• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2012

Құқықтық өріс бәйтерегі

296 рет
көрсетілді

Құқықтық өріс бәйтерегі

Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:45

Конституцияны құқықтық өрістегі бәйтерек деуге болады. Ұшар басына самұрық құс ұя салса, берік діңі мен кең жайылған бұтақтарының көлең­кесі­нен халыққа сая шашылады.Қазақ ұғымында Ел сөзі мемлекет және Отан, жұрт, халық деген ұғымды айғақтайды. Ел Тәуелсіздігін алып, Елбасы мемлекет тізгінін ұстаған талайлы за­манда ең мұқтаж міндет Елдің Негізгі Заңын жазу болатын. Сондай алма­ғай­ып заманда еліміздің ең білгір, ең кемел заңгерлері Елбасы төңірегіне топтаса білді. С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев,

Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:45

Конституцияны құқықтық өрістегі бәйтерек деуге болады. Ұшар басына самұрық құс ұя салса, берік діңі мен кең жайылған бұтақтарының көлең­кесі­нен халыққа сая шашылады.Қазақ ұғымында Ел сөзі мемлекет және Отан, жұрт, халық деген ұғымды айғақтайды. Ел Тәуелсіздігін алып, Елбасы мемлекет тізгінін ұстаған талайлы за­манда ең мұқтаж міндет Елдің Негізгі Заңын жазу болатын. Сондай алма­ғай­ып заманда еліміздің ең білгір, ең кемел заңгерлері Елбасы төңірегіне топтаса білді. С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, С.Сартаев және басқа да академиктер бас­та­ған жұлдызды шоғыр келелі істің басы-қасында болып, діттеген міндет биі­гі­нен кө­рінді. Жоғарғы Кеңес қабылдаған алғашқы Конституциядан соң бүгінгі күн­гі мемлекет, қоғам және адам құндылықтарын заманалық тұрғыдан құ­қық­тық реттеудің қазақстандық үлгісін көрсетіп отырған Ата Заң дүниеге келді.

Тәуке ханның «Жеті жарғысы» жеті мә­селені қарастырған, жеті ақылман бидің жетесінен шыққан дүние болса, тоғыз тараулы бүгінгі Конституциямыз тоқсан тоғыз мәсе­лені толағай биігінде, шалқар кеңдігінде қарастырған, бүкіл елдің барша азаматы мың ойланып, сан толғанып бүкілхалықтық референдумда қабылдаған, Президенттің жоғары дәргейімен бекіген құжат.Бүгінгі міндеттер тұрғысынан Конституция нормалары мен жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы қалай ұштасады? Конституция әркімнің еңбек ету бостандығын, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығын бекіткен. Ал шын мәнінде, еңбек ету бостан­ды­ғының өзегінде ересек адамның ерікті еңбек ету міндеті, өзін, әулетін асырау парызы тұр. Бұл табиғи міндет. Онсыз адам өзін ешбір ортамен байланыстыра алмайды, әлеуметтік байланыс құра алмайды. Еңбек ету бостан­ды­ғы адамға өзін өзі тануға, ішкі рухани әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жұмыс істеудің утилитарлық қыры басым. Еңбек етудің адамгершілік, имандылық, құқықтық, ақпараттық және т.б. алуан түрлі қыры мен сыры ашыла түсуде. Еңбекті тану арқылы адам өзін өзі тану шеңберін кеңітеді, тұңғиығын тереңдетеді.Интеллектуалдық қоғам құруға бет алған заманда ұстаз еңбегін, ғылыми зерттеушілік еңбекті лайықты құрметтеуге басымдық беру қажет. Болашақ маман даярлауды сапалы етеміз десек, білім мен ғылым саласындағы толассыз жүргізіліп жатқан реформалардың ең құрығанда біреуін оқытушының еңбек­ақы­сы мен жағдайын, әлеуметтік-құқықтық мәртебесін шынайы көтеруге нақты бағыт­тауымыз керек. «Бапкердің бабы келіспесе, бәйгеторының бағы ашылмас». Бәйге торы – бұл студент.Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сыбай­лас­тықты жоюдың бір жолы ретінде жалақы деңгейін іскерлік ортадағы табыспен те­ңес­тіру талабы ешуақытта орынсыз саналған емес. Ұстаз, дәрігер, ғылым санатында жүр­ген мыңдаған адал да көнбіс «еңбекторыға» қатысты бұл мәселе өз деңгейінде қойылмай жүр. Олай десе, білім, медицина, ғылым жүйе­сінде жемқорлықтың бар екендігін жанама мойындағандай боламыз ба деген жал­ған ұят сезімі оянатындай. Бұл салалардағы жемқорлық деңгейі туралы әлеуметтік сауалнамалар мен байқаулардан баршаға мәлім емес пе?!Лайықты жалақы, жайлы жұмыс орны, әлемдік стандарттарға сәйкес басқа да әлеуметтік-құқықтық тетіктер іске қосылса, талай білікті жан жоғары білікті маман даярлау ісіне құлшына кірісер еді. Ең әуелі өзін өзі шыңдау жолынан өтіп нәтижелі еңбек етеді. Лайықты жалақы қандай болуы тиіс? Елдің ІЖӨ мөлшерін өлшем ету керек. Төменгі жалақының өзі отбасындағы үш адамды асырауға жетуі тиіс. Ғылыми зерттеу­лер осыны негіздейді. Бұл қиял емес, еліміздің адамдық қорын аздырып алмаудың уайымынан туған ой.Қазіргі жоғары технологиялы күрделі өндірісте еңбек ету құқығына тек жоғары білімді адам ғана ие бола алады. Сондай-ақ еңбек адамының білім алуына өндіріс кедергі болмауы керек. Қайта өндіріс соған мүдделі болуы тиіс. Адамның оқуға қабілеті жас кезінде ерекше болады. Жас келген соң адам физиологиясы бір жағынан, тұрмыс екінші жағынан тұсап, оқуға мүмкіндік күрт азаяды. Сондықтан жастардың оқуына мейлінше мүмкіндік ашылуы тиіс. Оқу да еңбек­тің бір түрі. Және ең бір қиыны болуы керек. Оқу инемен құдық қазғандай дейді қазақ. Тереңіне үңіліп көріңіз. Әуелі құдықты қайла, шот, күрек тәрізді құралдармен қазатыны белгілі. Соның өзі оңай емес. Қазғаныңнан су шыға қойса жақсы. Тұщы су шықса, тіпті ғажап. Екіншіден инемен құдық қазу дегеннің өзі қаншалықты дұрыс. Инемен құдық қазатын адам кім сонда? Не жүрек жұтқан батыл, не ерен қажырлы, төзімді, шыдамды. Қай жерден қанша қазу­ды білетін білгірі. Немесе нағыз ақымақтың, не көзбояушының өзі.Қазекем бекер айтпайды. Оқумен айна­лыса­тын адам қаптаған манускриптен көз майын тауыса отырып, керегін табады. Хал­қының қолын зәру дүниеге жеткізеді. Қазір «инемен құдық қазу» қымбаттап та кетті. Мемлекет бекіткен оқу бағасын орташа отбасы көтере алмайды.Еңбек тек жұмысты білдірмейді. Еңбек – зейнет. Жалпыға ортақ еңбек қоғамы қара жұмыс қоғамы емес. Ол «Қытай қорғанын» салуды көздемейді. Нәтижелі жұмысты, елге пайдалы жұмысты еңбек дейді. Жұмысақы деген сөз жоқ, еңбекақы деген сөз бар. Жұмысты физикалық бірліктермен мөлшер­леуге болды. Ал еңбек әлеуметтік-құқықтық тетіктер арқылы реттеуді қажет етеді. Елге пайдасы тиетін, келешек ұрпақтарға ырыс жұқтыратын еңбек қоғамы. Қадірлі, тер төгілген, құрметті жұмысты, халыққа қыз­мет көрсететін, құт әкелетін жұмысты еңбек дейді. Ерлерін ел еңбегі сіңген деп әспет­тейді. Еңбек – Ең Бек деген сөз. Еңбек түр­лендіреді, байланыстырады, қатыстырады. Еңбектенгенді, төккен тер мен жұмсаған күшті құрметтесек, шапқаннан озармыз, шашқаннан жомарт болармыз. Еңбектеніп тапқанын ешкім де есепсіз шашпас.Жас балалардың (10 жасқа дейінгі), жасөспірімдердің (10-13 жас) еңбектік қаналуына жол бермеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру керек. Жеткіншектердің, яғни кәмелетке толмағандардың (14-17 жас), бозбала мен бойжеткен жастардың (18-21 жас), зейнет жасындағылар мен әйелдердің еңбек құқықтары мейлінше сақталатын, қорғала­тын жағдай керек. Жасамыс адамдардың салада жинақталған өтілін ескере отырып, зейнет жақындағанда жалақысын сақтай оты­рып, жеңілдеу жұмыстарға ауыстыру тетігін қарастыру, түрлі санаттағы еңбеккерлердің еңбегін ажыратымды түрде құқықтық реттеу, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету өркениеттік талап, гуманистік міндет.Конституция елдің негізгі заңы, негізгі тетіктерді құраушы ретінде ерекше маңызға ие. Ешбір заң Конституция бекіткен құ­қық­тық үлгі-қалыптардан төмен түсіп кете ал­майды. Алайда заңнамалық кесімде Конституциядан да гөрі жоғары жағдайлар жасау мүм­кіндігі қарастырылса, ол құптарлық жағдай болып табылады.Сонымен бірге, заманалық жағдайда жастардың әлеуметтену үдерісі тым созы­лып бара жатқаны, көп жастың масылдығын бүркемелеп бір бакалавриаттан соң, екінші, үшінші мамандық деп, одан асса магистратура, докторантура деп созбалақтап, «мәңгі студент» санатын толтырып жүретіні рас. Ондайларға тоқтау берген абзал. Бір басында үш-төрт дипломы бар, отыздың о жақ, бұ жағындағы әр салаға, бар салаға билік ететін менеджерлердің, шенеуніктердің «талантына» өз басым онша сенбеймін.Масылдық бойымызға қаншалықты сіңген? Таксист болу соншалықты тартымды ма, әлде табысты ма? Жастар жалқау емес. Мамандығы бойынша да еңбек етіп жүрген, сонымен қатар несие қамытынан құтылу үшін қолы қалт еткенде таксист болып жүр­гендер бар. Өлерменденіп бірнеше жұмыс істеп жүргендер жетерлік. Жұмыс бөлек, ең­бек бөлек. Жұмысты машина да, құлтемір де, күш көлік те атқарады.Еңбек ету – тек адамға тән қасиет. Адам бұрап қойса жүре беретін робот емес. Уақытылы тынықпаса, қалжырайды, сейілетін мүмкіндігі болмаса, қажиды. Мерзімінен бұрын үзіледі. Жұмыс пен үзіліс уақыты, демалыс мерзімі, жұмыстың түрі мен санатына байланысты жүктеме мөлшерлері нақтылануы, сол қалыптар қатаң сақталуы құқықтық тетіктермен реттеледі. Адамдық қазына ортайса, толықтыру қиынға соғады. Тозған техниканы жаңадан өзімізде жасап шығаруға, болмаса, шетелден сатып алуға болар. Ал адам тозса, шетелдік арзан жұмыс күшіне иек арту қымбат та, қауіпті болмақ.Кеңселер мен қоғамдық орындарда күн­діз-түні жанып тұратын электршамдар, моншаларда бір қосылса тоқтамай су ағызатын шүмектер, көлік жууға орынсыз жұмсалатын ауыз сулар – құнтсыздық көрінісі. Судың да сұрауы бар, қазақ жолы – қанағат, тоқтамы – обал мен сауап. Бүгінгі ысырапты, ынсапсыз тұтынудың артында күні ертең-ақ балала­ры­мыз бен немерелеріміздің шөліркеген жүзі, кебірсіген ерні тұрғанын пайымдауға асқан ақылдың қажеті жоқ. Ендеше, неге, неліктен құнтсыздыққа, ынсапсыздыққа, тура айтқанда, жыртқыштыққа жол береміз? Бұл – жеке тұлғаға да, алып компанияларға да қатысты талап. Ұлықтар ұстанатын, заңдар қатал жазалайтын талап.Қазақ қатал тыйымдар арқылы өмір сүрген. Көкті жапырмаған. Көлді ластама­ған. Соқпақты сақтаған. Жеті атаға дейін қыз алыспаған. Жеті өзеннің ар жағынан іздеген қалыңдықты. Қан тазалығы үшін, текті тоздырмау үшін. Бес қаруы сай болмаса, жиынға қатыстырмаған. Жасына қарай жілік ұстап, жағына қарай сөйлеген. Сөзді басынан асырмаған. Өнер алды – қызыл тіл деп білген. Алайда бір заманда осы дәстүрді үзіп алдық. Жерідік, жеріттік.Халық қанша дана болса да, көш­бас­шыға қарайлайды. Оның талай мысалы бар. Сингапур көсемі оқыған жігіт оқыған қызбен ғана отбасын құрсын деп заңға бергісіз шешім шығарған. Әскерге барған бозбала салмағы қалпына келгенше сапта жүрсін деген. Қатал болса да, қажетті шаралар екені сөзсіз. Кемал Ататүрік түрік тіліне реформа жасап, оны араптық, парсылық сөздерден аршыған, тіпті жоқ сөздерді соныдан енгізген. Біздің Елбасының әрбір Жолдауы мен үнқатуларынан осы бағ­дар­да­ғы реформа­лық, эволюциялық көзқарасты көреміз.Сөзімізді Президент түзейді, ысырап шүмектерін Елбасы тоқтатады деуге болмайды. Өзіміз түзейік, өзіміз құнттайық.Еңбек еленуден қалып, қарабайыр жұмыс ретінде танылғанда адам де еріншектенеді. Салы суға кетеді, ерік-жігерден айрылады. Еңбекке деген жалпы қоғамның көзқарасы түзелсе, ерлер де серпіледі. Еліне, ертеңіне қызмет етеді.Тәуелсіздіктің бізге бар бергені де, бар берері де еркіндік, дербестік әрі өз тағдырымызға деген зор жауапкерлік. Өз тағдырымызды өзіміз шешуіміз керек. Сонда сырттан қауіп-қатер ендеп кіре алмайды.Елбасы жариялаған тұжырымды ойларға менің қосарым осы пікірлер. Президент жалпыға ортақ еңбек қоғамы дегенде еңбек адамдары туралы айтып отыр. Елбасы ойының өрнекті өзегінде адамдар тұр. Еркіндік кезеңінің бұған дейінгі сатыларының алғашқы жылдарында жансақтау, тәуелсіз­дік туын өзгелерге таныту, қапылыста қол­дан шығарып алмау мақсаттары тұрса, бұған дейін жекелеген керегелері (компоненттері) көрініп келген тұжырымдама дербестіктің үшінші онжылдығы бас­талғанда өзінің табиғи тұтастығында бой көтеріп, Ер мен Елге, Халық пен Үкіметке нақты іс-қимыл бағдарламасы ретінде ұсынылып отыр.Міне, Елбасы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына бастағанда осы бастаулар мен шырқауларға жол салып тұрғандай.

Болат СЫЗДЫҚ,заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Қарағанды «Болашақ» университетінің профессоры.