2015 жылдың 14 қазанында Ақордадан жасаған мәлімдемесінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген екен: «Біздің тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің 24 жыл бұрынғы ғарышқа сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің алтын бастауы болды. Осы ұшуды жүзеге асыру үшін қаншама қиындықты еңсеруге тура келгені есімізде. Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев – жалпы жиынтығы 341 тәулікке созылған 3 ғарыш экспедициясына қатысты. Ол – ашық ғарыш кеңістігіне 8 рет шығып, 42 сағаттан астам уақыт болған тұңғыш қазақ. Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері атанды. Мен халқымды еліміз бағындырған жаңа жетістікпен құттықтаймын.»
Ғарыш – бәсеке. Мақтаныш. Мәртебе. Осынау ұлы бәсекеде өз орнын тапқан қазақ халқы, әрине, 1991 жылдың 2 қазанын ұмытқан жоқ. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдінің тілімен айтсақ, «1986 жылдың желтоқсанынан кейін, Кеңес Одағы коммунистік партиясының қазақтарға ұлтшылдық таңбасын жапсырған әйгілі қаулысынан кейін ұлтымыздың саы сынып, ұнжырғасы түсіп қалған. Тұңғыш қазақ ғарышқа көтерілген сәтте қазақ селк етті, рухтанып бірден басын көтерді. Ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкіровпен бірге күллі қазақтың рухы көтерілді.»
Бірінші ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтың рухты сол сапары барысында «қандайлық қиындықтарды еңсеруге тура келгені» тарихтан мәлім. Тұңғыш қазақ ғарышкерінің ұшу мерзімін кейінге шегергені үшін КСРО Жалпы машина жасау министрі, Социалистік Еңбек Ері Олег Шишкинге Нұрсұлтан Назарбаевтың 24 сағаттық ультиматум жариялағанын бүгінде біреу білер, біреу білмес. Белгіленген 2 қазандағы ұшу сағаты қалпына қайта келмесе Байқоңырдағы барлық техника мен әскери контингент бір тәуліктің ішінде Ресей федерациясының аумағына шығарылуы тиіс болған. Қазақ мемлекетінің басшысы осындай қатал талап қойған. Осындай саяси текетірестер ақырында тұңғыш қазақ ғарышқа аттанды. Қазақстан мелекетінің ғарыштық жаңа өмірі басталды.
Қазақ елінің Тұғыш Президенті – еліміздің болашағы үшін ұзақ мерзімге бағытталған «Қазақстан-ғарыш» ғылыми зерттеу жобасының негізін қалаушы. Қазақ елінің Тұңғыш ғарышкері – ауқымды сол жабаның алғаш жүзеге асырушы.
Ғарыш зерттеуге құлай берілген қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев түпсіз кеңістікке жасаған бірінші сапарына кейін экипаж командирі ретінде екінші рет ұшуға бел байлады. Өйткені, алда «Қазақстан -ғарыш» жобасы ғылыми зерттеулері бағдарламасының үшінші сатысы кезек күтіп тұрды. Алайда, қазақ ғарышкері үшін ендігі жерде Қазақстанның атынан ұшуға мүмкіндік мүлдем жоқ еді. «Роскосмос» талабы – ғарышқа қайта ұшқысы келсе қазақ ғарышкері Ресей азаматтығын алуы тиіс! Талғат Мұсабаевтың өзі тосыннан қойылған азаматтықтың этикалық нормаларды мойынсұна алмай, екіұшты ойда жүрген. «Сен қазақсың, қазақ болып қаласың, бірақ, Қазақстанның қолға алған ғарыш бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыру үшін бұл шарттарды орындауға тиіссің» деген Елбасының бірауыз сөзі Мұсабаевтың ғарыштық екінші сапарына – кеме командирі ретінде ұзақ мерзімге ұшуына жол сілтеді.
Үшінші сапарға ғарышкер-нұсқаушы ретінде, тұңғыш ғарыш турисін америкалық миллиардер Деннис Титоны алып шығу біздің талантты ғарышкерімізге бұйырды. Әрине, ғарыш әлемінде оңай жол жоқ. Талғат Мұсабаев іріктеу сайысында ең таңдаулылар арасында бірінші болғандықтан да тұңғыш қалталы турист оның қарамағына сеніп тапсырылды.
Әлемдік ғарыш тарихында Талғат Мұсабаев ашық ғарыш кеңстігінде ұзақ болғандар сапында Гиннестің рекортар кітабына кірді.
Әлденеше рет қайталап айтқанымыздай ғарыш қақпасы екінің біріне оңайшылықпен ашыла бермейді. «Ағайындық жүрмейді.» Қазақстанның ғарыш бағдарламасына сәйкес әрі Мәскеудегі ғарышқа ұшу орталығының толық құқықтық мүшелері ретінде 2008 жылы қазақстандық әскери ұшқыштар Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетовтың есімдері алдағы жылғы ұшу бағдарламасына енгізілген. Шешуші сәтте «Роскосмос» бір ғарышкердің ұшуы үшін 30 миллион АҚШ долларын талап етті. Ол ғарыштық тұңғыш турист, америкалық миллиардердің ұшу сомасынан (20 миллион доллар) да асып түсті. Ақыр аяғында 2009 жылы «Қазғарыш» басшылығы (генерал Т. Мұсабаев) «қаржы тапшылығына байланысты Қазақстан үкіметінің ғарышкерін ұшыру мәселесін күн тәртібінен алып тастайтыны» туралы мәлімдеме жасады. Арада уақыт жылжып өте берді. Көзі қарақты оқырманның есінде болар, Қазақстан делегациясының құрамында Қытайға барған сапарында «Қазғарыш» басшысы қытайлардың қазақ ғарышкерлерін ғарышқа ұшыруғы бек дайын екені туралы бір қызық әңгіме айтып қалды...
Көп кешікпей, яғни, 2015 жылдың 2 жұлдызында Айдын Айымбетов ресейлік ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш стансасына он күндік сапарға жол тартты. Келісім бойынша ХҒС-на бұл сапар қазақ ғарышкері үшін 1 миллиард 100 миллион рубльге түскені де ашық айтылды. Алғашқы екі ғарышкеріміз де қазақстандық ғылыми тәжірибесін кеңестік-ресейлік «Мир» ғарыш стансасында өткізген болса, Айдын әлемнің 14 мемлекетінің қаражатымен салынған, көлемі футбол стадионымен тең ХҒС (ағыл. International Space Station – ISS) стансасында ұлттық ғылыми тәжірибе бағдарламасын жалғастырды. Демек, бұл арада барлық қаражат көршіміз – мүдделесіміз Ресейдің қоржынына түспегені анық. Үшінші ғарышкеріміз туралы әңгіме осымен тәмамдалады.
Соңғы кездері бірқатар электронды ақпарат құралдарында Ресей «Байқоңырдан» көшін Плицескідегі ғарыш айлағына түзейді екен деген әңгіме көп қылаң беріп жүр. Күні кеше «Роскосмос» басшысы Дмитрий Рогозин соңғы жасаған мәлімдемесінде олардың Байқоңырдан таяу арада қол үзбейтінін айта келіп, қазір S7 тобымен бірлесіп қазақстандық «Бәйтерке» жобасын қайта қарайтыны туралы жариялады. Сәтін салса, болашақта... қазақстандық «Бәйтеректен» Ресейде жаңадан жасақталып жатқан ресейлік «Союз-5» ғарыш кемесі старт алады екен. Болашақта.
Бүгін Мәскеуде Байқоңырдан ғарышқа аттанған барлық ғарышкер айтулы мерекеге орай өтетін салтанатты жиында бас қосады.