• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Сәуір, 2019

Қаламымды алдым батырып, қарашығына ғаламның

1114 рет
көрсетілді

Бүгін назарларыңызға талантты ақын Нұргүл Оқашеваның өлеңдерін ұсынамыз. Жауһар жырларымен жаһанды жалт қаратар ақын жүрегі – сезім аралындай таза, сенім тұрағындай берік. Нұргүлдің өрнегі өзгеше өлең-жырлары ә дегеннен қазақ әдебиетінің белді өкілдерінен жоғары баға ала білді. Ол үлкен сенім және зор жауапкершілік. Нұргүл Әбдімұратқызы - «Жүрегім жырдан ғана жаратылған», «Күз бен Қыз» жинақтарының авторы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет атқаруда. Тұрмыста. Екі баланың анасы.

***

Өлтірмеді Мені Мұң емдемеді, "Періште" деп сенгенім "пенде" ме еді?! Өзегіме Өрт қойып өзгелердей, Өкіндіріп кеттің ғой, Сен де мені...

Сатқындығын Өмірдің бір ұқтырып, Ессіз шақты еске сап... ұмыттырып... Сүйреп келе жатырмын "сүйегімді", Күйреп келе жатырмын күліп тұрып...

Бірін-бірі адамдар сатады, ақтап, Әлем үнсіз Күнәға батады аппақ. Менің жеңілісіме күле қарап, Ағаштар тұр қолдарын шапалақтап.

Алыстады Ардақтым "сенем" деген, Сол күн теріс айналды Әлем менен. Мен тағы да ең адал Жалғыздықты, Жалғыз өзім қарсы алдым...Өлеңменен...

***

Жалқылығымды жатсынды атырап, бар маң, Көшеде жалғыз қалдым да қарқылдап күлдім. Төсіне Күздің құлаған жапырақтардан, Сатқындық жайлы сүйкімсіз ән тыңдап тұрмын...

Ән тыңдап тұрмын көңілдің өкпесін көне, Өткен шағымның көріне сүйредім, көміп... Жапырақтарды жылаған (кектенсін кімге?), Аспанға шашып алаңсыз билегім келіп...

Серт берген сезімдеріне лайықтай бекем, Сап-сары соқпақтарынан жаңылыспайды. ...Күз, сені қалай "сатқын" деп айыптайды екем, Жапырақ біткен ән айтса сағыныш жайлы...

***

Бір-ақ сөзің естілді де... Жандым ба? Жас арылды көйлегімнің жеңінен. Менменсіген Бақтың өзі алдымда, Басын изеп амандасты Менімен.

Елемедім Аспандағы Айды да, Арманыммен ойнап жүрген "Қуыспақ". Кеше Мені қан жылатқан Қайғыға, Қуанышты шашып кеттім уыстап.

Бір сөзіңнен Өмір кетті өзгеріп, Өзегінде өткеншақтық Кек күлді. Қарағайлар болмашы бір Сөзге еріп, "Мына қыздың есі ауысқан" деп тұрды...

Шын бақыттың дәмін солай татырдың, Әлем тұрды бір-ақ ауыз сөзіңде. Қуанышты шашып келе жатырмын... Бұл Менмін бе?.. Түсінбедім Өзім де...

***

Өмір мынау: кім жеңілді, кім ұтты?

Өмір мынау: күйдіруге құнықты.

...Жалғандағы жалғыз ғана «жебеушім»,

Ол да мені ұмытты...

Ұм(ы)тылмауға ұмтылсам да нешеме,

Ұмытылдым, солай екен Пешене.

Өткенімді шығарғым кеп есімнен,

Ұзақ жүрдім көшеде.

Солқылынан сауыға алмай жараның,

Көше ұшында жалғыз ұзап барамын.

«Ескі әнімді» есіме сап шырқайды,

Ескі шамы қаланың.

Өкпелемей...

Кінәламай,

Сұс қылмай,

Қайғымның  да кеудесінен құштым жай.

...Қарсы алдымнан қаңғыбас ит кезіккен,

Ол да кетті пысқырмай...

***

Арқама ауыр жүк артып, Жазғырсын, мейлі, бұл жалған. Теректей күзгі қуартып, Сабағымды үзсін бүр жарған.

Ұйқысыз таңды атырып, Суалды нұры жанардың. Қаламымды алдым батырып, Қарашығына ғаламның.

Бір сиқыр құйдым көңілге, Тамшысыменен жаңбырдың. Өкпешіл мынау өмірге, Өлең боп келген тағдырмын.

Жарқылсыз, жұмбақ сезімсіз, Жұлдыздың көрдім сөнгенін. Аппақ бұлтына кебінсіз, Аспанның көрдім көмгенін.

Ғайыпқа сіңді тіршілік, Бұлдырап көзім алдында. Жыр жүрек қалды тұншығып, Жоқпын ба, әлде, бармын ба?..

Жанымның дерті өлең - мұң, Қол созды биікке «мұңым». ...Түс көріп жатқан әлемнің, Мен, мүмкін, кейіпкерімін...

СҰРАҚ

Сынайды да екен ғой өмір бұлай, Жылайды да екен ғой көңіл құлай. Құрақ көрпе секілді жүрегімді, Қайтем сені жаншыған шөгір мұң-ай?!

Қанатымды шарпылтып күйікке мың, Жиып кегін жалғанның сүйіп шерін. Табанымның астында тапталды кеп, Аспантектес қол жетпес биіктегім.

Күйімді ұрлап ырғақты көңілдегі, Жылар шақта көзден жас төгілмеді. Өзеуреген өкпеге қия-қия, Өгейсітіп жіберді өмір мені.

Соңғы жаңалықтар