• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2019

Балаларға сыйлық тарту етіліп, тал егіліп, тұсау кесілді

1036 рет
көрсетілді

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында ректораттың бастамасымен, Академия ұжымының ұйымдастыруымен «Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз» атты ерекше мерекелік шара болып өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған еліміздің бір топ өнер майталмандары, жоғарғы оқу орындарының ректорлары мен өнер мекемелерінің басшылары бас қосқан шара шымылдығы Академияның «Театр өнері», «Эстрада өнері» «Ұлттық өнер» факультеттері және «Astana Musical» театры әртістерінің Наурыз мерекесіне арнайы дайындаған театрландырылған салт-дәстүр көрінісімен ашылды.

Наурызды жаңаша тойлау туралы тың бастама көтеріп жүрген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мерекеге жиналған қауымға: «Төл мерекеміз әз-Наурыздың бүгін тойланып жатуының өзіндік ерекшелігі бар. Сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтау үшін еліміздің алдыңғы буын өнер өкілдері, қазақ өнерінің мақтаныштары жиылып отыр. Әрине, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сияқты іргелі өнер ордасында ұлттық мерекеміздің дәл осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылуы заңдылық. Себебі өнердің бастау-бұлағы, қайнары – осында. Барлығыңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын» , деп жүрекжарды тілегін арнады.

Академия ректоры Асхат Маемиров биылғы наурызды тойлауда Арыстанбек Мұхамедиұлының республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Абай.кз» басылымдарында жарық көрген «Наурызға – жаңа көзқарас» мақаласында айтылған тың ойлардың негізге алынғанын, әсер-ықпалы болғанын жасырмады. Мақаладағы «Наурызға әбден жаттанды болған шапан мен камзолдың орнына, әркім өзінің үстіне қонымды, сән-салтанаты келіскен, мақтанышпен көрсететін заманауи үлгімен киініп, ысырапқа жол бермеуге барынша ден қойдық. Сондай-ақ бұл күнгі басты мақсатымыз – бүлдіршіндерді қуанту», деді ректор. Осыған орай ортаға Алматыдағы № 1 балалар үйінің балғындары шақырылып, Академия ұжымы атынан балаларға киім-кешек, тәттілер мен ойыншықтар тарту етілді.

Қазақстанның халық артисі, абыз актер Сәбит Оразбаев сыйлықтарға ие болған бүлдіршіндерді және Академияның студенттері мен қызметкерлерін мерекемен құттықтап, киелі шаңырақтан түлеп ұшатын жастарға ақ батасын берді.

Мерекеге Қазақстанның еңбек ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Сәбит Оразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Пернебек Момынов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы-драматург Дулат Исабеков, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев, Қазақстанның халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Лаки Кесоглу, белгілі режиссерлер Сатыбалды Нарымбетов, Бақыт Қайырбеков, Смағұл Елубай, сондай-ақ М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов, Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияның директоры Асқар Бөрібаев, Чайковский атындағы музыкалық колледждің директоры Біржан Хасанғалиев, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының директоры Ая Қалиева, «Астана опера» театрының бас директоры Ғалым Ахмедьяров және мүсінші Сергебаев сынды елге белгілі танымал тұлғалар қатысты.

Одан әрі Наурыз тойы тұсаукесер рәсімі, үйлену тойының рәсіміне ұласып, бөбектің тұсауын Арыстанбек Мұхамедиұлы кесіп, құтты мереке қарсаңында бас қосып, шаңырақ көтеруге ниеттенген жүргеновтік қос шәкіртке қазақ өнерінің корифейі Асанәлі Әшімов батасын берді.

Осылайша жүргеновтіктер Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа үлгісін ұсынып, мерекенің қазақы өнерін мейіліншетүрлендіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан мейірім мен адамгершілікті дәріптеген ізгілікті мереке дәрежесіне жеткізді.

Мереке соңы салт-дәстүрді насихаттайтын театрландырылған көріністер мен МузАРТ, Кешью тобы бастаған танымал шеберлердің өнеріне ұласып, ұлттық ойындармен айшықталды.