• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Сәуір, 2019

Түркі сарынын толғаған «Тұран»

1589 рет
көрсетілді

Халық әндеріне тербеліп өскен біз анда-санда көмекей әнін естіп қалсақ, тар өкпені толтыра, ұзын өңешті қуалай шыққан қарлығыңқы дауыстың я жат, я жақын екенін қапелімде ажырата алмай тұрғанда, көне заманның қойнауындағы көк түріктің үні құлағымызға талып жеткендей тамыр-тамырда қалғып кеткен ескі ақпараттың бәрі біртіндеп оянып, арқаландыра бастайтынын тұла бойымызбен сезінетініміз бар.

Бүйіріңнен қасқыр келіп ұлы­ған­­­дай немесе желдің уілі мен құс­тың сұңқылдағаны денеңді тітір­кен­дір­­гендей, көз алдыңдағы күл­лі көр­кем та­биғ­атты ішіңе әкеп қонақ­татқан қызыл кө­мейдің құдіре­тіне бас имеске шараң қалмайды. Табиғаттың бір бөлшегі екеніңді бұдан артық сезінудің басқа мүмкіндігі жоқтай бұл ғажап ахуалдан ажырағың жоқ. Бөрінің дауысы естілген жерден бейсаналы түрде «бұл менің болмысым» деген ойдың қатарласа оянатыны да қызық. Қаншалықты таңсық болса, соншалықты жақын бұл Табиғаттың ғана емес, Тәңірдің үніндей біз үшін тым қастерлі. Қастерлі өнерді қасиет тұ­тып қалған туысқан Алтай халықтары алдына жан салмай орындайтын көмей әнінің орындаушылары қазақ жерінде көп емес. Сол аз орындаушының бірі – «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі.

«Тұран» тобының құрылғанына биыл он жыл толып отыр. Үстіне қасқыр жа­ға костюм, басына қасаба мойын түл­кі тымақ, теріден шалбар, аяғына қошқар мүйіз оюлы саптама етік киіп, түркілердің заманынан осы қазір топ етіп ортамызға түсе қалғандай сайдың тасындай іріктелген бес жігіттің өнері содан бері бізден гөрі, шетелдіктерді тәнті етумен келеді. «Сайдың тасындай» дегеніміз, топ құрамындағы бес жігіт те: Абзал Арықбаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Мақ­сат Медеубек, Серік Нұрмолдаев ансам­бльдегі жұмысынан бөлек, Құр­ман­ғазы атындағы ұлттық консерватория­да, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында сабақ беретін өнер­тану ғылымының докторлары мен магис­тр­лері. Топты алғаш құрған кезде  сы­бызғы, сазсырнай, шаңқобыз, шертер, жетіген, шіңкілдек, қылқобыз, дом­быра секілді көне аспаптарды шертіп, музыкалық әуен орындап қана қоймай, олардың үніне жаңаша реңк беріп, ғылыми тұрғыда жетілдіріп, көмекей үнімен көмкеруді негізгі мақ­саты етіп белгіледі. Ғажайып өнерді ғы­лыми сипатпен биіктеткісі келген бұл азаматтардың барлығы да ол кезде студент-тұғын. Тұмса табиғатпен егіз жаралған түркі сарынын қайта жаң­ғырту жолында тынбай еңбектеніп келе жатқан жас музыканттар он жылдың ішінде әлемнің 70-тен аса елінде өнер көрсетіп, 600 рет жеке концерт бе­ріп үлгерді. «Тұран» жігіттерінің Нью-Йорктегі «Карнеги холл», Ва­шинг­тондағы «Кеннеди орталық», Бер­линнің «Концерт хаус», Мәскеудің «Кремль­дер сарайы», Канндағы «Кон­гресс пен фестивальдер Сарайы», Па­риж­дегі «Салле Корто» сахнасында өнер көрсеткенін санамаласақ, екінің бі­рі бағындыра алмас бұл әйгілі сахналар олардың талантының биіктігіне өл­шем болуға әбден жарағандай. Басқа үшін адамның антропологиялық бет-бейнесі қызық болмаса да, оның ұлттық аспабы, аспаптан төгілген сиқырлы сазы сөзсіз қызығушылығын тудыратынына қазақтың өнерлі бес жігітінің бұл күнде көзі әбден жеткен. Бес жігіт­тің әрқайсысы республикалық, халық­аралық дәрежедегі бәсі биік өнер бәй­гелерінің Гран-при жеңімпаздары, лау­реаттары, дипломанттары. Топтың кәсі­билігін арттырып қана қоймай, өз талантын ұштап, жеке өнерін жетіл­діру жолында үздіксіз ізденісімен шың­далған өз ісінің шеберлері.

«Тұранның» өнерпаздары әлемді таңыр­қатамыз деп ешқашан ойламаған, биік өнердің бағасын білетін кірпияз сахналар құлаққа тосын естілетін таңсық өнерге қақпасын да, құшағын да өзі ашты. «Тұран» – бүгінгі қазақ этно­мәдениетінің биік көрсеткіші. Ауыз тол­тырып айтатын қомақты жетістікпен келіп жатқан алғашқы дөңгелек датасын атап өту үшін тұрандықтар ауқымды жоспар құрып, тағы да әлемдік турнеге шықты. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен Беларусь, Ресей, Норвегия, Әзербайжан, Венгрия, Татарстан, Түркияны аралап, Қытайдың Шундэ, Шеньчжен, Цинхуандао, Пекин, Шан­хай, Ханчжоу қалаларында жеке кон­цертін өткізді. «Ұлы даланың же­ті қыры» бағдарламасы аясында Мон­те-Карло, Канн, Парижде өткізген кон­церттері де азиялық елдің ешкімге ұқ­самайтын бірегей өнері ретінде өте жылы қабылданып, көрерменнің тік тұрып қол соққан ықыласымен аяқ­талып жатты. Сауд Арабиясында өткен «Nomad Universe» фестиваліне қонақ ретінде қатысып қайтқан «Тұран» тобы Алматыға келе салып, өнерін баға­лайтын аудиториясын Наурыз мейрамында Ә.Қастеев атындағы Өнер мұра­жайына жинап, концерт-кездесумен түйін­деді.

Өзі сияқты этнотоптардан басты ерек­­шелігі, репертуарының бірегейлігі, орындалатын ән мен күйдің «Тұран» үшін арнайы жазылатыны және осы уақыт аралығында өз авторларын түзе алғаны. Сондықтан болар, олардың орындауында танымал, таптаурын му­зыка жоқтың қасы. Тіпті ұлттық, этно­графиялық оркестрлер мен ансам­бль­дердің орындауынан түспей, ха­лыққа тең тараған Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Н.Тілендиевтің «Аққуы», халықтық «Ақсақ құлан», «Қаражорға» мен «Ортеке» «Тұран» тобының орындауында жаңа сипат иеленіп, көне музыкалық аспаптардың тұңғиық сыры бұрынғыдан да ашыла түседі. Топ құрамындағы өнерлі жастардың ав­торлық туындыларының өзі бір тө­бе. Топтың тәнті ететін тағы бір қыры, топтағы бес өнерпаз отызға жуық көне аспапта ойнайды. Әр өнер­паздың кемі бес-алты аспапта қатар ойнап отырғанын көргенде, таңыр­қамау мүмкін емес. Композитор Ақ­тоты Райымқұлованың «Дала сыры», «Ежелгі Тұран», «Жәмила» сим­фониялық поэмалары арнайы жазыл­ған. «Тұранның» өзі Түркияның «Er Tugrul», «Isimsizler» телесериалдарына, «Тұран далам – қыран далам», «Sounds of Time» балетіне, «Ас­тана – менің алғашқы махаббатым», «Астана – махаббатым менің», «Кене­сары хан» отандық телесериалдарына, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Бейбарыс», «Қожанасыр тірі екен», «Ақан сері – Ақтоқты», «Фатима», «Мен ұмытылмаймын», «Ай, Қарагөз» спек­­такльдеріне, А.Райымқұловамен бірге «Ер Төстік және айдаһар», «Қазақ елі» анимациялық фильмдеріне музыка жазды. Түрлі жанрдағы елуден артық музы­каны топтастырған үш CD альбом жарық көрді.

Даңғаза, жеңіл музыкадан шаршап, рухани тұралауды бастан ке­шіп отырған тек біз ғана емес, өнер­дегі мағынасыздықтан мәдени құнды­лық­тары төмендеген басқаларға да «Тұранның» этно-фольк жанры ши­па іс­петті – тың бағыт түлетеді, сергі­теді, сілкіндіреді. Бұл – он жылдық белес­ті артқа тастаған, таланты да, танымал­дылығы да толықтай мойындалған топ­тың басты жеңісі.

АЛМАТЫ