Қазақстан билігінде тұрақтылық бар. Біз елде билік транзитінің қалыпты әрі бейбіт түрде өткенін жоғары бағалаймыз. Меніңше, Қазақстан осы тұрақтылығымен мақтануы керек», деді.
Елшіліктің жемісті жұмыстарының бірі ретінде тіл үйрететін бағдараламалар айтылды. «Бізде студенттерге, оқушыларға, мамандарға арналған тіл курстарымыз бар. Айталық, журналистерге арналған тіл үйрететін бағдарламамыз жұмыс істейді. Біз жыл сайын АҚШ-қа 150 қазақстандықты жолдамамен жібереміз. Қазақстанның әр қаласында біздің курстарымыз ашылған. Ел үшін тиімді бағдарламаларды бұдан әрі қарай да жалғастыра береміз», деді У.Мозер.
Бұдан бөлек, елшілік қазақстандық шекарашылар мен әскери қызметкерлерді біліктілігін арттыру мақсатында оқытқан. «Біз қазақстандық шекарашыларды шекара аумағындағы және сол аймақтағы сауда-саттық қауіпсіздігін сақтау бағытында кәсібилігін шыңдауға көмектесу үшін оқыттық. Қазақстан қазір Ливанда дипломатиялық-әскери тұрғыда бітімгерлік бағыт ұстанып отыр. Ал әскери қызметкерлерге арналған бағдарламамыз жоғарыда аталған ұстаным мен миссияға лайықты қол жеткізу үшін қазақстандық әскерилердің біліктілігін арттыруға бағытталған», деді дипломат.
Ал әлеуметтік бағдарламаларға қатысты айтқанда У.Мозер қоғамдағы маңызды мәселені қозғады. «USAID (U.S. Agency for International Development) агенттігі Қазақстандағы ЖИТС-пен күресу мақсатында жұмыс істейді. Бұл өте тиімді бағдарлама болды, себебі Қазақстан аталған сырқатпен ауыратындарға және одан зардап шегушілерге көмектесуге мүдделі. Осы бағдарламаның арқасында Қазақстан халықаралық реабилитацияларды алып жатыр. Біз елдің туберкулезбен қарқынды күресіне де үлесімізді қосып келеміз», деді ол.
У.Мозердің алдында осы қызметті атқарған Джордж Кролдың қазақ тіліндегі құттықтаулары мен ерекше үндеулері есімізде. Қазақ халқына жылы әсер қалдырған бұрынғы елшінің ізгі жолын жалғар ма деген ниетпен «Қазақ тілін үйренгіңіз келе ме?» деп сұрадық. Ол: «Әлбетте, үйренгім келеді. Жан-жағымдағы адамдардың бәрі қазақша сөйлеп жатқаны тілді үйренуге итермелейді. Біздің елшілікте ағылшын және қазақ тілдерін үйретуге арналған тиімді әрі жүйелі бағдарламалар бар. Солардың игілігін көру ниетім бар», деп жауап берді. Елші өзін жаңа дүние үйренуге, өзі жүрген елдің тілін меңгеруге үгіттеп жүрген қызметкерлері туралы да айтып өтті. «Қызметкерлеріміздің 80 пайызы – қазақстандықтар. Олар жұмыстың негізгі бөлігін атқарады. Өйткені біз Қазақстанда немесе қандай да бір елде болсын жұмыс істегенде жергілікті азаматтардың күшін тиімді пайдалану жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз», дейді У.Мозер.
«Қазақстанда тарихи әрі көрікті орындар жетерлік. Біз оны шетелдіктерге танытуға мүдделіміз. АҚШ туристерінің немесе сол саланы жазатын журналистерінің Қазақстанға саяхатын ұйымдастыруға деген ниетіңіз бар ма?» деп сұрадық елшіден. Ол: «Мынау өте жақсы сұрақ әрі керемет ұсыныс екен. Мен Молдавада елшілік қызметте болғанымда осы бағытта бағдарлама болды, ол туризмді жолға қоюға жәрдемдесті. Ал қазір қарап отырсам, шынында Қазақстанда ондай жоба жоқ екен. Алда мұндай мүмкіндікпен екі елдің достық қарым-қатынасы мен бір-бірін жақынырақ тануына себепкер болсам, мен үшін бұл үлкен құрмет болар еді», деп жауап берді.
Сұхбат соңында У.Мозер елшіліктегі киіз үйді көрсетті. Ол: «Маған қазақтың өнері, қазақ асханасы ерекше ұнайды. Оның ішінде, ет тағамын ерекше жақсы көремін. Наурыз мейрамы кезінде ұлттық киім киген адамдардың тартымды би мені шаттыққа бөледі. Келесі наурызда Қазақстанның басқа да қалаларында, айталық Шымкентте болғым келеді», дейді АҚШ елшісі.