Сәрсенбі, 27 маусым 2012 6:52
Біржан Жақыповтың әкесі қоңырау шалды. Лондонға бармақ. Дұрысы, барғысы келеді. Бірақ, барғызбасы барғызбай тұр. Демеуші іздеп жүр екен. Көп жарыстарынан мүмкіндігінше қалмайды. Бейжің Олимпиадасына сыныптасы, сол кезде Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұловпен келді. Гуанчжоуға да барған. Азия халықтарының олимпиадасына. Біржан деген сырбаз жігіт қой. Сәл бұйығылау демесеңіз, зиялы, кейбіреулердей тасырлығы жоқ мәдениетті жігіт. Осынысы кейде өзіне таяқ болып тиіп жатады. Шаршы алаңға әкесінің құны кеткендей қайнап шығатын Куба қабыландарына сәл ерік берсең, басынып кетеді. Бас көз жоқ, сойдақтата ұрады.
Сәрсенбі, 27 маусым 2012 6:52
Біржан Жақыповтың әкесі қоңырау шалды. Лондонға бармақ. Дұрысы, барғысы келеді. Бірақ, барғызбасы барғызбай тұр. Демеуші іздеп жүр екен. Көп жарыстарынан мүмкіндігінше қалмайды. Бейжің Олимпиадасына сыныптасы, сол кезде Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұловпен келді. Гуанчжоуға да барған. Азия халықтарының олимпиадасына. Біржан деген сырбаз жігіт қой. Сәл бұйығылау демесеңіз, зиялы, кейбіреулердей тасырлығы жоқ мәдениетті жігіт. Осынысы кейде өзіне таяқ болып тиіп жатады. Шаршы алаңға әкесінің құны кеткендей қайнап шығатын Куба қабыландарына сәл ерік берсең, басынып кетеді. Бас көз жоқ, сойдақтата ұрады.
Осындайда тасқынға тосқын болардай әрекет керек. Біржанның зиялылығы, мәдениеттілігі, сәл бұйығылығының тасырлыққа қалқан бола алмайтын кезі осы. Төл бапкері, Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері, заманында «Мистер нокаут» атанған Мырзағали Айтжановтың да күйіп кететін жері осы. Әке-шешесі осындай адам болғаннан кейін сүйекте жоқ қасиет қайдан келсін.
Обалы кәне, Біржан Гуанчжоуда финалға дейінгі бар қарсыластарын түріп шықты. Кезеген қолдары қарсыласының төбесінде жасындай ойнаған. Қытай бокс тарихына ең алғашқы Олимпия ойындарының жеңімпазы атағын алтынмен жазған, әрі әлем чемпионы, 49 келі салмақта ешкімге бас жүлде бермей тұрған Зу Шимингтен ғана тізгін тартқан. Жеңіледі деп айта алмаймын. Жеңді деу де күмән. Терезесі тең шайқасты. Қайсысына берсе де, ешкім дұрыс болмады-ау демейтін де еді.
Жарыс біткен соң далаға шықтық. Бір топ қазақ қалың қытайдың ішінде такси тоқтатып тұр. Біржанның әкесі Жақып. Белгілі кәсіпкер, Созақта алаштың асыл ұлдарының бірі Асқар Сүлейменовке ескерткіш орнатқан Карл Исаұлы…
– Жігіттер, такси Шымкентке дейін бара ма? – деймін. Дауыстап. Жақып ағамыз затында ақкөңіл. «Ойбай, нағашеке, ойбай-ау. Кеттік, кеттік», деп қапалақтап жатыр. Бәрі мәз-мейрам. Әйтпесе, ұшқан құстың қанаты талып, әлденеше қонып зорға жететін сары құрлық қайда, Шымкент қайда?
Талантты ұлының садағасы болып жүрген Жақып ағаның жолы Лондонға түскей деп отырып, тағы бір әке еске түскен.
Ермахан Ыбырайымовтың әкесі Сағи ақсақал. Ол да Ермаханның соңынан қалмайтын. Өзі шопан. Қазақстан бокс құрамасы оқу-жаттығу өткізіп жатқан жерге саба-саба қымызын арқалап, бір қойын үйітіп, сәлем-сауқатқа екі құшағын толтырып бара беретін еді. Ол кезде Ермахан оқушы. Ресейдің Смоленск қаласында оқушылар арасында өтетін республикалық жарысқа аттанады. Әке елегізиді. Қабақта кірбің. Жұмыста маза жоқ. Екі-үш рет келген кеңшар директоры: «Әй, Сағи, сен балаңды ойлап елегізіп жүрсің-ау. Көмекші шопан берсем. Артынан барып қайт», дейді.
Сәкең екі қолтығына қанат байлап алып ұшады. Сұрай-сұрай, жүре-жүре пойыз бен автобусты ауыстырып мініп, бір шағын қалаға жетеді. Әрі қарай көлік жоқ. Түн іші. Таңға дейін күтуге тағаты және жетпейді. Такси ұстайды. Сұр «Волга» қайқаңдап қала сыртына суырылады. Бір уақытта біреу көлбең етіп жол ортасында пайда болып, қол көтереді. Таксист тоқтап, оны мінгізіп алады. Сағи ақсақал алдыңғы орындықта, жүргізушімен қатар отыр. Тосын жолаушы артта. Үшеуінде де үн жоқ.
Әрине, көрмеген, білмеген жерде адамда жаман ой иектейді. Сағи ақсақал ойлайды, «Ей, мынау екеуі сыбайлас болды. Екеуі бірігіп қазақтың артында сұраушысы жоқ жаман шалын тонамақ қой. Өлтіріп кететіндігі кәдік. Ал, мен не істеймін». Ойымен арпалысып келеді.
Сүйріктей «Волга» сызып қала сыртына шықты. Жолдың бір шеті ай сәулесімен сүттей жарқыраған көл. Екінші қапталы ит тұмсығы батпас қалың қамыс. Көлдің майда тасқындары жағаға шылп-шылп ұрады. Ну қамыстың басы шайқалып, сусылдап зәре-құтты қашырады. Үшеуі үнсіз. Әлгінде «арам өлмейін, өлсем де жастығымды ала кетейін» деп Сағи аға бәкісін қайқара ашып алған. Талай майлы сүйектің қуыс-қуысындағы етті қырнап, иесіне асатып жүрген бәкінің жүзі қылпып тұр. Оң қолында, отырғыштың астына таман жасырып отыр. Сағи аға айтады ғой. «Әй, Бақтияр, сол кезде арттағы отырған жолаушының қолы жоныма тисе, оқыс әрекет жасаса, таксистің тамағын орып түсер едім», деп.
Бір кезде «Волга» жүрісін баяулатып тоқтайды. Сәкең іште. Екеуі сыртқа шығып темекі тартады. Жағаны сүйген толқын мен нар қамыстың шуы әңгімені естіртпейді. Сәкеңнің көңілі алаң. «Осы жерде жайғамақ қой», деп шаппасын ыңғайлап отыр. Бір кезде таксист келеді.
– Әкей, салмағыңыз ауыр. Машинаның бір жағы тартып келеді. Артқа ауысып отырасыз ба? Артқы орындыққа отырғанда өн бойын буған қара тер бұрқ ете қалды. Көңілі жайланды. Әлгінде ғана таксистің тамағын орып түсуге сәл қалғанын ойлағанда өзі шошып кеткен. Таң ата оқушылардың ортасына атақаздай болып кіріп барғанда Ермахан құстай ұшты.
Сол Ермаханның соңынан Атланта Олимпиадасына барды. Сиднейге жетті. Қазақстанның экономикасы ауыр қиындықтардан шыға алмай, булығып жатқан шағы. Жоқшылық қос өкпеден тебініп тұр. Олимпиадашыларда да маза жоқ. Ермаханнан басқа алтын медаль аламыз дейтіндер және жоқ. Ермахан батыр ғой. Бір жыл бұрын айтып жіберді. Сиднейге алтын үшін барамын деп. Бұл 1999 жыл еді. Ермахан Сиднейге бармайтын болыпты. Айнып қалыпты. Лондонға кетпек. Кәсіпқой боксқа. Келіншегі жолға жүктерді жинап жатыр дейді. Мұның бәрін маған Сағи аға айтқан. Өңі өрт сөндіргендей. «Ермаханды батыр дедіңдер. Батырың Лондонға кетіп бара жатыр. Алып қалудың әрекетін жасаңдар, әйтпесе…
Сағи аға қорқыныштылау әңгіме айтты. Ол кезде «Жас алаштың» спорт жағын басқарамыз. Келесі нөмірге бердік. «SOS. Лондон Ермаханды сұрайды» деген мақала жаздық. Жұртқа қатты әсер еткен болу керек. Телефон шалғандар көбейді. Тоқетерін айтсақ, Ермахан Ыбырайымовтың Сиднейге қазақ байрағын көтеріп барып, желбіретіп қайтуында, алтыннан олжа салуында, ең алдымен, Алла нәсіп еткен болса, екіншіден, Сағи аға мен бүгінгі Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы, сол жылдары «Атамұра» корпорациясының президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның еңбегі өлшеусіз.
Мәселе былай болған. 1999 жылы Бейжіңде бокстан Әлем Кубогының жарысы өтеді. Жартылай финалда Ермахан мен Кубаның жамбозы Хуан Эрнандестің жолы түйіседі. Ермаханға қарағанда сидаң. Қолы ұзын, әрі тәсілқой Хуан жеңген. «Ішке бұзып өте алмадым. Эрнандес оқтаудай қолдарымен маңдайымнан ұрып, жақындатпады» дейді Ермахан. Көңілі жүдеп қайтқан. Сол кезде Лондонда кәсіпқой бокста промоутер болып жүрген азамат қоңырау шалады. Кездесейік дейді. «Сенің Хуаннан қалай жеңілгеніңді көрдім. Сиднейге алтын үшін барамын дегеніңді интернеттен оқыдым. Хуан жолыңды ертерек кессе, қола медальді да ала алмайсың. Демек, саған Қазақстан қаржы төлемейді. Келесі Олимпиадаға жасың барғызбайды. Ұтатының жоқ. Егер мақұл десең, кәсіпқой боксқа ауыс. Жылына кем дегенде 1 миллион доллар пайда табасың. Мен уәдемде тұрамын».
Мұндайда әйел шіркіндер жанып кетеді ғой. Ермаханның шешімін естіген Сағи әкенің түтеп жүргені осы. Ермаханмен сөйлестік. Құрамадан берілетін стипендия отбасының қажетіне кетеді. Ал диетолог қызметі секілді тағы басқа керектерге өз қалтаңнан қаржы төлеуің керек. Оның сыртында ем-домы бар. Оған да ақша қажет. Ермаханның Лондонға кетуге бел байлағанының бір себебінің сыры осы. Біз осы жәйттерді жаза келіп, батырыңды Лондон сұрап жатыр. Мемлекетшіл, елшіл қайсың барсың дегенбіз. Бар екен. Мұхтар Құл-Мұхаммед біз арқылы Ермаханды шақырды. «Ермахан, жасыратыны жоқ, қазір елдің жағдайы мәз емес. Рухын көтеретін, алдағы жақсы күндерге сендіретін үлкен ерлік керек. Ол сенің қолыңнан келеді. Сиднейде жеңімпаз болсаң, жас тәуелсіз Қазақстанның беделі көтеріледі, ел мерейін асқақтатасың. Қаржы жағын ойлама. Қанша керек, сонша беремін. Тек, уәдеңді бер, інім!» деген.
Ер Ермахан уәдесінде тұрды. Қалай дайындалғанын айтсақ, ұзап кетеміз. Ширек финалда Хуан Эрнандесті жапырып жіберіп, «Алтыннан басқаны алмаймын» деп келген сабазды тұңғыш рет еліне құралақан қайтарды. Ермаханды ең әуелі Олимп биігіне көтерген бапкерлердің еңбегі, өзінің теңіздей төгілген терінің өтеуі. Кейін ойлаймын. Сол жылы Сағи ақсақал дабыл көтермегенде, Мұхтар ағасы жағдайын жасап, уәдесін алмағанда, Ермахан кәсіпқой бокста жүрер ме еді деп.
…Бала Ермаханнан есейген ер Ермаханның бар жарысына барған Сағи әкенің мойнындағы «қамыт» Біржанның әкесі Жақыпқа кигізілгендей. Жақып аға ұлы шаршы алаңға шыққанда, үйде байыз тауып отыра алмас. Лондонда, ұлының ту сыртында тілеуін тілеп, отырғысы келеді. Мұндайда «үзеңгіге аяғыңды сал» дейтін азаматтар қайда екен. Біржанға да Ермахан ағасының жолын бергей. Қазақтың өз ұлының ғана емес, елінің намысын қоса ойлай жүретін Сағи аға, Жақып аға секілді азаматтары, мықты әкелер көп болғай.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.