Халықаралық «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қайырымдылық қоры Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы «Бабалар рухына тағзым» кешеніне ұлтымыздың Ұлы билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерге биік тас тұғыр үстіндегі айбынды ескерткіштерін орнатты. Ескерткіш Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы комиссиясының шешіміне сәйкес, құзырлы органның бұйрығымен бекітілді.
Ескерткіштің ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс және Сенат депутаттары, Мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен облыс жұртшылығы қатысады. Республикаға еңбегі сіңген танымал әншілердің концерттік бағдарламасымен, ұлттық спорт ойындарымен жалғасып, Ұлы билерге арналған ас беріледі.
«Жастар саябағына» ескерткішті орнату идеясын ойластырып, тұғырына қондырған – ұлтжанды азамат, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев. Былтыр осы «Бабалар рухына тағзым» кешеніне Орбұлақ шайқасы жеңісінің 375 жылдық мерейтойына орай ұлы жеңістің қаһармандары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрге арнап, екеуінің ат үстіндегі айбынды ескерткіші орнатылған болатын.