Екі күнге созылған өнер мерекесіне еліміздің 8 қаласындағы 10 жоғары оқу орнынан 12 студенттік театр қатысты. Фестиваль қорытындысында «Сәкен» пьесасын сахналаған Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ақ желкен» театры бас жүлдеге (200 мың теңге) лайық деп танылды. Бірінші орынды Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Жас түлек» (жетекшісі – Ғалия Темірбаева, «Жан дауа» спектаклі) театры иеленді. Екі 2-орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» (жетекшісі – Жансерік Садықов, «Бір түп алма ағашы» спектаклі), Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Жансарай» (жетекшісі – Майра Әлімбекова, И.Сапарбайдың «Ауылдан келген ару» спектаклі), үш 3-орынды Алматыдағы Тұран университетінің «TeArt Turan» (жетекшісі – Жәмила Қайыпберді, «Қай заман» қойылымы), Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «ТИГУ Жастар театры» (жетекшісі – Әбиірбек Тінәлі, «Темір қатын»), Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Қарагөз» (жетекшісі – Айман Ақтанова, «Кеудеңде соққан жүрегім») театрлары өзара бөлісті.
Жүлде алып, жүздері бал-бұл жанған өнерлі студенттерді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген құттықтады. «Жастар жылы аясында талантты жастарды қолдау, қанаттандыру әрі әр өңірдің студенттерінің достық қарым-қатынастарын нығайту мақсатында осы шараны ұйымдастырдық. Сіздердің тек білім-ғылыммен шектелмей, мәдениетті көтеруге үлес қосып жатқандарыңыз қуантады. ШҚМУ – Шығыстағы 65 жылдық тарихы бар іргелі университет. Біз өнерлі, талантты, талапты жастарды әр кез қолдауға дайынбыз», деді ол.
Студенттердің өнеріне баға берген қазылар алқасының төрағасы, Өскемендегі облыстық драма театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев фестивальдың жоғары деңгейде өткендігін айтады. «Театр студенттерінің таңдаған тақырыбы, актерлік шеберліктері, режиссерлік шешімдері жоғары деңгейде болғандықтан бас жүлдені бірауыздан «Сәкен» қойылымына бердік. «Қай заман» қойылымы креативті көрінгенімен, уақыты тым қысқа әрі аяқ жағы түсініксіз болды. Талдықорғандық студенттер қойған «Жан дауа» қойылымында бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – нашақорлық тақырыбы қаузалыпты. «Шатыр астындағы мен» қойылымы да қазіргі кезеңнің түйткілді мәселелерін көтерумен ерекшеленді. Өскемендік «Шабыт» театры да фестивальға айрықша дайындықпен келіпті. «Махаббат мұңы» қойылымының режиссерлік шешімі өзгеше болды. Сахнадағы қолшатырдың ойнап кетуі, орындықтардың бірнеше реңкке енуі, бөлмеге, кеңсеге, есіктің босағасына айналуы, адамның жан дүниесін шатырларды айналдыру арқылы беруі өте әсерлі шықты. Актерлік ансамбль бар. Бір сөзбен айтқанда, кәсіби театрлармен терезесі тең болмаса да олармен таласқа түсетіндей қарым-қабілетке ие, өзіндік бет-бейнесі бар өнер шаңырақтарының қалыптасып келе жатқанын көрдік», дейді С.Әкелеев. ӨСКЕМЕН