Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:39
Бүгінгі қазақ елінің мәдениеті мен өнерінің өсіп-өркендеуіне ерен еңбек сіңіріп, өмірін арнаған азаматтардың ішіндегі бірегейі Ілияс Омаров екендігі жалпы жұрт мойындаған шындық. Ол қай салада, қандай қызмет істемесін, бәрібір өзінің өмірлік мақсатынан айныған жоқ. Бар білік-білімін, қажыр-қайратын ұлт руханиятының өркениетті елдердің қатарына қосылып, еңсе тіктеуіне жұмсады. Бұл пікіріміздің ақиқаттығына Ілекеңнің ғибратты ғұмыры мен әлеуметтік қызметі куә. Ол жоғары дәрежелі қызметке ерте қол жеткізді.
Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:39
Бүгінгі қазақ елінің мәдениеті мен өнерінің өсіп-өркендеуіне ерен еңбек сіңіріп, өмірін арнаған азаматтардың ішіндегі бірегейі Ілияс Омаров екендігі жалпы жұрт мойындаған шындық. Ол қай салада, қандай қызмет істемесін, бәрібір өзінің өмірлік мақсатынан айныған жоқ. Бар білік-білімін, қажыр-қайратын ұлт руханиятының өркениетті елдердің қатарына қосылып, еңсе тіктеуіне жұмсады. Бұл пікіріміздің ақиқаттығына Ілекеңнің ғибратты ғұмыры мен әлеуметтік қызметі куә. Ол жоғары дәрежелі қызметке ерте қол жеткізді. Небәрі 28 жаста министр болған. Сондай-ақ өзінің қысқа ғұмырында екі мәрте министр, обкомның хатшысы, бірінші хатшысы, Республикалық Компартияның хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Ара-арасында дәрежесі төмен жұмыстарға жегілген кездері де бар. Ал оның себебі, жүктелген міндетін ақсатып алғандықтан емес, кеңестік кезеңнің солақай саясатының салдары.
Бай көпестің қызына үйленгені, қазақ тарихының шындығын ашып жазуға атсалысқаны, қай салада қызмет атқарғанына қарамастан, қазақ өнері мен мәдениетіне қатысты мәнді мәселелерге қызу араласып, керек жерінде қолұшын беріп, баспасөз беттерінде парасатты ой-пікірлерін жариялап тұрғаны билік басындағылардың кейбіреулеріне ұнамапты. Алайда ұлт қамын жеген азамат өзі таңдаған жолдан жалт бұрылмаған. Мансапқа емес мақсатқа қызмет істеудің өнегесін көрсеткен. Нәтижесінде халқының қалаулы азаматы санатында есімі елінің есінде мәңгі сақталар тұлғалар тізіміне қосылды. Ол мәдениет министрі кезінде кабинетінің төріне қазақтың аяулы ұлы, ұлт мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген Т.Жүргеновтің портретін іліп қойса, сол Ілиястың ізгілікті қызметін жалғастырған. Ө.Жәнібеков те өзін оның ізбасар шәкірті санаған. Туған халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп, оның еңселі елдігінің басты көрсеткіші саналатын өнері мен мәдениетінің жоқшысы, қамқоршысы болудың тамаша үлгісі осылайша жалғасып, кейінгі ұрпаққа ұлағатты өнегесін қалдыруы қандай ғанибет десеңізші?!Биыл – сол тұлғалы азамат Ілияс Омаровтың жасы жүзге толатын жыл. Соған орай бұрын-соңды жарық көрген кітаптарынан іріктеп, таңдап алып оқырмандар назарына ұсынылып отырған жаңа жинақта (құрастырушы автор) Ілияс Омаровтың қазақ өнері мен мәдениетінің өзекті мәселелерін қозғап, оның бүгінгі жағдайын талдап, болашағына бағдар боларлық толғақты толғамдарын ортаға салған көкейкесті мақалалар және осы мақсатына жету жолындағы ерен еңбегінің жарқын беттерін баяндайтын естеліктер топтастырылған. Жаңа кітаптың Ілекеңнің бекзат болмысын танытуға татитын елеулі еңбек екендігі күмәнсіз. Енді біз осы кітапқа қысқаша болса да талдау жасап, оқырманмен ой бөлісе кетпекшіміз. Ал бұл Ілекеңнің қайраткерлік қызметінің қыр-сырының кілтін ашу деген сөз.
Ілияс Омаров – мәдениет пен әдебиеттің барлық саласына араласып, кемел ой, кесек пікірлерін бөліскен санаткер. Осы пікірімізді дәйекті дәлелдермен тұжырымдау мақсатымен бірер мақаласына тоқталалық. Оның біріншісі – «Өскен елдің өрелі мәдениеті». Мақала Орта Азия мен Қазақстанды аралап қайтқан француз жорналшысы Робер Лаконтрдің «Фигаро» газетінде жарияланған жолжазбаларында айтылған теріс пікірлерге тойтарыс беруге арналған. Әйтсе де, ол жай ғана себеп, ал шынтуайтында, Ілекеңнің бұл еңбегінде өркені өскен қазақ елінің өскелең өнері мен өрелі мәдениетінің сыр-сипаты кеңінен қамтылып жазылған. Онда тумысынан сауықшыл, өнерпаз қазақ елінің әндері мен күйлері, ұлттық музыкасының бай қоры және оның жинақталуы, нәтижесінде өнердің жаңа саласы – ұлттық опера мен балет жанрының дүниеге келуі, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі, мемлекеттік ән-би ансамблі, қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы академиялық опера және балет театрының шаңырақ көтеруі, бейнелеу өнері мен мәдени-ағарту мекемелерінің өркен жаюының жай-жағдайы талдана таразыланып, осы орайдағы жемісті жетістіктер мен келеңсіз кемшіліктер сараланған. Сондай-ақ, мақалада осынау өнер салаларының саңлақ тұлғалары туралы да толымды әңгімеленген.Ал Ілекең «Өнер мұраты биік болмақ» және «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген мақалаларында көптеген көкейкесті мәселелерді әңгімесіне арқау етіп алып, соны жүзеге асырудың амал-тәсілдерін көрсетіп, тың ойлар, тұщымды тұжырымдар жасайды. Ұлттық өнердің өркендеуіне әдебиеттің зор ықпалы барлығын айта отырып, автор сахна сәні драматургиялық шығарма – пьеса екендігін және қазіргі қаламгерлеріміздің осы жанрды меңгерудегі шеберлігі мен шалалығы туралы толғаныстарын жүйелей талдап, өзекті ойларымен бөліседі. Ілекеңнің М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің тамаша туындыларының қатары толыспай отырғандығын ашынып айтқан пікірінің түйіні әлі күнге толық шешімін таппағаны да шындық.Ілекеңнің драматургияда «ескі мен жаңаның арасындағы күресті тым қарабайыр түсіну, оны көбіне-көп адамдар арасындағы сырт тартыстардан, өндірістік, отбасылық келіспестіктерден іздеу орын алып келеді. Көрермендер сахнадан драма көрудің орнынан әшейін дау-дамай, ұрыс-жанжал көріп… жүр» деген сөзінің жаны бар. Сахнада көп ретте шын мәніндегі рухани тартыс, сезім арпалысы, жан күйзелісі, өмірдің қырлары, болмыстың терең сырлары бой көрсете бермейтіні бекер емес қой. Сахналық шығармаларда көтерілген көпшілік мәселелердің өзге елдер пьесаларында айтылып қойылғандығы, иә болмаса оның өмірде әлдеқашан шешімін тапқандығы туралы ескертпесі де есте болатын пікір. Ал тақырып сонылығының тапшылығы – қазақ драматургиясының өз үнімен, өз бетімен таныта алмауының себебі екені де сөзсіз шындық. Театрдағы сахналық қойылымды көріп отырып көрермен терең ойға батып, тебіренбесе, онда оның нағыз өнер туындысы болмағаны деген байламның да жөні бар. Ілекең қазіргі қазақ өміріндегі күрделі құбылыстар, қоғамдық ортадағы шиеленісті, шешімін тосқан толғақты мәселелер шаш етектен бола тұра драматургиямыз сол тақырыпты, сол шындықты игере алмай отырғандығын да дер кезінде көрсетіп берген болатын.
Бір ғажабы, Ілияс Омаров, сол бір қазақ театрының дәурендеп тұрған кезінде, яғни атақтары жер жарған ұлы актерлеріміз Қалибек, Серке, Қаныбек, Шәкен, Сәбира, Хадиша, Қапан, Елубай, Құрманбек сахна төрінде жүрген шақта да театр тілінің тазалығын сақтау мәні зор мәселе екендігін қатаң ескертеді. Ол актерлердің ана тіліміздің әуен-әуезін, нәзік әрін қашырып, салдыр-салақ сөйлейтінін, сөйтіп оның мазмұндылығын, мәнділігін бұзатындығын, ал драматургтеріміздің қазақ сөзінің сан сырын, алуан бояулы көркемдігіне көңіл бөлмей, біржолата қалалықтардың қарабайыр, ауызекі әңгімесіне көшіп кеткендігіне қынжылыс білдіруі бекер ме?! Бұл өзі қазіргі таңдағы нағыз көкейкесті мәселе ғой. Содан көрегендікпен күнілгері сақтандырған Ілекеңе қалай риза болмассың.Соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында қазақтың әндері мен күйлерінің толыққанды антологиясы жазылып, жарыққа шығып, ұлтымыздың рухани қазынасының алтын қорына айналуда. Ал Ілекең өзі мәдениет министрі қызметіне келмей тұрып-ақ, халықтың музыкалық мұрасының іздеусіз, зерттеусіз қалғандығын айтып, сол жөнінде әлденеше қайыра мәселе көтерген. Ілекең айтпақшы, біздің баяғы А.Затаевич жинаған ән-күйлерге ғана иек артып, осы мақсаттағы ізденістерді тереңдете түсуге енжарлық жасап жүргеніміз де рас қой. Осылайша Ілекең қазақтың ән мен күй өнерінің терең тамыры халықтың фольклоры екендігін дәлелдеп, рухани мұрамызды байыта түсудің аса қажеттігін есімізге салған-тын. Бұл болса, халықтық өнерді түр, мазмұн жағынан жаңарта, жақсарта, өркендете беру мақсатын көздеген, армандаған парасатты адамның пікірі.Осы орайда Ілекең атақты әншілер мен күйшілердің аттарын атап, олардың орындаушылық шеберліктерінің сыр-сипатына тоқтала кетуді де ұмытпаған. Жұртшылық жүрегіне жол тапқан талантты өнерпаздардың дара қасиеттері мен қабілеттерін айта отырып, бүгінгі жастардың вокалды өнердің техникасын меңгере тұра, халық әндері мен күйлерін орындауда орашолақтық көрсетіп жүргендерін ашып, ащына әңгімелейтіні бар. Сазын да, сөзін де, оның ұлттық әшекей-мазмұнын да тереңнен, жан-жүрегімен ұқпайтынын айтса, оны қалай теріске шығарасың. Ілекең ән мен күйдің құлақ құрышын қандырып, жүрекке жетуі үшін әнші, ақын, композитордың шығармашылық бірлестігі мен үндестігі үйлесім табуы қажеттігін де дөп басып айтқан. Әншілік, күйшілік шеберлік шыңдаудың қайнар көзі осы айтылған пікірлерде екендігі айна-қатесіз ақиқат.Дәстүрлі музыка туралы толғаныстарына қоса, Ілекең бүгінгі эстрадалық әндер жайында да ой бөліскен. Ол кеңестік билік тұсында эстрадалық-джаздық шығармаларға күдікпен қараушылық болғанын, бірақта бірте-бірте оның тыңдаушылары көбейіп бара жатқанын, әсіресе жастарымызға жағымды екендігін, ендеше жаңа өнер саласына көңіл бөліп, жас жанрдың жақсы бағытта дамуына қамқорлық жасау қажет десе, оған қалай құлақ аспаймыз?! Мәселе, бүгінгі жастардың биік эстетикалық талғамын қалыптастыратын, тәрбиелейтін музыка жазатын жас сазгерлерге даңғыл жол ашуда.Жалпы, Ілияс Омаров зерделі өнер зерттеушісі әрі ұлттық мәдениетіміздің ұстазы болған өзгеше дарынды өнертанушы. Оның барша шығармашылық еңбегі қазақ халқының әлемдік көркемөнерде өзіндік орнын алуына арналған. Ілекең әлемдік театр сахнасына шыққан күрделі өнер туындылары: опера, балет, драма өнерлері төңірегіндегі ой-тұжырымдарын ортаға салып, оның орнығып, өркен жаюына, рухымызды көтеруіне қатысты мәселелерге ерекше көңіл бөліп, жетістік-кемістігін саралаудан да қалыс қалған жоқ. Ол сонымен қатар би, айтыс, тіл өнерлеріне қатысты маңызды мәселелер көтеріп қана қоймай, олардың өмірде өз деңгейінде заман, ұлтымыздың рухани байлығына сүбелі үлес қосуына қамқоршы да болды. Басқасын былай қойғанда, кенже қалса да, би өнерінің де қазаққа жаттығы жоқтығын айтып, қазір оның ұлттық дәстүрде өркендеп келе жатқандығына жан-жақты тоқталып, құнды ойларына ортақтастырып отыр. Осы арқылы біз Ілекеңнің әлемдік өркениеттің озық шығармаларын жетік меңгерген мәдениеттанушы, қазақ руханиятының шаңырағы шаңқан, керегесі кең болуына атсалысқан қажырлы күрескер болғандығына риясыз сенеміз және еліне сіңірген сол еңбегі үшін ардақтаймыз.Ұлт мәдениетіне байланысты мәселені шешуге келгенде, басын бәйгеге тігіп, сөзімен де, ісімен де тікелей араласқан азаматтың мына еңбегінде сол орайдағы қызметі біршама қамтылған. Тіпті жолжазба есебінде жарияланған екі эссесінде де ерекше көңіл аударарлық тұстары бар. Айталық, «Монреаль сапарында» көргендері мен көңілге түйгендерін баяндай отырып, көрмеде қазақтың қолөнер шеберлері жасаған түрлі заттардың жоғары бағаланғанын айта келіп, өзіміздің тарапымыздан осыған тиісті мән бермей жүргенімізге өкінішін білдіреді. Сол қолөнер бұйымдарын сәулет өнеріне, құрылысқа пайдалану және сувенир ретінде арнайы дүкендерде сату қажеттігін айтады. Қолөнерден мүлде қол үзіп қалмайын десек, мектептерде тиісті үйірмелер ашып, шәкірттерді шеберлікке баулу жөнінде ұсыныс жасауы да өте орынды. Ал «Айастанның алтын айдары» болса, Армения мен Қазақстанда алма-кезек өткен әдебиет пен өнер саласының онкүндіктерінен туған, түйген ойларын сабақтауға арналыпты.Ілекең ұлы композитор Комитастың армянның ұлттық музыкасын дамытуға сіңірген ерекше еңбегін егжей-тегжей баяндай отырып, оның халық әндерін өңдеп, бүгінгі күннің озық әуендеріне қосқандығына тоқталып, соған орай өз еліміздегі бай музыкалық мұраларымыздың жай-күйі көңілдегідей еместігін, біздің сазгерлердің оған атүсті қарап, олар өңдеген ән-күйлердің әуелгі сырлы сазынан, әсерлі әуезділігінен жұрдай кейіпке түсетіндігіне кейіс білдіреді. Халықтық әуенде ұлттық ерекшеліктер ескерілуге тиістігін еске салады.Біздің жапан түзде жаңа орнаған елордамыз Астана қаласына қатысты бір пікірі бар. Ол Ереван қаласының бет-бейнесін айшықтап тұрған архитектурасының өзгешеліктері туралы толғамдары. Сондай-ақ армянның «күн суретшісі» атанған Сарьянның картиналарын талдауы да таң-тамаша қалдырады. Бұл ретте Ілекеңді білгір де бірегей өнертанушы екен деп қабылдайсың. Оның армянның әр атақты композиторлары мен әншілерінің аты-жөндерін ғана емес, олардың өнерге сіңірген еңбектерін талдай түсіндіруі де сөзсіз сүйсіндіреді. Ілекеңнің өнегелі елдің үлгісіне қуанумен бірге одан үйренуге де ұмтылу керек деген қорытынды пікіріне қосыла кетесің.Біздің пайымдауымызша, Ілияс Омаровтың ұлттық өнер мен мәдениетке қатысты жазбаларын шындап келгенде ғылыми трактаттар деп бағалауымыз керек. Өйткені онда сындарлы ой, парасатты пікір, соны ізденіс, тың тұжырымдар тоғысып жатыр. Оның осы бағыт, осы мақсаттағы ерен еңбектерін толықтыра түсетін тағы бір қыры бар. Ол қазақтың көрнекті актер, ғалым және жазушылары туралы әдеби-көркем сын мақалалары. Әр сала, әр жанрдағы суреткерлердің дарын-қабілетінің табиғатын ашып, шығармашылық еңбектерінің ерекшеліктерін таразылай талдау барысында да Ілекеңнің білімпаздығы, өресі, талғамы, ұлт өнеріне деген сүйіспеншілігі айрықша, айқын аңғарылып тұр. Әсіресе, оның Бейімбет, Мұхтар, Ғабит, Бауыржан, Сырбай шығармашылықтарын талдаған зерттеулері – байсалды, батыл, өрелі, өрісті сындарлы көркемөнердің көкжиегін кеңейтіп, ұлттық рухани қазынамызға олжа салғаны белгілі. Бұл орайда Ілекеңнің ұстанған бағдары – адалдықтың ала жібін аттамау, жақсыны жазғырып, әдейі даттамау, тұлғалы талантқа жанашыр болу.Саңлақ санаткер, қарымды қоғам қайраткері Ілекеңнің озық ойлы орыс жазушы, актер, ғалымдарымен жазысқан хаттары, А.Чехов, В.Белинский, Н.Сац, Ю.Казаков, Л.Леонов, И.Тургеновтың шығармашылығын талдаған толғамдары да оның көркем ойдың көш басында тұрған тұлға екендігіне нақты дәлел. Өзінің әдебиет пен өнер хақындағы пікірлерін айтудың осы әдісін ол қазақ ақын-жазушыларына жолдаған хаттарында да жалғастырды. Жол-жөнекей жазылса да, қысқа да нұсқа тәлімді ойларымен бөліскен бұл жазбалар да Ілекеңнің сұңғыла сыншылдығы мен ғажап ғұламалығын айғақтап тұрған дәйектер.Кітапқа енген естеліктер де алаш азаматының асқақ бейнесіне орнатылған ескерткіш сияқты. Өңкей игі жақсылары мен жайсаңдарының жазбалары Ілекеңнің адами және азаматтық болмысын жан-жақты, әр қырынан көрсетуге арналған. Кезінде араласқан, сырласып-мұңдасқан, дәмдес болған қазақтың марқасқалары: Ғабит Мүсірепов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Серік Қирабаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Закарин, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жұмағали Ысмағұлов, Өзбекәлі Жәнібеков, т.б. атақты адамдардың Ілияс Омаров сынды сегіз қырлы, бір сырлы аяулы азаматтың халқына, еліне, оның өнері мен мәдениетін өркендетуге сіңірген ерен еңбегін, қарапайым адам ретіндегі болмыс-бітімін біздерге – кейінгі ұрпаққа жеткізуді көздеген естеліктерінің тағылымы мол.Туған еліне, қазақ халқына қадірлі, айналасына абыройлы кемел тұлғалар көп десек күпірлік болар. Ал Ілияс Омаров – мол сиректердің қатарындағы қайраткер. Заман өзгерсе де, қоғам жаңарса да бүгінгі ұрпақпен сырлас, пікірлес, мақсаттас болып қалған да қайран Ілекең. Оның ой-арманы, бүгінгі бізбен үндес. Оның бойындағы ең ардақты, ең асыл қасиеті – қазағына деген шексіз сүйіспеншілігі. Ол – халқының адал ұлы ретінде елінің есінде мәңгі сақталатын тұлға. Ол – халқының рухани өмірінің жанашыры, қамқоршысы болған азамат. Ілекеңе абырой-бедел атқарған жоғары дәрежелі шенімен емес, бойына біткен табиғи дарыны арқылы келген. Таяздық пен саяздықтан ада, Ілекең сынды ұлт ұстазының санамызға сіңіріп кеткен сабағын жүрегімізге ұялатсақ, ұмытпасақ қана халқының қамын ойлайтын азамат қатарына қосылатынымыз жадымызда жүрсін дейміз. Табиғи талантының жемісін туған халқының өнерін өрге бастыруға арнаған азамат Ілекеңдей-ақ болсын! Ілияс Омаровтың аманаты бойынша біздің жатсақ-тұрсақ ойымыздан шықпауға тиіс басты мақсатымыз біреу: ол ұлтымыздың өнері мен мәдениетін көкке өрлетіп, өркендетуге аянбай атсалысу!Иә, Ілекең елім деп еміренбесе, қазағым деп тебіренбесе кезіндегі кеңестік кезеңнің тар қыспағында ғұмыр кеше жүріп, адалдықтан айнымай, ұлтының кемел келешегін ойлап, сол мақсатқа ой-санасын сарқа жұмсап, өзгелердің де ел игілігіне адал қызмет істеуіне жолашар болар ма еді?! Оның өмірі азаматтық асқақ мақсатқа, қажымас күреске, үзілмес үмітке, риясыз сенімге толы. Тұла бойы тұнып тұрған ұлтжандылықтан жаратылған тұлғаның толыққанды шығармашылық және қайраткерлік бейнесін айшықтау үшін арнайы кітап арнаса да артық болмас еді. Ал бүгінде оны ел тарихының төрінен орын алған тұлға десек, онда ол Ілияс Омаровтың халқына сіңірген еңбегінің ізі сайрап жатқан ісіне берілген баға деп білеміз. Ол – халқының алдындағы перзенттік парызын адал өтеген азамат.Елінің бүгіні мен ертеңін ойлап, қазіргі сәттің жақсылықтарымен жалғасып, болашақта бұдан да көркейе түсуін аңсап-армандап, жарық дүниемен қоштасар сәтінде де халқымның алдындағы азаматтық борышымды ойлағандай орындай алмай барамын деп опынған жарықтық Ілекеңнің бекзат бейнесіне қатысты азды-көп ойларымызды осымен аяқтай тұрамыз. Біз айтпағанды, біз ашпағанды кейінгі ұрпақ жеріне жеткізе жазар дегенге кәміл сенімдіміз...
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.