Бейсенбі, 10 мамыр 2012 6:58
Ағайынды Жұмажан мен Рахымбек Шәкіұлдары Ақмола вокзалына 1945 жылдың суығы қақап тұрған қараша айында түсті. Бірі – Ленинград құрсауынан, екіншісі соның іргесіндегі Волхов майданынан ауыр жараланып, екеуінің де госпитальда жатып, емделіп шыққан беттері болатын. Інісі Рахымбектің ауыр жарақатынан жазылып кете қоймағанын көрген ағасы Жұмажан Қорғалжындағы ауылға алдымен өзі аттанып, інісін, қарсы болғанына қарамастан, Ақмоладағы жалғыз немере қарындасының үйіне қалдырды.
Бейсенбі, 10 мамыр 2012 6:58
Ағайынды Жұмажан мен Рахымбек Шәкіұлдары Ақмола вокзалына 1945 жылдың суығы қақап тұрған қараша айында түсті. Бірі – Ленинград құрсауынан, екіншісі соның іргесіндегі Волхов майданынан ауыр жараланып, екеуінің де госпитальда жатып, емделіп шыққан беттері болатын. Інісі Рахымбектің ауыр жарақатынан жазылып кете қоймағанын көрген ағасы Жұмажан Қорғалжындағы ауылға алдымен өзі аттанып, інісін, қарсы болғанына қарамастан, Ақмоладағы жалғыз немере қарындасының үйіне қалдырды.
…Гвардия аға лейтенанты Рахымбек Шәкин 1943 жылдың қаңтарында Волхов майданының ажал оғы жаңбырша жауып тұрған Новгород қаласының солтүстігіндегі қорғанысында, окопта ауыр жараланды. Жау шебі әлі де болса алдырмай тұрғандықтан, уақытша тыныс алу тәсілімен бұлардың ротасы бекініске көшкен. Осының алдында ғана ставкадан арнайы өкіл ретінде Г.К. Жуков келген Волхов майданына. Аға лейтенант Рахымбек Шәкин ротаның саяси жетекшісі болғандықтан, Жоғарғы Бас Қолбасшы Сталиннің бұйрықтарын жауынгерлерге түсіндіріп, окоптарды аралап келе жатқан. Алыстан азынай, ауаны қақырата тіліп, немістің «Андрюша» деп аталатын минасы дәл Рахымбектің қасына жарылды. Фашистер «Катюшаға» ұйқастырып, өз миналарын осылай атай бастаған. Мина жарқыншағы аға лейтенанттың кеудесіне тиді. Окоптан енді шыға берген офицер шалқалай құлады. Жер дүние төңкеріліп, қара қошқыл түтінге оранған аспанның асты тамұқ түнге айналып жүре берген. Қанша жатқаны белгісіз, әлден уақытта қасынан өтіп бара жатқан санитарлардың дауыстарын естіді. Қанға малынған шинелінің омырауын әзер ағытып, аға лейтенант санитарлар кеткен тұсқа қарай жер бауырлап жылжи жөнелді. Содан госпитальда есін жиды. Бұған дейінгі майдан жолдарында жеңіл жараланған кезі болмаса, тап қазіргідей қияпатқа тап болмаған.
Аға лейтенанттың жорық жолдары госпитальдан емделіп шыққаннан соң, армия генералы Мерецков қолбасшылық ететін Волхов майданының құрамында Новгород үшін шайқастарда жалғасты. Рота политругы Рахымбек Шәкин 1944 жылдың аяғына дейін Красное село, Стрельцы елді мекендерін жаудан азат етуге қатысты. 177-атқыштар дивизиясының құрамындағы рота румындар мен венгрлердің фашистерге қолдау көрсеткен дивизиясымен де ауыр айқастарға шықты.
– Аға лейтенант Рахымбек Шәкиннің ротасындағы жауынгерлер өздерінің саяси жетекшісінің бастауымен талай мәрте жаумен қолма-қол айқастарға да шықты. Бетпе-бет шайқастарда ол тағы да бірнеше рет жеңіл жараланды. 177-атқыштар дивизиясының 483-полкіне қарайтын ротаның Ленинград қоршауын бұзып шыққандағы ерлігінде де саяси жетекші Рахымбек Шәкиннің үлесі зор еді.
– Рахымбек інімнің бұл әңгімелерін мен 1950-1951 жылдары майданнан алған жарақаттары асқынып, төсек тартып жатқанда, қасында отырып талай естідім, – дейтін әкем Жұмажан маған.
Рахымбек көкеміз сол соғыстан алған ауыр жарақатынан 1952 жылдың мамырында көз жұмыпты. Мен көкемнің бет-бейнесін көргенім жоқ. Жалғыз ғана суреті сақталып қалыпты. Ротаның саяси жетекшісі, гвардия аға лейтенанты шайқастың саябыр тапқан бір сәтінде өзі азат еткен Любан қаласында түскен екен бұл суретке.
Ауылда МТС партия ұйымының хатшысы, аға агрономы қызметтерінде жүрген жылдарында төс қалтасына салып жүріпті осы суретті. Көкемнің туған ағасы Жұмажан 80-нен асқан шағында, бертінде қолымызда бақилық болды. Ол кісінің де омырауы ордендер мен медальдарға толы болатын.
Отан үшін от кешкен ағайынды екі жігіттің майданнан бір күнде келіп, Ақмоланың вокзалында табысуы да өз алдына жеке хикая.
– Бес жылға жуық көрмеген інім Рахымбекті пойыздан түсе салысымен Ақмоланың вокзалында кездестіргенімді айтсаңдаршы. Шинелінің иығы қушиған, тым жүдеу өңінен ауыр жарақаттың азабын тартып келе жатқанын аңғардым да, ауылға ертпей, Ақмоладағы немере апамның үйіне зорлағандай қылып тастап кеттім. Содан араға екі ай салғанда барып, пар атпен елге жеткіздім. Өңіне қан жүгіріп, тыңайып қалған екен.Амал не, араға бар болғаны 6 жыл салып, соғыс салған ауыр жарақаттан інім көз жұмды, – дейтін Жұмажан әкеміз мұңайып. – Енді қайтып соғыс деген зұлмат төнбесін, ел тыныш болсын. Сендер соғысты көрмей өсіңдер. Бейбіт күннің қадірін біліңдер, – деуші еді қариямыз бізге.
Смағұл РАХЫМБЕК,
журналист.
АСТАНА.