• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Сәуір, 2019

Маңызды бастамалар жүзеге асырылады

874 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент сайлауын осы жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешіміне орай, 10 сәуір күні партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезін Нұр-Сұлтан қаласында сәуірдің 23-і күні өткізу туралы қаулыға қол қойған болатын.
Партияның Қостанай об­лыс­тық филиалының кезектен тыс ХХVII конференциясын­да нұротандықтар алдымен Мемлекет басшысының мер­зімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы шешімін қолдайтындықтарын білдірді. 

– Біздің саяси ұйым Елбасы анықтап берген жаңғыру жұмыстары мен еліміздің қазіргі даму қарқынының әрі қарай сақталуы үшін жұмыс істейді. Тұңғыш Президентіміздің тікелей бастамасымен қолға алын­ған ауқымды экономика­лық, әлеуметтік, саяси және рухани жаңғырулар партия мен мемлекетіміздің алдағы жұмыс бағыттарының негізгі басымдығы болып қала береді, – деді облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төр­ағасы Архимед Мұ­хам­бетов. 

Конференцияда партия мүшелері А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік уни­вер­ситетінің ректоры, об­лыс­тық мәслихат депутаты Алма Досжанова, партияның Соколов-Сарыбай кен өндіру бір­лес­тігі аудандық филиалы төр­ағасының орынбасары Алек­сандр Макаренко сөз сөйледі. Мәселен, А.Макаренко еліміз өндірісінің көшін бас­тайтын Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің үлкен ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер уақытындағы шешімін қызу қолдап отырғанын айтты.  

Nur Otan партиясының ХVIII съезінде партия Төраға­сы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобалары өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың тетігі. «Құтты мекен» жобасы бойынша биыл облыс өңірінде жергілікті маңызы бар 531 шақырым жол жөндеуден өтеді. Мұнда жолдарды негізінен орта жөндеуге басымдық бері­леді. Осы жұмыстардың 50 па­йызы республикалық, 50 па­йызы жергілікті бюджеттен қар­жылан­дырылады. 

– Ауылдық жерлерді ауыз сумен қамтамасыз ету жоба бойынша қолға алатын өте маңызды жұмыс болып отыр. Облыста барлығы 548 ауыл­дық елді мекен бар. Соның 172-і ғана орталықтандырыл­ған ауыз су құбырымен қамтама­сыз етіл­ген. 376 елді мекен орта­лық­­тандырылмаған ауыз суды пай­­­д­аланады және тасып беріледі. 2020 жылға дейін елді мекендерді ауыз сумен қамту үшін 22 жоба жүзеге асырылады, оған биыл 7,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биыл 19 ауылға орталықтандырыл­ған ауыз су құбыры тартыла­тын болады, – деді партия­ның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. 

Өңір басшысы партия жобалары бойынша облыста жүзеге асатын жұмыстардың қазірдің өзінде басталып кеткенін тілге тиек етті. «Бақытты отбасы» жобасы бойынша азамат­тар­дың әлеуметтік аз қамтылған қатарын қолдау үшін облыс бюджетінен 7,7 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Бұл был­тыр­ғы жылдан 20 пайызға көп. Кәсіп­керлердің көмегімен 20 көп ба­лалы отбасы баспаналы болды. Конференцияға қатысқан партия мүшелері Nur Otan-ның кезектен тыс өтетін ХІХ съезіне облыстан баратын делегаттар құрамын сайлап, бірауыздан дауыс берді. ҚОСТАНАЙ