Әлем 15 Сәуір, 2019

Брекситтің бітетін күні бар ма?

994 рет
көрсетілді

Британияның Еуроодақтан (ЕО) шығуы жөніндегі Брексит (Brexit) келісімін бекіту ісі тағы алты айға шегерілді. Нақтылай айтқанда, ЕО-ның 10 сәуірде өткен кезектен тыс саммитінде қатысушылар бұл елдің Одақтан шығуын 2019 жылдың 31 қазанына дейін шегеруге уағдаласты.

ЕО саммиті алдында Британия парламенті Брексит мерзімін кейін­ге қалдыру туралы заң жоба­сын қабылдады. Бұл заң бойынша ел үкіметі Ұлыбританияның Еуро­одақтан келісімсіз шықпауы үшін Одақтан бөліну мерзімін кейін­ге шегеру мақсатында өтініш жа­сау­ға міндеттелген. Міне, осы өтініш ЕО тарапынан толық қанағаттан­дырылды. Яғни, аталған елге Еуро­одақ­тан шығуына алты ай уақыт берілді.

ЕО-ның 10 сәуірдегі кезектен тыс саммитін қорытындылау мақса­тында ұйымдастырылған брифингте Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск: «Еуропалық кеңес 50-ші баптың мерзімін 31 қазанға дейін ұзартуға қатысты шешім шы­ғарды. Бұл шешім Ұлыбритания үшін қосымша алты ай мерзім беруді көздейді. Осы уақыт аралығында Брексит стратегиясын тұтастай қай­­та қарап шығуға болады», деді. Сондай-ақ ол Ұлыбритания үкіме­тін көрсетілген уақытты босқа өткі­зіп алмауға шақырды.

Бір айта кетер жайт, егер Ұлы­британия үкіметі мен Парламенттің Қауымдар палатасы Брексит үдерісі бойынша келі­сімді көрсетілген мер­зімнен бұрын бекітер болса, 2019 жылдың 31 қазан күнін күтпес­тен аталған істі аяқтауға мүм­кін­дік бар.

Саммиттен кейін ұйымдас­ты­рыл­ған баспасөз мәслихатында Ұлы­­британия премьер-министрі Тереза Мэй жақын арада Брексит келісімнің жобасын Қауымдар палатасына мақұлдатып, өз елінің  ЕО-дан шығуын жылдамдатуға тырысатынын жеткізді. Осы орайда Т.Мэй: «Біз Еуропалық одақтан кетуге тиіспіз, келісімге мүмкіндігінше тезірек келуіміз керек», деді.

Жалпы, Британияның Еуроодақ­тан бөлініп шығатын күн ретінде бұған дейін 2019 жылдың 29 наурызы белгіленген еді. Алайда, 29 нау­рыз Ұлыбританияның Еуроодақтан бөлініп шыққан күні ретінде тарихта қала алмады. Өйткені Британия үкіметінің Еуроодақпен жасаған Брексит келісімін елдің Қауымдар па­­­латасы екі рет қабылдамай тас­тады. Нақтылай айтқанда, аталған палата қарауына 2018 жылдың қа­рашасында түзілген келісім 2019 жылдың 15 қаңтарында ұсынылып, дауыс беру нәтижесінде оған 432­ депутат қарсылық танытты. Оны 202 депутат қана қолдады. Сон­дай-ақ осы жылдың 15 науры­зында да Қауымдар палатасы Брек­сит келісімінің жаңа нұсқасын талқы­лап, оны тағы да жаратпады (242 депутат келісімді қолдаса, пала­та­­ның қалған 391 өкілі қарсы­лық білдірді). Міне, осылайша Тереза Мэй Еуроодаққа қайта жүгі­нуі­не ту­ра келді.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың маусымында өткен жалпыхалықтық референдумда Британ халқының 51,9 пайызы Еуроодақтан бөлінуді қолдаса, 48,1 пайызы қарсы дауыс берді. Бөлінуді қалайтындар 3 пайыз артық дауыс жинап, нәтижесінде Еуроодақ пен Ұлыбритания қатына­сы­на жік түсті. Референдум қо­ры­­тын­дысы бойынша аз ғана ба­сым­дыққа ие болғандардың мүд­десі үшін Ұлыбритания үкіметі еш­теңеден тайынар емес.

Брексит мәселесін аяқтаудың үш жолы бар: «қатаң Брексит» (ке­лісімсіз шығу), «жұмсақ Брек­сит» (келісіммен шығу) және Брекситтен бас тарту. Соңғы екеуіне қарағанда «қа­таң Брекситті» қаламайтындар қатары қалың секілді. Өйткені «қа­таң Брексит» жүзеге асырылар болса, бұл барлық тараптарға, әсі­ресе Бри­танияға ауыр тиеді. Мұны былай қойғанда, Британияның ЕО-дан келісіммен шыққанда туындайтын түрлі қиындықтардың өзі оңай болайын деп тұрған жоқ...

Қалай десек те, Брексит келісі­мін бекіту ісі 31 қазанға дейін ше­­­­­ге­­рілді. Оның дәл осы күнге дейін ұзартылуының да өзіндік се­бе­бі бар көрінеді. Осы жылғы 1 қа­ра­­ша­да Еуропалық комиссия өз жұ­мысын жаңа құраммен бастайды. Яғни, еуропалық дипломаттар жа­­ңа Еурокомиссияда Британия өкіл­дерінің болғанын қаламай тұр.