Тараптар парламентаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған қазақстандық және британдық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания – еліміздің Еуропадағы стратегиялық әріптесі екенін және Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания басшылығы арасындағы тиімді байланыстар екіжақты ынтымақтастықты дамытуға серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның сыртқы саясатында өзгеріс болмайтынын және Елбасы бастамашы болған барлық мемлекеттік бағдарламалар одан әрі іске асырыла беретініне назар аударды.
Өз кезегінде, Алан Данкан Қазақстанды Орталық Азия аймағы үшін маңызды ел деп, Ұлыбритания біздің елімізде болып жатқан саяси үрдістердің бірқалыпты болуын қолдайтынын атап өтті.
Британдық саясаткердің айтуынша, тұрақтылық пен сабақтастық халықаралық аренада Қазақстан беделінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазақстандық және ұлыбританиялық парламентаралық ынтымақтастық туралы әңгіме барысында тараптар оны жүйелі негізде нығайтуға қызығушылық білдірді.
Мәжіліс Төрағасының пікірінше, парламенаралық байланысты нығайтуға британдық Парламент өкілдерінің ағымдағы жылғы 23-24 қыркүйекте Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының Төртінші кеңесіне қатысуы мүмкіндік беретін болады.
Форумға шақыру үшін алғыс білдірген Алан Данкан конференция тақырыбы Қазақстан мен Ұлыбританияның бүгінгі қарым-қатынастарының сипатын бейнелейтінін атап өтті.