• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Сәуір, 2019

«Астана Операда» «Богема» операсының тұсауы кесілді

504 рет
көрсетілді

Дж.Пуччинидің шоқтығы биік шығармасы – «Богема» операсы «Астана Опера» сахнасында 19 және 20 сәуірде жұртшылық назарына ұсынылды деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, режиссер Андреа Бернардтың  мәңгілік махаббат хикаясына деген жаңа көзқарасы астаналық өнер сүйер қауымды таңғалдырып, көңілін баурап алды. Эйфель мұнарасы, от шашқан әткеншектер мен сахнаны айнала жүрген өмірдегідей өлшемдермен жасалған пойыз залда отырғандарды шаттыққа бөледі. Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. 

Үздік қазақстандық әртістер мен әлемге танымал әрі сұранысқа ие классикалық өнер мэтрлерінің жұмысы қойылымды табысты етті. 

Олардың бірі – маэстро Джузеппе Акуавива. Ол – Пуччини опералары бойынша әйгілі маман. «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің орындауына қарағанда, дирижер партитураның барлық нюансын музыканттардың көкейіне жеткізе білген. 

Әлемдік деңгейдегі майталман, «Достық» орденінің кавалері, заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио театрымызға тағы бір жауһарын тарту етті. Ауқымды көпдеңгейлі декорациялар арқылы көрермендер бірде құбырлар қоршаған иесіз қалған зауытқа, бірде сән-салтанатты Париж жәрмеңкесінің көңіл-күйіне бөлейтін жарқыраған алаңға, бірде қар жамылған теміржол бекетіне саяхат жасап, романтикаға бөледі. 

Әртістер осы көріністердің әрбіреуіне жағдайы бейшара болғанымен, рухани тұрғыдан бай богемалық жасампаздардың рухын сіңіре білді. 

Солистер лирикалық және драмалық эпизодтарда керемет дуэттер шығарды. Әр күндері: Мими – Мария Мудряк пен Майра Мұхамедқызы, Рудольф – Медет Чотабаев пен Жан Тапин Пуччиниге тән вокал стилін тамаша меңгергендігін паш етті. 

Салтанат Ахметованың, Альфия Каримованың (Мюзетта) және Сүндет Байғожиннің, Талғат Мұсабаевтың (Марсель) орындауындағы әрі күлдіргі, әрі драмалық сахналық көріністер көрерменнің көздердеріне жас келтірді. 

Коллен партиясын  орындаушы – Тайыр Тәжі, Болат Есімханов;  Шонар партиясындағы – Андрей Борисенко, Ержан Сайыпов өз үндерімен, бай тембрлік бояуларымен, сондай-ақ вокалдық техникаларымен тыңдармандарды баурап алды. Бейімбет Таңарықов пен Рамзат Балакишиев – Парпиньоль патиясын актерлік тұрғыда сәтті орындап шықты.  Самат Жарылқасынов пен  Бахтияр Омаров Кеден сержанты рөлінде өнер көрсетті.   

Мейрам көрінісіне кәсіби цирк әртістері қатысты. 

«Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино керемет костюмдер жасап шығарған. «Астана Опера» бас хормейстері Ержан Дәуітов жетекшілік еткен хор таңғаларлықтай мәнерлі естілді. Балалар хорының жетекшісі Алтынғаным Ахметова және  хормейстер Айгерім Макибаева жетекшілік еткен Балалар студиясы жас әртістерінің жұмысын жеке атап өткен жөн. 

Елорда көрермендері көрнекті итальяндық композитордың  мәңгі өшпес операсының жаңа қойылымын сүйсіне қабыл алды.