Сонымен Димаш Құдайберген кім? Ол туралы біз нені білуіміз керек? Осындай ойлар толғандыра бастаған шақта мен, күнәлі болсам да айтайын, неғып біздің ағайындар атағы асып бара жатқан азаматты күндемеймін демей тыныш қана жатыр деп таң қалғанмын. Сөйтсем мен онша қателесе қоймаппын. Өздерінде жоқ болған соң өзгенің бағын көре алмайтындардың күңкілдері әр жерлерден естіліп-ақ жатыр екен. «Е-е, топырақ шашулар әлдеқашан-ақ басталып кеткен» деді білетін жігіттер. Бір жақсысы, іштерін қызғаныштың қызыл иті тырналап жатқандардың бәрі не әннен, не өнерден хабары жоқ дүмшелер көрінеді. Тіпті олар сен неге олай дейсің деп сөз арнауға да тұрмайтын біреулер болып шықты.
Қазақта «Сырт көз – сыншы» деген тәмсіл бар. Осы қағидатты басшылыққа алып әрі өзіміз мақтап үлгереміз ғой деген пиғылмен өзге халықтардың айтқандарына құлақ түруді жөн көрдім. Не дейді екен, олар?..
«Мен вокал туралы мағлұматтан қара жаяу адам емеспін, ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап түрлі әлемдік жұлдыздарды тыңдап келемін. Димаш дәуірлік әнші, осы уақыттарға дейінгі кезеңде ешқашан мұндай тембр, мұндай диапазон, ән орындаудағы бұл сияқты мейірім мен сезім болған емес... Әлемдік жұлдыздар мені кешірсін, бірақ Димаш соңғы жүзжылдықтағы ең үздік әнші және мейірбан жігіт. Әр жүрекке қуаныш пен сүйіспеншілік әкелетін жігітті әлемге сыйлағандары үшін оның ата-анасына рахмет!» дейді Павел Еремеев есімді тыңдарман.«Димаштың дауысы құдіретті! Оның әнін тыңдап, оның үні мен орындау сұлулығынан кеудемді кернеп келген сезім әсерінен еңіреп жібердім. Бұл періштенің дауысы». Димаштың келесі бір жанкүйері Татьяна Ковалеваның пікірі осындай.
Ресейдің жоғары оқу орнында сабақ беретін музыкант Ольга Донская Димаштың орындауындағы Игорь Крутойдың «Любовь уставших лебедей» атты әніне талдау жасапты. Арнаулы музыкалық білімі бар маман былай дейді: ««Любовь уставших лебедей» әнінің алғашқы орындаушысы Лара Фабиан болған. Айта кету керек, Димаштың әнді Лара Фабианнан асыра орындап отырғаны бір бұл емес. Димаштың дауысы сұлу. Әншінің диапазоны 4 октава. Бұл өте керемет. Әнді орындап тұрған адамның біреу екенін білмей, сен Димашпен қосыла шырқап тұрған тамаша қыз қайда деп іздей бастайсың. Лара Фабиан әнді бір тональдылықта орындаса, Димаштың дауысы түрлі тональдылықта орындауға мүмкіндік береді».
Өзін Юлия Белькова деп таныстырған тағы бір тыңдарман «Димаш әлемдегі №1 әнші» десе, «Қазақ тілі құлаққа мыс құйып жатқандай соншалық әсем болады деп ешқашан ойламаппын. Қазақстанға рахмет!» дейді Джулия Ларионова есімді келесі бір жанкүйер. «Құдайға күнәлі болғым келмейді, бірақ қолымнан келер емес. Ол – вокалдың тәңірі. Оны қайталаудан еш жалықпаймын», депті Венера Гаева атты бір фанат.«Бүгінде көбіне-көп арзанқол музыкалар алмастырып отырған нағыз музыкалық өнерді қайтадан өмірге әкелгені үшін біз Димашқа алғыс айтуымыз керек». Галина Григорьева атты тыңдарман осылай дейді.
Жоғарыда келтірілгендердің шын жүректен шыққан және вокал өнерінен хабары бар адамдардың пікірлері екенін мойындай отырып, аты әлемге танылған ресейлік композитор, бүгінде Димаштың өнердегі әріптес ағасына айналған Игорь Крутойдың көзқарасына айрықша тоқталып өту орынды болмақ. Ол Димашқа қатысты екі мәрте өз пікірін білдірді. Әлемге әйгілі композитор алғашқыда «Мен қызылсөзділікті ұната қоймаймын. Бірақ ол ғарыштық жігіт» десе, екінші жолы, дәлірек айтқанда Ресей эстрадасының примадоннасы атанған А.Пугачеваның мерейтойлық концертінен кейін «Бүкіл әлем оның аяғының астында жататын болады» деп Димаштың дара талантына тәнті екенін жеткізді. Димаштың Мәскеуде екі күн қатарынан өткен концертіне әлемнің 50-ге тарта елінен оның талантына табынушылардың келуінің өзі қазақ әншісінің қандай деңгейге көтеріліп кеткенін айқын көрсетеді.
Осы орайда кейбір шала сауатты ағайындардың Крутой дегендері кім соншама әлдеқандай қылатын деп бәлсініп қалулары әбден мүмкін. Оны да айта кетейік. Игорь Крутойдың әндерін кезінде есімдері КСРО-ға кеңінен танымал Мүсілім Магомаев, Иосиф Кобзон, Алла Пугачева, Лев Лещенко, София Ротару, Валентина Толкунова сияқты әншілер мен Андреа Бочелли, Чо Суми, Дмитрий Хворостовский сияқты әлемдік опера жұлдыздары, Лара Фабиан сияқты танымал әншілер орындаған және әлі де орындап жүр. Олай болса шығармаларын орындайтын әншіден кенделік көрмеген Крутойдың біздің Димаштың өнеріне бас июі қазақ ұлты үшін зор мақтаныш. Ойымызды толықтыра түсу үшін елең еткізерлік мына бір оқиғаны айта кету аса маңызды. Егде жасқа келген жаңазеландиялық науқас әйел (обыр ауруымен ауырады) Димаштың әнін тыңдағаннан кейін өзін жақсы сезіне бастағанын байқаған. Содан сонау арал мемлекеттен Қазақстанға, Димаштың еліне келу үшін үш ай бойына дайындалады. Ақыры Қазақстанға келіп, Димаштың ата-анасының үйінде қонақта болады. Ең ғажабы сол, кейін еліне оралғанда дәрігерлер науқастың жағдайының бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарғанын растаған. Шынайы өнердің құдіреті деп сірә, осындайды айтса керек.Сонымен жоғарыда қойылған «Димаш Құдайберген кім?» деген сауалға қайта айналып соғар болсақ, бұл сұрақтың мән-мағынасына жеке адамның өмірі тұрғысынан емес, одан әлдеқайда кеңірек ауқымда үңілген жөн.
Мойындауымыз керек, ара-тұра болса да, әсіресе қызынып кеткен кезде бізді бүкіл әлем таниды деп кеудемізді соғып мақтанып кететін кездеріміз бар. Тіпті арқалы ақын Қасым Аманжолов та сонау кеңестік заманның өзінде «Енді мені менсінбес, Еуропаның қай елі? Қарсы келсем – құшақтар, Қаратпайтын әйелі», деп өлең де жазған болатын. Шыны керек, мұндай мақтаншылықтың артында тұрған еш жамандық жоқ. Оның бәрі біз де өзгелердей жер шары халықтарына танымал ел болсақ деген ізгі ниеттен туған сөздер. Дегенмен, әділіне жүгінсек, әлемде бізді танитындардан гөрі мүлде танымайтындардың әлденеше есе көп екенімен келісуге тура келеді. Ол үшін және уайымдаудың да қажеті жоқ. Өйткені әлем жұртшылығы тәуелсіздігін жариялағанына 27 жыл ғана болған Қазақстан тұрмақ, атағы бізден әлдеқайда дардай мемлекеттерді де тани бермейді. Себебі әлемде қалыптасқан жағдай сондай – бір елдің халқын екінші бір елдің халқы онша қызықтыра қоймайды.
Рас, елді күтпеген жерден жаһанға танымал қылып жіберетін бір жайттар бар. Олардың алғашқысы – спорт. Егер футболдан әлем чемпионы атансаң сені жер шары тұрғындарының кем дегенде 70-80 пайызы тануы мүмкін. Екінші – өнер. Бізді, яғни Қазақ елі мен қазақ деген ұлтты әлемге танытатын да Димаштың өнері. Жоғарыда «әр халықтың өзіне тән ерекшелігі болады» деуіміздің де сыры осында жатыр, яғни біз сол ерекшелігімізді мұқым дүниеге көрсетуіміз керек. Ал оны дәл бүгінгі таңда көрсете алатын адам жалғыз Димаш. Өшпес ғажап өнерімен атын қазірдің өзінде айдай әлемге мәшһүрлеп үлгерген Димаштың белгілі бір дәрежеде біздің қолдау-көмегімізге онша зәру бола қоймауы да мүмкін, бірақ біз үшін ол өте қажет. Димаш Қазақстан деген елді және оның қазақ деген халқын өркениетті елдердің қатарына қосу үшін қажет. Әлі де болса тума талантқа бірде тосырқай, енді бірде іштарлықпен қарап жүрген кейбір ағайындар осыны түсінуі тиіс.