• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Шілде, 2012

Ақтөбе мен Лондонның арасы

355 рет
көрсетілді

Ақтөбе мен Лондонның арасы

Сәрсенбі, 11 шілде 2012 7:31

Дүбір

Олимпиадаға 16 күн қалды

Ақтөбе өңірі әлемдік спорт додаларында олжа салып жүрген сайыпқыран спортшылардан кенде емес. Алайда, төрт жылда бір болатын Олимпия ойындарында облыс спортшыларының  есесі кетіп жүргені де рас.

 

Сәрсенбі, 11 шілде 2012 7:31

Дүбір

Олимпиадаға 16 күн қалды

Ақтөбе өңірі әлемдік спорт додаларында олжа салып жүрген сайыпқыран спортшылардан кенде емес. Алайда, төрт жылда бір болатын Олимпия ойындарында облыс спортшыларының  есесі кетіп жүргені де рас.

Сонау 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасында облыс намысын қор­ға­ған боксшы Ермахан Ыбырайымовтың алтын жүлде алып, ақтөбеліктерді ғана емес, барша қазақстандықтарды ақжа­рыл­қап қуанышқа бөлегені белгілі. Сол Олим­пиа­даға қатысқан дзюдошы жер­лес­теріміз Асхат Шахаров, Гүлнар Көшер­баева жүл­делі орындарға жете алмады. Одан кейінгі олимпиадаларда да  ақтө­белік спорт­шылардың жолы болмады. 2004 жыл­ғы Афина Олимпиадасына үкілі үміт­пен аттандырған боксшымыз Галиб Жафаров  әлемнің азулы былғары қолғап шеберлеріне жөндем қарсылық көрсете алмады.  2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасына тағы да боксшы Галиб Жа­фа­ровқа және дзюдошы Саламат Отарбаевқа сенім артылды. Не бабы келіспеді, не бағы жанбады – бұл жолы да үлкен жа­рысқа үкілеп қосқан боксшымыз да, дзюдошы Саламат Отарбаев та мықтылар қатарынан көріне алмады. Екеуі де әлем­дік жарыстарда жарқырай көрінгенімен, Олимпиадада әлсіздік танытты.

Ендігі мақсат қайткенде де үсті­міздегі жылы өтетін XXX  Жазғы Лондон Олимпиадасында ақтөбелік спортшыларды мейлінше көбірек қатыстыру болатын. Қазір белгілі болғанындай, бұл Олимпиадада  облыс намысын зілтемірші Фархад Харки мен суда жүзуден Александр Трабрин қорғайтын болды. Тағы бір қуа­ныш­ты жәйт – Олимпиаданың шаршы алаң­дарында өтетін боксшылардың бәсекесіне халықаралық дәрежедегі АИВА төрешісі Р.Рыспаевтың қазылық ететіні. Бұл жер­лесімізге көрсетілген үлкен сенім екені сөзсіз. Бұған дейін әртүрлі әлемдік және халықаралық бокс жарыстарында төре­шілік етіп, тәжірибе жинақтаған Р.Рыспаев бұл жолы да әділ қазылық етіп, абыройға бөленеді деген сенім мол.

Біз облыстық спорт және туризм бас­қармасының бастығы Асылбек Құлма­ғам­бе­товке жолығып, Олимпиадаға қаты­са­тын спортшылардың дайындығы жайлы сыр тартқанбыз. Ол Лондон Олимпиадасына дайындықтың жан-жақты ойластырылып ұйымдастырылғанын жеткізді. Спортшыларды дайындау былтыр пай­да­лануға берілген осы заманғы заман талабына сай жабдықталған Олимпиада ре­зервін даярлау орталығында өткізілгенін айтты. Олардың олимпиадаға дайындығы облыстың және Қазақстан Республи­ка­сы­ның бас жаттықтырушыларының басшы­лы­ғымен жүргізілген. Оқу-жаттығу жиындарына және спортшылардың респуб­ликалық және халықаралық жарыстарға қатысу шығындарына облыстық бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінген. Олимпия ойындарына қатысудан үміткер болған 15 спортшыға ай сайын қаржылай қолдау көрсетілген. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 456 200 теңге жұмсалған.

– Олимпия ойындарына дайындық – бұл үзіліссіз жүретін үдеріс. Олимпиадаға  қатысатын бір спортшыны даярлау үшін кемі он жыл уақыт керек. Үлкен спорттан Жафаров, Шахаров, Отарбаев қол үзген соң, жастарды шығаруға ден қойдық. Сондықтан біз  болашаққа бағытталған жоспарлы жұмыс жүргізудеміз. Болашақ олимпиадашыларды тәрбиелеу үшін бү­гін­гі күнмен жұмыс істеу нәтиже бермей­тіні белгілі. Сондықтан ертеңгі олимпиадашыларды даярлап шығару үшін спорт әлеміне енді-енді аяқ басқан балғын спорт­шылардың тәжірибе жинауына, шың­да­луы­на көңіл бөлудеміз. Ал ол үшін бұқа­ра­лық спортты дамыту басты назарда ұс­талуда. «Жүйріктен жүйрік озар жарыс­қан­да» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Осы бағытта облыста соңғы жылдары спорт алаңдары, стадиондар, манеждер, теннис корттары, бассейндер, басқа да спорт орындары көптеп салынып, спортпен айналысушылардың игілігіне қызмет етуде. Облыста біраз ілгерілеу бар.  Біздің өңірден де әлемдік және олим­пиадалық спорт ойындарына қаты­су­шылар қатары арта түсетініне сенім мол, – дейді Асылбек Құлмағамбетов.

Бұрын облыс  спорт түрлерінің даму көрсеткіштерінің рейтингі бойынша соң­ғы орындарда болса, қазір бел ортадан  бе­рік орын алып отыр. Сондай-ақ, Елба­сы­ның бұқаралық спортпен халықтың 30 пайызын қамту жөніндегі тапсыр­ма­сы­ның  орындалуы да көңіл тоғайтады. Қа­зір облыс халқының 22,9 пайызы спортпен айналысады. Облыста негізінен дзюдо, самбо, грек-рим күрестері, бокс, у-шу, каратэ жақсы дамып отыр.

Оның айтуынша, қазіргі олимпиадашылардан басқа грек-рим күресінен елі­міздің чемпионы Асхат Құдайбергенов, күрестің осы түрінен жасөспірімдер ара­сындағы еліміздің төрт дүркін жеңімпазы, Азия және әлем чемпионы Мейрамбек Айнағұлов, суда жүзуден Азия чемпионы Руслан Байманов, әйелдер күресінен 2011 жылғы Қазақстан кубогының жеңімпазы, ел чемпионы, 2012 жылғы Азия чем­пио­натының қола жүлдегері Айжан Ысма­ғұлова, грек-рим күресінен ел  чемпионы, түркі тілдес студенттердің арасындағы әлем бірін­ші­лігі­нің жеңімпазы Әсет Әді­лов, еркін күрестен Азия чемпионатының қола жүлдегері Ғани Ізмағамбетов, дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүл­де­гері Айгүл Байқұлова, бокстан Азия біріншілігінің қола жүлдегері Камран Шахвусарлы, дзюдодан Қазақстан чем­пио­натының күміс жүлдегері Қалжан Тайжанов, коньки спортынан ел чем­пио­натының күміс жүлдегері Евгения Савина болашағынан үміт күттіретін жастар. Үлкен спортта кеткен есені түгелдеуге ба­ғытталған жоспарлы жұмыстың нәти­же­сін­де алдағы олимпиадаларда өнер көрсе­тіп қалар деген спортшылардың бір шоғыры осылар.

Ал Лондон Олимпиадасына қатысуға жолдамаларды жеңіп алған ауыр атлет Фархад Харки мен суда жүзгіш Александар Трабринді  облыс әкімі Архимед М­ұхам­бетов жеке қабылдап, 500 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Олимпиадаға қатысушылардың еңбек ұжымдарында, жоғары және орта оқу орындарында кездесулері ұйымдасты­рылып, ақтөбеліктер оларды үкілі үмітпен шығарып салды. Олимпиадашылар қазір жаттықтырушыларымен бірге алдағы жан алып, жан берісетін спорт додасына алаңсыз дайындалуда.

– Алдағы Лондон Олимпиадасына облыстан аттанып бара жатқан зілтемірші Фархад Харки мен суда жүзуші Александр  Трабриннен үмітіміз мол. Олардың біздің облыстың намысын қорғағанына үш-төрт жылдың жүзі болды. Осындай әлемдік және Олимпия ойындарына қаты­сып жүрген спортшыларды тарту арқылы жастардың спортқа деген құлшынысын оятуды мақсат етіп отырмыз. Шын­ды­ғын­да да, осы спорт түрлерімен айналысушылар қатары көбейе түсуде. Ал жергілікті спортшылар оларға қарап бой түзейді, солардай болуға талпынады, – дейді Асылбек Құлмағамбетов.

Александр Трабрин Ресейдің Астрахань облысында туған. Ол 2010 жылы күзде Олимпиада резервін даярлау орта­лы­ғымен интернет арқылы байланысқа шығып, сол кезден бастап осында жатты­ғып жүрген көрінеді. Оның жаттық­ты­ру­шысы Азамат Сарбасовтың мәлімдеуін­ше, осы  уақыттан бері  50, 100 және 200 метрге жүзуден ел рекордын бірнеше рет жаңартыпты. Павлодарда өткен Қазақстан Президентінің Кубогы жолындағы жарыс­та 100 метр, ал Қазақстан құрамасы сапында 4х100 метр қашықтықта эстафе­та­лық шалқалап жүзуден лицензия құқын бекітті.  А.Трабрин 200 метр қашықтықта  олимпиадалық нормативті орындады.

– 100 метрлік қашықтықта Лондон Олимпиадасында жартылай финалға шығу үлкен жетістік болар еді. Бұл әлемдегі он алтыншы көрсеткіш болмақ. Әрине, А.Трабриннің жүрек түкпірінде бұдан да жақсы көрсеткішке жету жат­қа­ны анық. Алайда, бәсеке күшті, қарсы­лас­тар да қарап қалмайды. 100 және 200 метр қашықтыққа жүзуде 140-қа жуық спортшы бақ сынасады деп күтілуде. «Арық айтып, семіз шығып» жатсақ, елімізге абырой болатынын да түсінеміз. Спортшыны қолдап қана қоймай, онымен бірге жиындарда жүрген ақтөбе­лік­терге де жағдай жасап отырған облыстық спорт және туризм басқармасына риза­шы­­лы­ғы­мыз шексіз, – дейді Александр Трабрин­нің жаттық­тыру­шысы Азамат Сарбасов.

Ал Лондон Олимпиадасына қатысуға жолдаманы жеңіп алған екінші спортшы штангашы Фархад Харки – Қытайда туып-өскен, дүнген халқының өкілі. Қы­тай­лық спортшы «СНПС-Ақтөбемұ­най­газ» акцио­нерлік қоғамының арқасында Ақтөбеге келді. Компания Қытай ауыр атлетика мектебінің өкілін Олимпиада  қар­саңында облысқа алдырды. Қытай Халық Республикасында ауыр атлетика жақсы дамыған, әсіресе, олар жеңіл салмақта күшті.

– Легионерлердің екінші елдің намысын қорғауында тұрған ештеңе жоқ. Оның үстіне Фархад Харкидің ұлты – дүнген, діні – мұсылман. Ресейдің еркін күрес шеберлері әлемнің 25-тен астам елінен жиналған, Әзербайжан зілтемір­ші­лерді Болгариядан, мәнерлеп сырғанау­шы­ларды АҚШ-тан алдырып жүрген жоқ па. Ф.Харки әлі әлемдік ауыр атлетика аре­насында «жұмбақ» спортшы, мүм­кін­дігі мол. Оның шеберлігін ұлттық құрама­ның бас жаттықтырушысы Алексей Ни мен Түркиядан келген кеңесші Әнуар Түркелери шыңдауда. Харкидің жасы небәрі 21-де. Олимпиададан кейін Ақтө­беде қалады. Бұл өңірде ауыр атлети­ка­ның қарқынды дамуына қозғау салады деп ойлаймыз. Әлемдік деңгейдегі дзюдошы Асхат Шахаровтың табысынан кейін көптеген дзюдошылар өсіп шықты. Ал Ермахан Ыбырайымов пен Галиб Жафаровты үлгі тұтқан қаншама жас боксшылар бокс залдарына келді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз», деп ұлы Абай атамыз айтқандай, әлемге әйгілі спортшылардың үлгісі арттарынан жаңа толқын жастарды ілестіретіні сөзсіз. Қазірдің өзінде 18-19 жастағы бір топ спортшымыз Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өтетін келесі XXXI Олимпиадаға қатысуға бағыт ұстауда, – дейді облыстық спорт және туризм бас­қар­масының бастығы Асылбек Құл­ма­ғам­бетов.

Ақтөбеліктер қос саңлақ спортшының Лондон Олимпиадасында бабы келісіп, бағы жануына тілектес көңілде. Олардың Олимпиададан олжалы оралатындарына сенімді. Жерлестерінің сенімінен қанат­танған споршылардың биіктерден көрінуге мүмкіндіктері мол. Олай болса, әліптің артын бағып, Олимпиаданың жарыс жолдарына көз тігейік, ағайын.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы.